Accessibility links

«Қазақстанда азаматтардан қинау, азаптау арқылы жауап алу әрекеттері толық жойылмай отыр» дейді адам құқын қорғайтын ұйым өкілдері

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстан республикасының парламенті 1998 жылы азаматтарды жазалау барысында қинау, азаптауға қарсы конвенцияны бекіткен болатын. Араға 3 жыл салып, 2001-ші жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қинауға қарсы күрес комитеті Қазақстан Үкіметінің осы бағытта жүзеге асырып жатқан жұмыстары туралы алғашқы баяндаманы тыңдап, нәтижесінде Қазақстандағы қинау, азаптау мәселелерін түбегейлі жою жолында оң жетістіктерге қол жеткізу үшін 16 ескертпе жасаған еді. «Өткен 3 жыл ішінде Қазақстан республикасы осы 16 ескертпенің 3-еуін ғана орындады» дейді Біріккен Ұлттар Ұйымының комитетіне Үкімет ұсынғалы жатқан кезекті баяндамаға балама құжат әзірлеп отырған Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро заңгері Мария Пульман.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған 16 ескерту арасынан Қазақстан Үкіметі жүзеге асырған 3-еуі: республика қылмыстық кодексіне Конвенцияның 1-ші бабына сәйкес қинау сөзінің нақты мағынасы берілген бап енгізілді, екіншіден: қылмыстық-процесуалды кодекстің 116-шы бабына қинау барысында алынған түсініктер негізінде азаматты жазалауға болмайды деген толықтыру енгізілді, үшіншіден: тергеу, тезету мекемелері толығымен Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігінен қарауына өткізілді. «Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған қалған 13 ескертуді орындамаған республикада қинау, азаптау мәселелерді толық шешілді деп айтуға еш негіз жоқ» дейді Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро заңгері Мария Пульман:

- Полиция қызметкерлері әлі күнге шейін азаматтардан жауап алу кезінде қинау, азаптау тәсілдерін қолданып келе жатыр.

Бүгінде Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымына елдегі қинау, азаптауға қарсы күрес мәселелері тұрғысында кезекті 2-ші баяндама әзірлеу үстінде. 2005-ші жылдың соңына таман Үкіметтік құжатпен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының қинауға қарсы күрес комитетіне балама баяндаманы халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы мен адам құқықтары мен қылмыстық реформаларды бақылау комитеті де ұсынбақ. «Халықаралық міндеттемелердің орындалмауына адам құқықтарының аяққа тапталмауын қадағалайтын құзырлы орган прокуратура қызметкерлерінің өз істеріне немкетті қарауы себеп болып отыр» дейді Қазақстандағы адам құқықтары мен қылмыстық реформаларды бақылау комитетінің төрайымы Светлана Ковлягина:

- Бүгінгі таңда прокуратура қызметкерлері тергеу жұмыстарын қадағалау ісіне тиісті жауапкершілікпен қарамай отыр. Осыдан келіп, қинау, азаптау әрекеттері де азаяр емес.

Алматы қалалық прокурорының орынбасары Нұрмахан Исаев Светлана Ковлягина айтқан пікірмен келіспейтінін жеткізді:

- Ол дұрыс емес. Бізде қазір бұрынғыдай құзырет жоқ. Мысалы біз бір заң бұзушылықты анықтап, болмаса біреу арыз жазатын болса, тергеу іс-амалдарын жүргізе алмаймыз. Қазіргі қылмыстық істер жүргізу кодексі оған шектеу қойған. Яғни, қандай заң бұзушылық болсын, біз ол туралы құжаттардың барлығын тек ішкі істер органының тергеу саласындағы қызметкерлерге өткізіп береміз. Адам құқығын қорғайтын ұйымдар «неге сендер істі сотқа дейін жеткізбейсіңдер?» деп кінәлайды. Енді, біз тергеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз ғой. Біз тек нұсқау берумен ғана айналысамыз.

Біз тергеу барысындағы қинау, азаптау әрекеттері тыйылмай отыр деген адам құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар келтірген деректерге орай Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасына хабарласқан едік. «Бүгінгі таңда Қазақстанда қинау, азаптау әрекеттері мүлдем жоқ, оны айтып жүргендердің сөздері шындыққа жанаспайды» дейді Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы тергеу басқармасының бастығы Берік Қожамбердиев:

- Бізде қинау дегеніңіз жоқ қазір. Енді адамдар арыз жаза береді. Бір ғана оқиға болды. Медеу ауданында бір ішкі істер қызметкерінің қинау, азаптау арқылы тергеу жұмыстарын жүргізгендігі анықталып, ол азаматтың үстінен жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Ал, жалпы полиция қызметкерлері қинау, азаптау тәсілдерін қолданады деген шындыққа жанаспайтын әңгіме.

Біз «қинау, азаптау арқылы жауап алу әрекеттері Қазақстанда бар ма, болса оны болдырмау үшін не істеу қажет» деген сауалдарға қатысты пікір білу мақсатымен Алматы жұртшылығына да микрафон ұсынған болатынбыз.

- Мен өз басым газеттерден де оқимын, теледидардан да көріп жүрмын. Ондай әрекеттер әлі күнге шейін болады екен. Енді, оны болдырмау үшін меніңше, ең алдымен Үкіметті өзгерту керек.

- Жоғары лауазым иелері бір мәселені шешер кезде, осылай біреулерді құрбандыққа шалып жібереді. Соның кесірінен көптеген адам қазір жазықсыз жазасын өтеп жүр. Меніңше, сол Үкімет басына жақсы адамдарды отырғызу керек. Сонда ғана осы мәселе оңтайлы шешілетін болады.

- Ондай әрекеттер болып жатыр. Болдырмау үшін жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Сосын біраз уақыт керек сияқты.

«Біз таяу күндері Біріккен Ұлттар Ұйымының қинауға қарсы күрес комитетінің назарына ұсынылатын балама баяндаманың нұсқасын жария ететін боламыз. Онда да Қазақстан азаматтарының қүұқықтары аяқ асты етіліп жатқандығы туралы мәліметтер жетерлік» дейді Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросының заңгері Мария Пульман.
XS
SM
MD
LG