Accessibility links

Астанада Бiрiкен Ұлттар Ұйымының өкiлдiгiнде Қазақстандағы бала құқығын қорғаудың өзектi мәселелерi талқыланды


Қыркүйектiң 8-iнде Астанада Бiрiккен Ұлттар Ұйымының өкiлдiгiнде Қазақстанда бала құқықтарын қорғаудың өзектi мәселелерi қаралды. Бұған Солтүстiк Осетияда орын алған қанды оқиға себеп болған. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнiндегi жоғары комиссары басқармасының өңiрлiк кеңесшiсi Рейн Миллерсон: “Солтүстiк Осетияның Беслан қаласында болған уақиға балалардың террорлық қастандықтың тiкелей обектiсi болатынын көрсеттi” деп мәлiмдедi. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнiндегi Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия мен Қазақстандағы кеңесшiсi Рейн Миллерсон Солтүстiк Осетияның Беслан қаласындағы қанды уақиға халықаралық қауымдастықтың балаларды мұндай қастандықтардан қорғауға айрықша назар аударуы қажет екендiгiн айтты.

“Дүние жүзiндегi өркениеттi елдерде бала құқы жөнiндегi уәкiлеттi орган құрылған. Мұндай ұйым Қазақстанға да қажет, оның көкейкестiлiгiн Ресейдегi уақиғалардан көруге болады,”- дейдi заң ғылымдарының докторы Марат Башимов.

“Қазiр мектептегi балалар өзiн өзi қорғай алмайды. Оған құқықтану пәнiнiң жүргiзiлуiнiң де өз дәрежесiнде болмауы салдарынан мектептегi балалар қиын-қыстау кезеңде өзiн өзi қорғай алмайтын күйде. Сондықтан мектеп оқушыларына кәсiби мамандар құқық жөнiнде сабақ беруi тиiс,-“ дейдi Әдiлет министрлiгiнiң бөлiм бастығы Зайда Нұрабаева.

Қазақстанның бiлiм және ғылым министрiнiң орынбасары Күләш Шәмшидинованың айтуынша, қазiр республикада 8200 мектеп бар. Биылдан бастап мектептерге психологтар мен социолог ұстаздар тартыла бастаған көрiнедi.

Iшкi iстер министрлiгiнiң қоғамдық қауiпсiздiк департаментi алдын алу басқармасының бастығы Алексей Калайчик тұрмысы өте төмен 16 мың отбасында 40 мың бала тәрбиеленiп жатқандығын, киер киiмi болмауы салдарынан мектепке бармай қалған оқушылардың да кездесiп отырғандығын айтады.

“Бала өмiрге күнәден пәк болып келедi. Бiз оған адам ретiнде бiлiм ғана емес, адами, патриоттық тәрбие беруiмiз керек. Соған бiз осы уақытқа дейiн дұрыс назар аудармай келдiк. Баланы туған бойда балабақшаға беремiз. Онда жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жас қыздар тәрбиелейдi. Бұрын ауылда қазақтың мыңдаған жылдардан келе жатқан эпостарын, батырлар жырларын оқып жетiлгендер елдiң патриоттары бола бiлдi,”- дейдi Қазақстан Президентi жанындағы Адам құқын қорғау жөнiндегi комиссия төрағасы Жабайхан Әбдiлдин.

Қазақстанның бiлiм және ғылым вице министрi Күләш Шәмшиденованың сөзiне қарағанда осы уақытқа дейiн қазақстандық отбасыларға 12 мың, ал шетел азаматтарына 160 бала асырауға берiлген. Бiрақ, бұл үрдiске кейбiр қоғамдық ұйымдар мен саясатшылар қарсылық көрсетуде.
XS
SM
MD
LG