Accessibility links

«Ақ Жол» партиясы салық-бюджет саясатына байланысты бағдарламасын таныстырды


Қазақстанның Демократиялық «Ақ Жол» партиясы Қазақстанның 2005-2008 жылдарғы салық бюджет саясатын қалай жүргізу керектігі жөніндегі өзінің Қазақстан үкіметі мен парламентіне ұсыныс етіп отырған бағдарламасын халық көпшілік назарына да ұсынды. Қазіргі үкіметтің жүргізіп отырған тек шикізат сатуға негізделген экономикалық саясатты қатаң сынға алған Ақ Жолдықтар мұнай мен табиғи газдан түскен салықтың 75 процентін әрбір қазақстандыққа беруді ұсынады.

Егерде бұл ұсыныс іске асар болса онда әрбір қазақстандық келесі жылдан бастап 17 мың теңгеден алар еді.

Ақ Жол демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сарсенбаев болса Қазақстан өз экономикасын бағасы үнемі аумалы-төкпелі болып тұратын мұнайға ғана тәуелді жағдайда болдырмау керек, елдің ішкі нарығын құра алатын экономиканы дамыту керек дейді. Оның айтуынша әрбір қазақстандық егерде келер жылдан бастап мұнайдан түскен үлесін яғни 17 мың теңгеден алар болса бұл осы адамдардың тіршілігі үшін тәп тәуір қолдау болмақ. Өндірілетін мұнайдың көлемі артқан сайын бұл тиесілі ақша көлемі де жоғарылай бермек. Ақ Жол партиясының тең төрағасы Болат Әбілов болса үкімет жыл сайын Астана қаласын салу ісіне беріп келген 50 млрд теңгені бөлуді енді тоқтатқаны дұрыс, бұл қаржыны экономиканың басқа салаларын дамытуға аудару керек дейді.

Ол сондай ақ Қазақстан үкіметі істері күманді, салық төлеуден қашқақтайтын Бермуд аралдары секілді офшорлық елдермен сауда жасасуды тоқтатып, әлемдік деңгейдегі ірі елдермен, үлкен компаниялармен ашық сауда жасауды бастау керек екендігін айтты. Ақ Жол партиясының басшылары қәзіргі Ұлттық қордағы мұнайдан түскен 4 млрд доллардан астам қаржыны қашан экономикалық дағдарыс болады екен деп ұстап отырудың жөні жоқ, қордағы ақшаның тең жарымын ел экономикасын өркендетуге, инфрақұрылымдарды дамытуға арнау керек дегенді айтады.

Ал Экономикалық зерттеулер институтының салалық экономика орталығының директоры Мақсұт Әбенов болса Ақ Жол партиясы ұсынып отырған бұл бағдарлама туралы:

Қазақстан үкіметі 2015 жылға дейін экономиканың басқа салаларын өркендету туралы инновациялық-индустриялық бағдарламаны қабылдап оны іске асыру ісімен айналысып жатыр, ал Ұлттық қордағы ақша тұра тұруы керек ол қашанда қажет болады, ал 17 мың теңгені әр адамға бөліп таратқаннан болып олардың тіршіліктері кенет көтеріліп кетпейді, ол босқа шашу болмақ дейді.
XS
SM
MD
LG