Accessibility links

Қазақстан жұртшылығы Солтүстік Осетиядағы террорлық қастандықтың құрбандарын бір минут үнсіз еске алды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Астана уақыты бойынша сағат 12-де Қазақстан жұртшылығы Солтүстік Осетияда болған террорлық қастандықтың құрбандарын 1 минут үнсіз еске алды. Дәл сол мезетте теледидар және радио хабарларын тарату уақытша тоқтатылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімінде көрсетілгендей, бұған республикадағы бүкіл оқу орындары, әскери бөлімдер және меншіктің кез келген түріндегі барлық кәсіпорын, мекемелер қосылды.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Жанар Үсіпбекова: «Соңғы күндерде мектептерде терроризмді айыптайтын басқа да шаралар қолға алынуда.Өйткені, Солтүстік Осетиядағы қанды террорда көптеген оқушылар мен сәбилердің құрбан болуы оқу-тәрбие саласының мамандарын қатты алаңдатып отыр»--дейді.

Қазақстандықтарды алаңдатып отырған тағы бір жайт—Беслан қаласындағы мектепті кепілдікке алғандардың арасында қазақтардың да болуы мүмкін деген болжам. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі баспасөз қыметінің кеңесшісі Мұқтар Кәрібаевтың айтуынша, бұл хабарды таратушылар Ресей бас прокурорының орынбасары Сергей Фридинскийге сілтеме жасағандықтан, Қазақстан елшілігі Ресейдің Бас прокуратурасына әлгі ақпарды ресми түрде анықтауды сұрап нота жіберген. «Бірақ, әзірге ресми жауап келген жоқ. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің мәліметіне қарағанда, терроршылардың қатарында Қазақстанда туған шешендер мен ингүштер болған. Әлгі хабардың тарауына осы жайт себеп болуы да мүмкін. Жасы 30-дан асқан шешен азаматтарының көпшілігі кезінде Қазақстанғаа жер аударылғандардың ұрпақтары екені рас. Бірақ, мұны Солтүстік Осетияда болған қанды уақиғамен байланыстырудың реті жоқ», -- дейді Кәрібаев мырза.

Ресей ақпарат құралдарында терроршылдардың арасында оншақты ұлттың өкілдері болғаны айтылуда. Саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Бұл болған істің себебін сырттан іздеудің әрекеті. Шындығында, оның негізгі себебі Ресейдің ішкі саяси-әлеуметтік жағдайынан туындайды. Мысалы, терроршылар арасында арабтардың көп екені айтылуда. Шын мәнінде олар Иорданияда туып өскен шешен, ингүш азаматтары. Олар өзінің атажұртын азат ету жолындамыз деп сезінеді. Бірақ, әрине, мұндай террорлық әрекетті қатал айыптау керек» , -- дейді.

Сарапшылардың кейбірі, мысалы, сенатор Уәлихан Қайсаров терроршылар қатарында қазақстандықтардың болуы мүмкін емес деген пікіре. Ал Әзімбай Ғали мырза мұның кездейсоқтан болуы мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, кезінде өз еліне көшкен шешен ұлтының өкілдерімен бірге аздаған қазақтардың да кәсіп іздеп кеткендері бар,сонымен қатар, қазақстандағы қылмыстық топтардың мүшелері де табыс табу үшін терроршылар тобына қосылуы ғажап емес.

Терроризм тақырыбы жиі сөз болып жатқан бүгінгі таңда Ресейдегі сияқты террорлық уақиғалардың Қазақстанда болуы мүмкін бе деген сұрақ төтесінен қойылуда. Сенатор Уәлихан Қайсаров: « Қазақстанда экономика алға басып келеді. Бірақ демократия кері кетіп барады. Келешекте демократияны дамыту үшін нақты қадамдар жасалмаса, терроризм қаупінен құтылу мүмкін емес»,-дейді. Ал сенатор Мүсірәлі Өтебаев ойынша, Қапқаз мәселесін Қазақстаннан бөліп қарауға болмайды. ол аймақтың халқы діни және этникалық жіктерге бөлініп, жанжал туу қаупінің алдында тұр. Мұның өзі Қазақстан мен Ресей ғана емес, әлемдік қауымдастыққа да қауіп төндіреді.

Қазақстан президенті Н. Назарбаев қыркүйектің 7-сі күні Қазақстан әйелдерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде де терроризм тақырыбын айналып өткен жоқ. Ол бұдан былай көші-қон мәселесіне баса мән берілетінін, паспорттық режим қатаң бақылауға алынатынын, бұл ретте Үкіметке нақты міндеттер қойылғанын айтты. Қазақстан Парламенті депутаттарын терроризм мен экстремизмге бағытталған заңдарды қабылдауға маңыз беруге шақырды. Ал Парламент Сенатының алдағы жұма күнгі отырысының күн тәртібіне істі болғандарды Халықаралық соттың қарауына беру туралы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келісімді бекіту мәселесі қойылып отыр. Келісім екі елдің терроризмге қарсы ынтымақтастығын заңдық тұрғыдан бекемдей түсуді көздейді.
XS
SM
MD
LG