Accessibility links

«Ақжол» партиясының тең төрағалары әртүрлі оқиғаларға байланысты кезектесіп сыйақы тағайындауда


Тамыз айының соңғы аптасында «Ақжол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев: «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева ұзақ уақыттан бері Қазақстан қалаларына арнайы ұшақпен ұшып жүр. Бұлай емес, ол кісі жолаушылар ұшағының қызметін пайдаланады» деп Дариға Назарбаевамен бірге ұшқан билетін әкеліп көрсеткен кісіге 1 мың доллар беремін» деген мәлімдеме жасаған болатын. Осы мазмұндас мәлімдемені «Ақжол» партиясының келесі бір тең төрағасы Әлихан Бәйменов те жасады. Әлихан Бәйменов: «Парламент депутаты Амангелді Айталы бастаған кейбір депутаттар заң жобаларды көршілес Қырғыз республикасынан ұрлап алады. Бұған келіспей, Амангелді Айталы ұсынған заң жобалары мен Қырғызстан заңдарының арасынан 5 айырмашылық тауып берген адамға 50 мың теңге беремін» деген мәлімдеме жасады. Осы мәселелерге орай Болат Әбілевке бір бойжеткен «Дариға Назарбаевамен бірге ұштым» деп ұшақ билетін алып келіпті. Ал, Амангелді Айталы болса, бұл әрекетті сайлау алдындағы кезекті ұпай жинау науқанына балап отыр.

«Ақжол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов «50 мың теңге сыйыақы тағайындауымның сыры - өз пікірімнің 100 пайыз дұрыстығына сенгендігімнен. Өйткені, Амангелді Айталы бастаған депутаттардың ұсынған заң жобалары мен Қырғыз республикасының заңдарынан қанша шұқшиып іздесең де 5 айырмашылықты таба алмайсың» деп отыр:

- Менің ол 50 мың теңге деп тағайындаған сыйақым былайша алып қарағанда үлкен сома емес. Менікі сол ана кісілердің заң жобаларын айнытпай көшіріп алатынына жұрттың көзі жетсін деген ой еді. Ол дегеніңіз масқара ғой. Депутаттарымыз Қырғызстанның заңын алады да бір әрпін өзгертпестен өз аттарынан ұсына салады. Ал біздің жұрт заң мәтінін оқымайды емес пе. Соған жұрт оқып, көз жеткізсін деген ой еді менікі.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы «Ақжол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтқан ұстанымына орай мынандай пікір білдірді:

- Енді не дейін. Құдай ауыз береді. Сосын жұрттың сайлау алдында өстіп ұпай жинағысы келеді.

Әлихан Бәйменов мәжіліс депутаты Амангелді Айталының іс-қимылына сенімсіздік танытып жатқан тұста, «Ақжол» партиясының келесі бір тең төрағасы Болат Әбілев «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның Қазақстанның әр түкпіріне жасаған сапарларының сырына үңіліпті. Нақтырақ айтсақ, Болат Әбілев: «Асар төрайымы соңғы жылдары жолаушылар ұшағын мүлдем пайдаланбайтын болды. Дариға Назарбаеваның әр облысқа барған сапарына арнайы ұшақ жегіледі. Бұл сөзімді теріс деп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызымен бір ұшақта ұшқанын дәледейтін билетін әкеліп көрсеткен жолаушыға 1 мың доллар сыйақы беремін» деген мәлімдеме жасады. «Ақжол» жетекшісі тағайындаған жүлдеге қол жеткізуге Қазақстандағы «Жастар таңдауы» бірлестігінің тең төрайымы Алина Хаматдинова ниет білдіріпті. Алина Хаматдинованың айтуынша, 26-шы тамыз күні бұл Астанаға ұшқан ұшақ ішінде Дариға Назарбаева да болыпты. «Бүгінде байқау шартына сәйкес билетімді Болат Әбілев мырзаға өткізіп қойдым» дейді Алина Хаматдинова:

- Болат Әбілев мырза белгілеген байқау шартына сай, мен билетімді әкеліп өткізіп қойдым. Ол кісілер көшірмесін түсіріп алып, анықтаймыз деді. Жақын күндері сыйақымды береміз деген болатын.

«Жастар таңдауы» бірлестігінің тең төрайымы Алина Хаматдинова тағайындалған жүлдеге әлі қол жеткізбегенін айтты. «Ақжол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев ол билеттің шынайылығына көз жеткізу мақсатымен біраз құжаттарды «Эйр-Астана» әуе компаниясына жіберіпті. Қазақстан коммунистерінің серкесі Серікболсын Әбділдин «Ақжол» партиясы тең төрағаларының сыйақы тағайындау үрдісіне сыни көзқарас танытудан алулақ екенін алға тартып, Дариға Назарбаеваның жеке ұшақпен ұшып жүргеніне еш таңдануға болмайтынын жеткізді:

- Жалпы, ақшасы көп адамдардың оны қалай шашуы өздерінің еркіндегі шаруа. Қазір президенттің өзі де, отбасы да жеке ұшақпен ұшып жүргенін көп халық біледі. Тіпті шет елдерге де арнайы ұшақпен барып жүр. Сондықтан оны айтып, дау шығару жөнсіздеу сияқты.

Ал «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова: «Қазақстандағы көптеген заң жобаларының шет елдерден көшіріліп алынатыны көпшілікке ертеректен белгілі жайт болатын. Бірақ, соны ашып айтуға ешкімнің жүрегі дауаламай келген еді. Бұл ретте «Ақжол» серкелері қалыптасқан режимге қарсы үлкен күресті бастап кетті» деген ойын жеткізді:

- Менің білуімше, бізде көптеген заң жобалары мына көршілес Ресей, болмаса басқа да мемлекетерден алынып, оған сәл-пәл өзгеріс енгізіп оны Қазақстан республикасына ұсынып жатады. Сондықтан бұл да күрестің бір түрі. Болат Әбілевтің де, Әлихан Бәйменовтің де осы болып жатқан заңсыздықтарға төтеп беру мақсатында ұйымдастырылып жатқан әрекеті деп ойлаймын мұны.

Маржан Аспандиярова: «Ақжол» тең төрағаларының жоғарыда жасаған мәлімдемелерінің астарында сайлау алдында бірлескен «АИСТ» блогы мен Қазақстан президентінің үлкен қызы жетекшілік ететін «Асар» партияларына бағытталған шабуыл жатыр» деп отыр. Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының ішінде Болат Әбілев пен депутат Мұхтар Тінекеев арасындағы екі бірдей сот ісі соңғысының пайдасына шешілген болатын. Бұл ретте «Ақжол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов сын айтқан мәжіліс депутаты Аменгелді Айталы да, Болат Әбілевті сотқа беруші Мұхтар Тінекеев те бірлескен «АИСТ» блогының мүшелері екенін айта кеткен жөн. «Ал Болат Әбілев жариялаған байқауға «мен Дариға Назарбаевамен бірге ұштым» деп билет өткізіп жүрген Алина Хаматдинова басқаратын «Жастар таңдауы» бірлестігінің өздерін «Асар» партиясының басты серіктесі деп есептейтінін де назардан тыс қалдырмаған жөн» дейді Маржан Аспандиярова.
XS
SM
MD
LG