Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09 -7 - 2004


Егер «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева «Жас алаш» газетінің басты кейіпкеріне айналса, «Ақ жол» партиясының теңтөрағалары кезекті мәрте «Экспресс К» газетінде Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісінің сынына ілігеді.

«Әкесі «асықпау керек» деген мәселеге қызы неге асығады?» деген «Жас алаш» газетіндегі мақалада «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның «Хабар» телеарнасынан «Алматығы 150 жыл толды» деген сөзі мен Алматыға бұрынғы Алма-ата деген атауын қайтару туралы ұсынысы сынға алынады. Мақала авторының айтуынша, «осыдан 150 жыл бұрын патшалық Ресейдің отаршылдары Алматы өңіріне Верный бекінісін салды».

«Демек, Алматының 150 жылдығын тойлау деген сөз – патшалық Ресейдің Жетісу өңірін отарлап алуы мен Жетісу халқына құлдық қамытын кигізгенінің 150 жылдығын тойлау», - деп тұжырым жасайды мақала авторы. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «бұл мәселені ғалымдармен ақылдасып, асықпай шешу керектігін айтқан». Сондай-ақ газет тілшісі «Алма-Ата» деген атаудың шығуының ешқандай ғылыми дерегі де, тарихи негізі де жоқ деп есептейді.

Оның айтуынша, «1920 жылдардағы қазақ зиялыларының баршасы орыс тілінде де, қазақ тілінде де «Алматы» деп жазған». Бұдан өзге де «Жас алаш» газетінің соңғы санында Дариға Назарбаева мен оның «Асар» партиясына бағытталған 4 шағын мақала жарияланған. Олардың дені «Асар» партиясының төрайымының сайлау қарасыңындағы қызметі мен іс-әрекетін нысанға алумен ерекшеленеді. Оның есесіне «Жас алаш» газеті «Ақ жол» партиясы басшыларының қызметіне жағымды сипат беруге тырысады. Мәселен, «Ақ жол» партиясының теңтөрағалары өткен сенбіде Құсмұрын түрмесіндегі Шідерті колониясында жатқан Ғалымжан Жақияновқа барып, оның жағдайымен танысып қайтқан.

«Ақ жолдықтар» күрделі жағдайға тап болып, қиындыққа ұшыраған Ғалымжанның көңілін демдеп, рухани демеу көрсетіп қайтты, - дейді газет тілшсі. Алайда, «Экспресс К» газетінде Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Болат Әбіловтің «Ертісбаев Жақияновты әділ сотталды деп айтуы опасыздық» деген сөзіне орай өз пікірін білдіреді. Оның пікірінше, «жолдастарымен бірігіп бір іс бастап, содан кейін одан алшақтап, өз ұйымыңды құру – опасыздық. Ал бұл уақытта сенің жолдасыңды тұтқындап, соттап жатады», - дейді Қазақстан президентінің кеңесшісі. Ол Азаматтық партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің теле пікірсайыстан кейін Әбілов пен Жақиянов жөніндегі сөзіне бола Алтынбек Сәрсенбаев қорқытып-үркітті деген мәлімдемесін қолдайтындығын жеткізеді. Оның айтуынша, бұл шындыққа саяды, себебі, Сәрсенбаев «Мегаполис» газетінің бетінде мған қоққан-лоққы көрсеткен», - дейді Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі. Перуашев пен Сәрсенбаев арасындағы кикілжіңге тоқтала отырып, «Алтын орда» газеті саяси партиялардың ар-ожданның сақталуы туралы келесімге – Хартияға қол қоғанын еске түсіреді. «Біздің жігіттердің бірін-бірі аямай ұрып қалғысы келетіні - Хартияның мазмұнына қайшы екенін» демократ-саясаткер Дос Көшім де мойындайды.

Қысқасы, Хартия ай далада қалған сияқты. Біздің жігіттердің қылықтарынан сайлаудың шынайы табиғаты көрінеді», - деген тұжырымға келіпті «Алтын орда» басылымы.



Ал халық сайлауға нарық заңымен – бартерлік түсінікпен қарайды, - деп пайымдайды Қазақстан әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғанова «Айқын» газетінде. Оның пікірінше, халық «нақты ісімен «бір жыртығын жамап» берген партияға немесе кандидатқа дауыс береді. Мейлі, ол құдайы тамақ болсын, көпір салу, жол жөндеу болсын, бәрібір». «Халық казір сайлауды кішкене болса да тұрмыстық проблемаларын шешіп алатын кезеңдік науқан деп түсінеді. Депутат болған соң «ананы жасаймын, мынаны жасаймын» деген «құрғақ қасық» уәдеге сенбейді, - деп түйіндейді Бақытжамал Бектұрғанова «Айқын» газетінде. Оның пікірінше, «халықтың түгелге жуығы саясаттан тыс өмір сүріп жатыр. Олардың таңдауы әрқашан үстірт жүреді», - дейді Қазақстанның әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының президенті.
XS
SM
MD
LG