Accessibility links

Қоғамдық саясатты зерттеу орталығы Қазақстан мұнай мәселесіндегі ашықтық жөніндегі әлем алдындағы міндеттемесін орындамай отыр дейді


Алматыда Қоғамдық саясатты зерттеу орталығы өздерінің “Қазақстанның шикізат секторынан түсетін табысты әділ бөлу мен оны жалпы халықтық тұрғыда пайдалану” атты жобасы шеңберінде саяси күштерді сайлау алдында әсіресе мұнайдан түсетін табыстардың ашықтығы үшін тізе біріктіруге шақырды. Мұның себебін ұзақ уақыт осы салада зерттеу жүргізген олар, аталған жайтта Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер тәжірибесімен салыстырғанда айтарлықтай мәселелер бар деген уәжбен түсіндіреді.

Өздерінің өткізіп отырған шараларының маңыздылығын Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмутова:” Қазақстан мұнай мәселесіндегі ашықтық жөніндегі әлемнің дамыған елдері кіретін қауымдастық алдындағы міндеттемесін орындамай отыр”- деп атап көрсетті. Оның айтуынша, нақты іс-әрекетке бармаудың салдарынан Қазақстан тек құрғақ уәде берумен шектеліп келеді. Бұл ретте ТМД-ның көптеген елдері аталған мәселеде қара үзіп, алға шығып кетті дейді ол.

Мәселенің дәл осылай екеніне шүбә келтірмейтін “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов өздерінің барлық мұнай келісім-шарттарын жасауда үкіметтің ендігі жағдайда ашық қимылдауын қажеттігін талап ететіндіктерін сайлау алдындағы бағдарламаларына енгізгендерін айтады. Сондай-ақ О.Жандосов барлық мұнай келісім-шарттары үкіметтің сайтында немесе газеттерде жариялануға тиіс дейді.

Сондай-ақ Патриоттар партиясының өкілі Е.Шынтегі өздерінің мұнай мәселесінің ашықтығы үшін күресіп жүргендіктерін білдірді.

Ал Әбділдин және Жақиянов оппозициялық блогының тең төрағасы С.Әбділдин сайлау алдындағы бағдарламаларында негізінен мұнайдан түсетін табысқа қол жеткізбей халық әл-аухаты өспейтіндігін көрсеткендерін айтады.

Сөйтіп, елдегі кейбір саяси күштер мұнайдан түсетін табыстардың ашықтығы үшін өзара тізе біріктіру қажет деп отыр.
XS
SM
MD
LG