Accessibility links

Алматы қаласы азаматтарының сайлауға белсенділігі төмендеп барады дейді кейбір сарапшылар

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

19 қыркүйекте өтетін ҚР парламенті мәжілісінің сайлауына азаматтардың белсенділігі қандай, олардың қанша проценті сайлау учаскелеріне келіп дауыстарын береді деген сауалға сараптамалық орталықтар жауап іздей бастады.

Соның бірі – “Ашық қоғам” тәуелсіз қоры өздерінің тамыздың 17-25 аралығында Алматы қаласында жүргізген зерттеулерінің нәтижесімен таныстырды. Аталған қор сарапшылары сайлау жақындаған сайын азаматтардың сайлауға деген белсенділігі төмендеп барады дейді.

Бұған дейін тапсырыспен түрлі сараптамалық қызметтер атқарып келген “Ашық қоғам” тәуелсіз қоры бұл жолғы сайлауға қатысты жұмыстарына тапсырыс берушілердің есімін құпия қалдырды. Одан бұрын сайлауға деген белсенділік деңгейі қызықтырақ дейді аталған қор сарапшысы Яков Стерлигов.

Жалпы “Ашық қоғам” тәуелсіз қорының зерттеуі бойынша, сұраққа жауап берген 1000 адамның 60 процентке жуығы сайлауға қатысуға ниет білдірген. Ал Алматы тұрғындарының 6,6 проценті тіпті сайлаудың өтетіндігінен хабарсыз болып шыққан. Сондай-ақ алматылықтардың 86,1 проценті өздерінің қай сайлау округінен дауыс беретіндігін білмейтін болып шыққан.

Ал аталған қор сауалнамаларының нәтижесі алдыңғы орыннан үміткер партиялардың аттарын да атаған. Олар – “Отан”,”Асар” және “Ақ жол” партиялары. Және жеке мандат бойынша түсіп жатқан алдыңғы екі партия мүшелері басым дауысқа ие болатындығы белгілі болған.

Осы мәселеге орай Алматы қаласының тұрғындарын да әңгімеге тартқанымызда, Дидар Нүрбеков сайлауға сенбейтіндігін сондықтан да бармайтындығын айтса, Нұрмат Асылбеков өзі дауыс беретін партияның бәрібір жеңіліс табатындығын жеткізді.

Ал өздерінің жүргізген зерттеу нәтижелері әлі түрліше өзгереді дейді аталған қор сарапшысы Яков Стерлигов.
XS
SM
MD
LG