Accessibility links

Астанада жер бағасы шарықтап кеттi

  • Ескендір ЕРТАЙ

Астанада «Бас жоба» бойынша мемлекеттiк ғимараттар салу мақсатында жекеменшiк үйлер ысырыла бастады. Бiрақ оған төленетiн өтемақы үй иелерiнiң көңiлiнен шықпай отыр. Ал Астанада қарапайым адамдарға жер алу да мұң болуда. Оның үстiне қала әкiмi Өмiрзақ Шөкеевтiң өкiмiмен 21600 адам жеке тұрғын үй салу мақсатындағы жер алу тiзiмiнен алынып тасталды. Мұны Қазақстанның жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Бақыт Оспанов заңсыз әрекет деп есептейдi. Екi рет өткiзiлген жер аукционында он сотық жердiң құны екi миллион 560 мың теңгеден екi миллион 796 мың теңгеге дейiн шарықтап кеттi.

Астанадағы Жеңiс даңғылы 105-107- 109 -шi үйлердiң тұрғындары осы аумақтан жаңа құрылысты бастағалы отырған “Құлагер” және Азия-стар” компанияларына орынды босатпай отыр. 107-шi үйдiң тұрғыны Шындин Юрийдiң айтуынша, құрылыс компаниялары мамырдың 6-сында ешқандай ақша төлемей, арнайы шешiмсiз, тұрғындардың рұқсатынсыз қоршау жасап кеткен. Оның көршiлерi Серiк Салихов пен Гүлмира Толстогубова да ашулы. Өйткенi, оларды компания бергелi отырған өтемақы қанағаттандырмай отыр.

“Бұл жерде екi нарықтық баға бар.Соның бiрi мемлекеттiк қажеттiлiкке сатып алу. Ол өзара келiсiм негiзiнде жүзеге асырылады”,- дейдi Қазақстанның жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Бақыт Оспанов.

Ал, қала әкiмiнiң орынбасары, мемлекеттiк қажеттiлiктерге жер алу комиссиясының төрағасы Асылжан Мамытбеков:”Тұрғындар компания белгiлеген бағаға келiспесе, олардың сотқа шағымдануына құқысы бар”,- дейдi.

Шындин Юрийдiң айтуынша, осы аумақтағы 45 сотық жердi аталмыш компаниялар 900 мың теңгеге бағалап отыр. Ал, тәуелсiз сарапшылар болса ол жердiң ең төменгi құнының өзi үш миллион 10 мың теңге деп отыр.

Жақында қала әкiмi Өмiрзақ Шөкеевтiң өкiмiмен 21600 адам жеке үй салу тiзiмiнен сызылып тасталды. Қазiр олардың барлығы бiрiгiп сотқа шағымданбақ. Қала тұрғыны Сайрагүл Әлiшерова жетi жылда үш рет жер алуға арызданса да жер телiмiн ала алмаған көрiнедi. Тұрсынбек Әбдиев жер осылай аукцион арқылы сатылып, бағасы шарықтай берсе онда қарапайым қалалықтардың үй салып алуы мүмкiн болмай қалатындығын айтады. Қала әкiмдiгiнiң осынша адамды тiзiмнен шығарып тастауын Қазақстанның жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Бақыт Оспанов заңсыз деп есептейдi.

“Өйткенi, “Жер Кодексiнде” Қазақстандықтарға оның iшiнде қалалықтарға жеке үй салу мақсатында он сотық жер, ауылдық жерде 15 сотық жер телiмi тегiн берiлуi тиiс,-“дейдi Сайрагүл Әлiшерованың айтуынша, жеке тұрғын үй салу үшiн жер алу кезегiнен заңсыз шығарылып тасталған 21600 адам Астанадан Парламентке депутаттыққа сайланған Татьяна Мужчиль мен Аманжол Бөлекпаевқа шағым хат әзiрлеп жатқан көрiнедi.

Айта кету керек қала әкiмдiгi өткiзген соңғы аукционда он сотық жер телiмi екi миллион 796 мың теңгеге бағаланды.
XS
SM
MD
LG