Accessibility links

«Поколение» қозғалысының төрайымы И.Савостина: «Зейнеткерлер оппозициялық ұстанымдағы партияларға дауыс беретін болады» деп отыр


Сейсенбі, қыркүйектің 7-сі күні «Поколение» қозғалысының Қазақстанның 18 қаласынан келген өкілдері Алматы қаласында бас қосып, алдағы парламент сайлауында қай партияға дауыс беру қажет, «қандай саяси құрылымның ұстанымы біздің көзқарасымызбен қабысып жатыр» деген сауалдар төңірегінде пікір алмасты. Қозғалыс төрайымы Ирина Савостина: «біз 2 күндік кезектен тыс конференциямызды «Қарғалы» демалыс үйінде өткізуді жоспарлап, ол мекемеге осыдан 1 апта бұрын өтініш беріп қойғанбыз. Алайда, мекеме басшылығы белгісіз себептермен біздің талабымызды жиынға небары 1 күн қалғанда жаратпай тастады. Сондықтан Қазақстанның әр түкпірінен жиналған зейнеткерлер ашық аспан астында жиын өткізуде. Осындай себептерге орай, біздің дауысымыз алдағы сайлауда оппозициялық партияларға берілетін болады» деп отыр.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстан республикасындағы зейнеткерлер саны 1 миллионнан асып жығылады екен. «Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостина: «осы азаматтардың барлығы дерлік біздің ұйымға мүше» дегенді жеткізді. Осылайша, құрамына миллионнан астам электоратты топтастырған қозғалыс өкілдері сейсенбі күні Қазақстанның әр түкпірінен Алматы қаласына жиналды. «Кезектен тыс жиын өткізуіміздегі басты мақсат – алдағы сайлауға қатысты көзқарасымызды айқындап алу» дейді «Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостина:

- Біз бүгін мына жұмысын аяқтағалы жатқан парламент қарттар үшін, зейнеткерлер үшін не тындырды деген сауал төңірегінде ой бөлісіп жатырмыз.

Қозғалыс жетекшісі алғашқыда кезектен тыс жиын Алматы қаласының маңындағы «Қарғалы» демалыс үйіне өтеді деп жоспарланғанын айтты. «Аталған мекеме басшылығымен тиісті келісім-шарт осыдан 1 апта бұрын жасалынып қойылған» дейді Ирина Савостина:

- Біз «Қарғалы» демалыс үйінің басшылығымен 1 апта бұрын келіс-шарт жасасып қойғанбыз.

«Азаттық» радиосының тілшілері жиын орны «Қарғалы» демалыс үйі деп алдын-ала хабарланғандықтан, сейсенбі күні таңертеңгі сағат 10-дар шамасында сол жерге жетті. Алайда, демалыс үйінің Гүлжан есімді әкімшілік қызметкерінен «Поколение» қозғалысы туралы, өткелі жатқан жиын жайында хабарсызбын» деген жауап алдық:

- Біз кейбір жағдайларға орай, «Поколение» қозғалысының өкілдерін қабылдай алмадық. Ол кісілердің қазір қайда екендігінен хабарым жоқ.

«Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостинаның айтуынша, билік өкілдері бұларды да оппозиция қатарына жатқызатын көрінеді. «Осындай негіздерге сүйене отырып, демалыс үйімен бір апта бұрын жасалынған келісім-шарт, бір күн ішінде бұзылып, кезектен тыс жиынға Қазақстанның әр түкпірінен жиылған 30-ға жуық делегат 1 күн бойы далада қалды» дейді Ирина Савостина. «Қарғалы» демалыс үйінің қызметкерлері делегаттарды қабылдай алмайтындықтарының себебін қозғалыс төрайымына демалыс үйіндегі бұлар жалға алған бөлмелерде бір мезгілде жылыту құбырлары істен шығып қалып, бүгінгі таңда онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығымен түсіндіріпті. Осылайша «Поколение» қозғалысының кезектен тыс конференциясы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы кеңсесінің жанында ашық аспан астында өтті. «Осындай оқиғалардан кейін біздің алдағы сайлау кезіндегі таңдауымыз оппозициялық бағыт ұстанған партияға түседі» дейді «Поколение» қозғалысының төрайымы Ирина Савостина:

- Біздің қозғалыстың әсіресе, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық папртиясына деген көзқарасы, ілтипаты ерекше.

Сондай-ақ зейнеткерлердің басым бөлігі коммунистік партия мүшелері екенін, сондықтан Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін саяси ұйымға да оң көзқараста екендіктерін жеткізген Ирина Савостина, «Поколение» қозғалысы келесі кезекте «Ақжол» партиясын да қолдайды» дегенді айтты:

- Өйткені «Ақжол» партиясы ДВК-ның бір бөлігі іспетті.

Ал кезектен тыс жиынға Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласынан келген делегат, «Поколение» қозғалысының өкілі Светлана Байкова электронды дауыс беру жүйесіне қатысты: «ондай жүйемен дауыс беруге Орал қаласының азаматтары дайын емес» деген пікір білдірді:

- Электронды дауыс беруге қатысатын азаматтар техниканы меңгерген, сауатты азаматтар болуы керек. Мәселен: сайлау учаскесіне қарт әжей келді дейік. Ол кісі ештеңені ұға қоймайды. Сол кезде әжейге сайлау учаскесінің азаматтары көмектесуі мүмкін. Ал бұл дұрыс емес.

Светлана Байкованың айтуынша, электронды дауыс беру үшін қажет саналатын штрих-кодтар да сайлау барысындағы құпиялылық үрдісіне қайшы келетін көрінеді. «Сайлау аяқталған соң, комиссия өкілдері штрих-код арқылы сенің қай кандидатқа дауыс бергеніңді біліп отырады. Бұл ретте жасырын дауыс беру дегеніңіз қайда қалады» дейді «Поколение» қозғалысының Орал қаласындағы филиалының жетекшісі Светлана Байкова:

- Электронды дауыс беру кезінде жасырын дауыс беру дегеніңіз болмайды. Өйткені, билік өкілдері штрих-кодтар арқылы кімнің кімге дауыс бергенін біліп отырады. Сондықтан біз мұндай жүйеге түбегейлі қарсымыз.

Екі күнге созылатын жиынның алғашқы күні делегаттар сайлау тұрғысындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Конференцияның екінші күні, яғни сәрсенбі, қыркүйектің 8-і күні жиын делегаттары алдында бірқатар партияның жетекшілері баяндама жасамақ.
XS
SM
MD
LG