Accessibility links

Астанада жаңа мектеп ашылды


1-қыркүйек күні Қазақстан мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы жаңа оқу жылында 250 мыңға жуық бала 1 сыныпқа қабылданды. Сондай-ақ, биылғы жылы республика бойынша 74 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Астанада 3 жылдың ішінде 15 мектеп ашу көзделсе, жаңа оқу жылының алғашқы күні нөмірі 48-ші қазақ мектебінің тұсауы кесілді.

Мектептің тұсаукесер рәсіміне қатысқан Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеев қалада 3 жылдың ішінде 15 мектептің пайдалануға берілетінін айтты. «Осыдан 5 жыл бұрын Астанада 2-ақ қазақ мектебі болатын, бүгін 14-ке жетті», - деді.

Білім беру департаментінің мәліметінше, биылғы оқу жылында Астана мектептеріне 1-ші сыныпқа 4 мыңнан аса оқушы қабылданған, бұл сан әлі де толығатын болады. Ал 200-ден аса 1-ші сынып оқушылары 48-ші мектептің табалдырығын аттады. 1-ші сыныпқа қабылданған Айтуар Кеңес алдағы уақытта сабақты жақсы оқитынын, ата-анасының айтқанын бұлжытпай орындайтынын, білімді азамат болып өскісі келетінін айтты.

1 сыныпқа қабылданған оқушыларды құттықтауға әжелері Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы келген екен. Жанымша Жылқаманова Астанаға Ақтөбе облысынан келіпті. «Немереме, жиналған қауымға қуаныш, бақыт тілеймін. Ырым ретінде жаңа мектеп ашылады дегеннен кейін әдейі шашуымды алып келдім, құтты болсын», - деді. Ал Смағұлова Бақытжамал «Мен Шымкенттен келіп отырмын. Немерем Тоғжан Фазыл 1 сыныпқа келіп отыр. Немеремнің мемлекеттік тілді терең біліп, білімді азамат болып шыққанын қалаймын, сол себептен де білікті мұғалімдердің қолына тапсырып отырмын, барлықтарыңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтаймын», - дейді.

Мектеп директоры Сәуле Қожамұратованың айтуынша, мектепте 12 жылдық білім беру жүйесі енгізіліп, 3 тілде дәріс беру тәжірибеге енгізілгелі отыр. «Біз қазір математикаға деген қызығушылықты жоғарылатуымыз керек. Осы талапқа сай математикалық мектеп-лицей ретінде тереңдетілген математикалық бағдарламаны енгізіп жатырмыз. Сонымен қоса информатика, физика пәндерін де тереңдетіп оқытуды қолға аламыз. Биылғы жылдан бастап 1 сынып 12 жылдық бағдарламаға еніп отыр, 2-ші сыныптан бастап тереңдетілген ағылшын тілі оқытылады, ал 7-ші сыныптан бастап көп тілде оқыту бағдарламасы жүзеге асырылады. Биыл физика пәні ағылшын тілінде оқытылса, келесі жылдан бастап математика мен биология пәндері қосылады. Сондай-ақ, 3-ші сыныптан бастап дайындық ретінде /факультатив/ қытай тілі де бағдарламаға енгізілген. Жалпы, мектеп математика пәнін тереңдетіп оқытатын болғандықтан математика, физика, информатика пәндерінен білікті мамандарды жинақтап отырмыз», -дейді Сәуле Қожамұратова. Астанада мектеп проблемасы мұнымен шешіле қойған жоқ. Білім беру департаментінің директоры Әмірхан Мұратбекұлы 2-3 күннің ішінде тағы да бір жаңа мектептің пайдалануға берілетінін айтты.
XS
SM
MD
LG