Accessibility links

Солтүстiк Осетияда болған қанқұйлы оқиғаға байланысты Астанада қаралы митинг өткiзiлдi

  • Ескендір ЕРТАЙ

Солтүстiк Осетияда болған қанқұйлы оқиғаға байланысты қыркүйектiң 6-сы мен 7-сi Ресейде қаралы күн болып жарияланды. Осыған байланысты Астанада, Ресейдiң Қазақстандағы елшiлiгi алдында қаралы митинг өткiзiлдi. Оған 500-ге жуық тұрғындар мен мектеп оқушылары қатысып, терроризмдi айыптады. Ал Ресей Бас прокурорының орынбасары Сергей Фридинский Солтүстiк Осетияның Беслан қаласындағы мектепке шабуыл жасағандардың арасында қазақтар да бар деп мәлiмдеп отыр. Қазақстанның Ресейдегi елшiлiгiнiң баспасөз хатшысы Ғани Шәдiровтың айтуынша, бұл фактi тиянақты тексерiлiп жатыр.

Ресей елшiлiгi алдындағы қаралы митингтi қала әкiмiнiң 1-шi орынбасары Сансызбай Есiлов жүргiзiп, алдымен қалалық соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы Михайл Бутенкоға, онан кейiн ақсақалдарға сөз бердi.

Қаралы жиынға қатысушы зиялы қауым өкiлдерi мен ұстаздар терроризмдi айыптады. “Мен 40-жылдан берi мұғалiммiн. 1-шi қыркүйектi ойранға айналдыруға қалай дәттерi барды екен”,-дейдi Еркiн Дәуешұлы.

Қалалық ақпарат департентiнiң директоры Николай Мальцев пен Ресей елшiлiгiнiң жауапты қызметкерi Владимир Швыдко қазақстандықтардың көршiлес елдiң қайғысына ортақтасып көңiл бiлдiруiне алғыстарын айтты.

Қаралы митингке қатысушылар Ресей Бас прокурорының орынбасары Сергей Фридинскийдiң Солтүстiк Осетияның Беслан қаласындағы мектепке шабуыл жасағандардың арасында қазақтар бер деген мәлiмдемесiнен хабардар болып шықты. 10-шы мектептiң тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары Жұмағали Ұзақов лаңкестер қатарында қазақтардың болуына қамықса, орталық мешiттiң имамы Қалижан Байырбекұлы бұған күмән келтiрiп отыр. Имамның айтуынша, шын мұсылман ешқашан мұндай сойқандық әрекетке баруы тиiс емес. Олар жай адамды да ғайбаттамайды.

Қаралы митинг өткен соң Қазақстанның Ресейдегi елшiлiгiмен хабарласып, Солтүстiк Осетияның Беслан қаласындағы террорлық акцияға қазақстандықтардың қатысы бар жоғын сұрадық. Елшiлiктiң баспасөз хатшысы Ғани Шәдiровтың айтуынша бұл фактi тиянақты тексерiлiп жатыр.

Сондай-ақ, бүгiн қарағандылық мектеп оқушылары да сабақтарын 2002 жылы Дубровкада болған лаңкестiк салдарынан опат болған 38-шi мектептiң оқушысы Саша Летягоны, Бесландағы шабуыл құрбаны болған тұрғыластарын бiр минөт үнсiз еске алудан бастады.
XS
SM
MD
LG