Accessibility links

Кеңқияқ ауылының азаматтары: «экологиялық проблема оңтайлы шешілмесе, шеруге шығамыз» деп отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Біз бұған дейінгі хабарларымызда Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Кеңқияқ елді-мекенінің экологиялық ахуалы туралы айтқан болатынбыз. Жұма, қыркүйектің 3-і күні «Азаттық» радиосының Алматыдағы бюросына телефон соққан Кеңқияқ ауылының тұрғыны Ажар Мұратова: «жаңа жылдан бері өңірдегі мұнай саласында еңбек етіп жатқан Қытай компаниялары жіберген газдан уланып, ол аздай таза ауыз суға да жарымай отырмыз. Ауылдағы экологиялық проблема шешілер емес» дегенді жеткізді. Осы мәселеге қатысты Ақтөбе облысы әкімінің көмекшісі Бекбол Абдуллин: «облыс басшылығы жуырда жаңадан ауысып келді. Ауыл азаматтарынан ашық-хат та алдық. Таяу күндері оң шешім қабылдайтын боламыз» деп отыр.

Үш баланың анасы Ажар Мұратова Кеңқияқтағы экология мәселесін билік өкілдері назарына бұған дейін де талай мәрте көтергендерін, ол талаптарына қатысты шененіктер тарапынан ешқандай шара қолға алынбағандығына наразылығын білдірді. «Ауылда жаңа жылдан бері болған өзгеріс тек әкім ауысты, одан халыққа келіп-кеткен еш өзгеріс болған жоқ» дейді Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылының тұрғыны Ажар Мұратова:

- Кеңқияқта ешқандай өзгеріс болып жатқан жоқ. Баяғыдан да жаман болып кеттік. Әкіміміз жұмыс жасамайды. Бір Абай деген жап-жас баланы әкеліп әкім қылып қойды. Білмеймін өзі 20-да ма, жоқ әлде 21-де ме?.. Анығында бізді ол жас бала түгілі, оның алдындағылары да келістірген жоқ. Мына әкім қазір алдына барсаң, есіктен қуып шығатын мінез көрсетіп жүр. Сонда біз қайда барамыз. Су жоқ, ауа-райы дегеніңіз мынау масқара. Үй ыстық, маса көп, есікті ашсақ дала деген газ. Ұрттам су жоқ. Жаз бойы балаларымыздың күні осы су тасумен өтті.

Осы мәселеге қатысты Ақтөбе облысының әкімшілігіне хабарласқанымызда облыс әкімінің көмекшісі Бекбол Абдуллин әкімшілікте жақында ғана басшылық ауысқанын, оның үстіне облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың кеше ғана Астанадағы маңызды жиыннан оралғанын алға тартып, дәл қазір бұл сауалдарға орай мардымды жауап бере алмайтынын жеткізді:

- Ол кісілердің мұнда келгеніне жақында ғана 1 ай болды ғой. Жалпы Кеңқияқтан ашық-хат алдық. Оны мен өзім оқып шықтым. Әкіміміз Астанадағы жиналыстан кеше кешкісін ғана оралды. Сондықтан осы сұрақ бойынша әкімнің құзырына бүгін ғана кірдік. Ол кісі енді орынбасарларына, орынбасарлары тиісті азаматтарға тапсырма береді. Өте ұзақ процесс қой мұндай мәселені шешу деген. Сондықтан да мен дәл қазір нақты қандай шаралар қолданылатынын айта алмаймын. Ал бірақ дәл осы мәселеге қатысты оңтайлы шешім шығарылатынына сенімім мол.

Естеріңізге сала кетсек, Кеңқияқ ауылының тұрғындары үстіміздегі жылдың наурыз айында жаппай ішек ауруына шалдыққан болатын. Ол кезде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станса мамандары аурудың етек жаюына ауылдағы су құбырының бұзылып, халықтың таза ауыз суын канализациялық құбырмен келетін лас сумен араластырып ішкені себеп деген тұжырым жасаған еді. Облыс әкімінің көмекшісі Бекбол Абдуллиннің мәселе оңтайлы шешіледі деген сөзіне сенімсіздік танытқан Ажар Мұратованың айтуынша, Кеңқияқтағы экологиялық ахуалдың нашарлауына ауыз су емес, басқа мәселелер де әсер етіп отырған көрінеді:

- Жалпы бұған дейін де бұл Кеңқияқтағы экология мәселесі мәз емес болатын. Ал қаңтар айынан бастап, мына Қытайлар ауа-райын одан сайын құртты. Қазір бізде миркофтан деген газ шығып жатыр. Біз мұнай саласында жүрген кісілерден ол газдың нендей газ екенін сұрағанбыз. Ол кісілер: «бұл адамдарды асықпай өлтіретін у» дегенді айтты. Масқара емес пе бұл дегеніңіз?..

Осылайша, Ажар Мұратова: «билік өкілдері Кеңқияқ тұрғындары белгісіз індетпен жаппай аурухана төсегіне таңылған сәтте оған алдыңғы орынға ауыз су мәселесін шығарып себеп іздегені қисынға келмейді» деп отыр. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың көмекшісі Бекбол Абдуллин де газ туралы әңгімеден хабардар болып шықты:

- Халық газбен уланып жатыр деген әңгімені естігенбіз. Енді оны қалай, не деп жасырамыз. Біз де сол халықтың арасынан шықтық емес пе.

«Билік өкілдеріне бұған дейін де сан рет шағымданып барып, таулары шағылған ауыл азаматтары таяу күндері оң өзгерістер болмаса, шеруге шыққалы отыр» дейді Кеңқияқ тұрғыны Ажар Мұратова:

- Өзгеріс болмаса, онда шеруге шығамыз. Басқа не істейміз. Түптеп келгенде бұл балаларымыздың болашағы ғой. Ал балаларымыз ауру, науқас болса, біздің Қазақстанымыздың болашағы не болмақ?..

Осы хабар әуеге жіберілуге дайындалып жатқанда Ақтөбе облысы әкімінің көмекшісі Бекбол Абдуллин әкім Елеусін Сағындықтовтың Кеңқияқ ауылының мәселесімен айналысуды орынбасары Бауыржан Әлмұрзаевқа жүктегенін, бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлінгенін хабарлады.
XS
SM
MD
LG