Accessibility links

Парламентке оппозициялық кандидат “Асар” партиясы мен оның жетекшісі Дариға Назарбаева сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына мемлекет қаржысын пайдаланды деп отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қыркүйектің 8-і күні сағат 11-де Алматыдағы “Хабар” агеттігінің алдына “ҚКП-ҚДТ” оппозициялық блогынан ҚР Парламеті депутаттығына кандидат Гүлжан Ергалиева өз қолдаушыларымен “Хабар” мен “Еуразия” арналары 2,5 айдан бері тек Дариға Назарбаева мен ол басқаратын “Асар” партиясын жарнамалап отырғандығына наразылық білдіріп, “сайлауға 10 күн қалғанда басқа да саяси партияларға “Хабар” мен “Еуразия” арналарында “Асар” партиясымен тең дәреже үгіт-насихаттық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берілсін”, деген талап хатын тапсыруға келді. “Хабар агеттігі халыққа”, “Дариғаны ашық пікір-сайысқа шақырамыз” деген сөздер жазылған плакаттарын ұстап, өз қолдаушыларымен “Хабар” агенттігінің ғимаратына қарай жүрген ҚР Парламенті депутаттығына үміткер Гүлжан Ергалиеваны бір топ полиция қызметкерлері мен жәй киімдегі азаматтар тоқтатты.

Полиция қызметкерлерінің бірі өзге полицейлерге қолдаушылардың қолындағы плакаттарды тартып алу жөнінде бұйрық берді. Осы орайда Гүлжан Ерғалиеваның:

“Құрметті қоғамдық тәртіп сақшылары! Конституцияға қарсы келетіндей плакаттарды тартып алып, оны көрсетуга тиым салатындай онда не жазылған? Заңға қайшы келетіндей кім не істеді? Осыны түсіндіріңдерші” деген сауалына жауап болмады. Плакаттарды тартып алған полиция қызметкерлері Гүлжан Ергалиевамен оның қолдаушыларын кері итеріп, ешкімнің “Хабар” агенттігі жаққа өтпейтіндігін ескертті. “Мен Парламент депутатығына кандидатпын, мен заң бұздым ба? Біздің заңгерімізге түсіндіріңдер” деп кандидаттық куәлігін көрсеткен Гүлжан Ерғалиева алға озды. Ол:

-Сіздер қазір біздің талабымыздан Дариға Назарбаеваны, соның тапсырысымен оның жанұялық меншігін қорғап отырсыңдар ма? Бүгінгі күні “Хабар” агенттігінің аумағын қорғауға кімнен бұйрық, кімнен тапсырма алдыңдар?” деді.

Полиция қызметкерлері жиналғандардан қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етіп, “Хабар” агенттігінен 500 метр жерде Президент Назарбаев чех президентімен кездесу өткізіп жатқандығын айтты. Арада 5-10 минут өткенде “Хабар” агенттігінің алдына бір автобус ОМОН жасақтары жеткізіліп жиналған халықты қоршап алды. Жан-жақтан дабылдатқан полиция қызметкерлерінің көліктері де көбейе түсті.

Гүлжан Ерғалиева: “бүгінгі таңда Дариға Назарбаева сайлау алдында “Асар” партиясының үгіт-насихаттық жұмыстарына мемлекеттік телеарна эфирін заңсыз пайдаланып отыр. “Хабар” және “Еуразия” арналарындағы 2,5 айдан бергі үгіт-насихаттық жұмыстарына 10 млн. доллардан астам мемлекет қаржысын жұмсады. Ал заң бойынша партиялардың телеарналардағы үгіт насихатына жарты миллион доллар ақша жұмсалу керек. Дариға Назарбаева өз партиясы үшін жұмсаған ақша есебінен мемлекеттік телеарналарда басқа саяси партияларға үгіт жүргізуге немесе кең көлемдегі теледебат өткізуге мүмкіншілік берсін. Осы мазмұндағы хатымызды кеше электронды пошта арқылы Дариға Назарбаеваға жолдағанбыз. Ал бүгін осы талаптарымызды бейбіт түрде жазбаша хатпен тапсыру болатын”, дейді. Алайда бұл хатты қабылдап алуға “Хабар” агенттігінен ешкімнің төбесі көрінген жоқ. Осы хатын тапсырмаққа “Хабар” агеттінінің ғимаратына жақындаған Гүлжан Ергалиева тағы да ішке жіберілмеді. Хатты есік алдынан “Хабар” агенттігінің ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы Сергей Вахонин қабылдап алды.

Өз кандидаттарын қолдап, “ҚКП-ҚДТ” оппозициялық блогының атауы жазылған ақ футболка киген 30 шақты адамды ОМОН жасақтары “заңсыз митингі өткіздіңдер” деп қуып жүріп ұстап, алып кетті. Гүлжан Ерғалиева ОМОН жасақтары ұстап алып кеткен 17 қолдаушыларының Бостандық аудандық Ішкі істер бөлімшесіне жеткізілгендігін айтты.
XS
SM
MD
LG