Accessibility links

Алдағы уақытта мектепте білім алушы ер балалар мен қыз балалар бөлек оқуы мүмкін


Көкшетаудағы қазақ мектеп-интернаты тұңғыш рет ер балалар мен қыз балаларды бөлек оқыту жайында бастама көтеріп, тәжірибе ретінде енгізбек болған. Алайда, ата-аналар мен мектеп оқушыларының қарсылығына байланысты іске аспаған. Көкшетау қаласындағы қазақ мектеп-интернатының директоры Ләззат Сағитова «Бұның балалардың сапалы білім алуына әсері болады ғой деп ойлап едік және балаларды бір-бірінен бөлек оқытуды ата-аналардың өздері де сұрайтын. Жалпы біз ер балалар мен қыз балалар жеке оқитын мектеп деп бөліп тастайын деп отырған жоқпыз», - дейді Ләззат Сағитова. Оның айтуынша, жасөспірім шаққа жеткен ер балалар мен қыз бабалар арасындағы кездесетін жағдайлар олардың сабақ айтуларына, дұрыс білім алуларына кедергі келтіреді. «Бұрынғыдай бір-бірлерінен ұялу, қысылу деген мүлдем жоқ қазіргі заманда. Есейе келе бір-біріне деген қызығушылық пайда болады, ер балалар қыздардан қысылып, сабақ айтпауы да мүмкін. Қыз балалардың ұлдардан тез есейетіні ғылыми дәлелденген нәрсе ғой. 45 минут уақыт бір-бірлеріне қараумен-ақ өтіп кетеді», - дейді мектеп директоры.

Ал оқушылар бұған бірауыздан қарсылық білдіріп отыр. 11 сынып оқушысы Қуаныш Аханов «Сыныптас қыздардан бөлек оқуды мен көз алдыма елестете алмаймын. Осы уақытқа дейін түрлі қызықтарды бөлісіп, бір-бірімізге көмектесіп келдік. Тіпті, сабақ білмей қалған жағдайда осы қыздардан сұраймыз, ұлдар бізге айтпайды», - десе, Дархан Айдаболов «Ұл мен қыздың қарым-қатынасы тек махаббатпен ғана шектелмейді, басқа да қарым-қатынастар бар. Қайта, ұл қызға, қыз ұлға шабыт береді», - дейді.

Өзін Бикен Баймұқанова деп таныстырған ата-ана «Екінші ұлым осы мектеп-интернатта 9 сыныпта оқиды. Балам білім алып шықса болды, бірге оқысын, бөлек оқысын, оқытатын мұғалімдер бір. Сондықтан менің ойымша, айырмашылық жоқ», - дегенді айтты. Ал Астанадағы нөмірі 38 мектептің тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Ақсымбат Төлеуханова «Ер балалар мен қыз балаларды бөлек оқытуға тікелей қарсымын. Біздің мектебімізде ер балалар мен қыз балаларды қажетті істерге үйрететін сабақтар бөлек оқытылады, қажет деген мәліметтер бөлек беріледі. Ал басқа уақыттарда бірге оқиды», - десе, Психолог Ділдә Сақтағанова ер балалар мен қыз балаларды бөлек оқытудың тиімді екендігін айтады. «Дәл осы мәселеге қатысты жақын шетелдерде жүргізілген тәжірибе білім сапасының жоғары болғандығын көрсетіп отыр. Қарсы шығып отырғандар тәжірибе нәтижесінің қалай боларына көздері жетпей жүргендер болар», - дейді.

Көкшетау қаласындағы қазақ мектеп-интернатының директоры көтеріп отырған бастама жайлы Ақмола облыстық білім беру басқармасына ескертпеген. Басқарма бас маманының міндетін атқарушы Әсел Рақымжанова «Мектеп директорының қандай түсінік бергенін біле алмай отырмын. Алайда, біз ешқандай рұқсат берген жоқпыз», - дегенді айтты.

«Мұндай тәжірибені зерттеу ретінде енгізіп көрдік. Егер рұқсат болып жатса, келесі оқу жылынан бастап қыз балалар мен ер балаларды бөлек оқытатын болармыз», - дейді Көкшетау қаласындағы қазақ мектеп-интернатының директоры Ләззат Сағитова.
XS
SM
MD
LG