Accessibility links

Бесландағы оқиға кезінде Қарағандылық Наталья Гутнованың 10 жасар ұлы қайтыс болған

  • Айнагүл САҒДИ

Солтүстік Осетиядағы қанды оқиға қазақстандық отбасын да айналып өтпеген. Қарағанды қаласының тұрғыны Наталья Гутнова 10 жасар ұлын аза тұтуда. Алайда қолының қысқалағына байланысты баласын жерлеу рәсіміне бара алмаған.

Қарағандылық Наталья Гутнова 1992 жылы тұрмысқа шығып, екінші баланы дүниеге әкелгеннен кейін Солтүстік Осетияға көшіп барады. «Отбасылық жағдайға байланысты күйеуімнен айрылысып, кішкентай қызымды алып, Қарағандыға қайтып келдім. Ол кезде тағы бір балаға аяғым ауыр болатын. Үшінші қызым осында туды. Ал үлкен ұлым әкесінің қолында Бесланда қалған. Өзім бұл жан түршігерлік оқиғаны сыртта жүріп радиодан естіп қалдым. Үйге келіп, теледидарды қосқаннан кейін оқиғаның өз ұлым оқитын мектепте болып жатқанын білдім. Бұған дейін сирек болса да ұлыммен телефон арқылы сөйлесіп тұратынмын. Телефон ақысы өте қымбат, жалғыз шешем ғана жұмыс істейді, әкем жұмысқа таяуда орналасты, мен өзім кішкентай нәрестелі болғаннан кейін жұмыс істемей, үйде отырамын. Ұлымды осыдан бір жыл бұрын көргенмін. Одан кейін көрген емеспін. Жерлеу рәсіміне де қатыса алмадым», - дейді Наталья Гутнова.

Қазақстанда Бесландағы оқиғадан кейін балаларды қорғау мәселесіне қатты көңіл бөліне бастады. Қостанай қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары Ғалия Қайдауылова «Барлық қала мектептерінде арнайы қауіпсіздік шаралары жүргізіліп, жоспарлы түрде өткізіліп тұрады. Апат кезінде балаларды сыртқа шығару, басқа да дайындық жұмыстары болып тұратын. Енді Беслан оқиғасынан кейін күшейту шаралары қолға алынуда. Ең алдымен балалармен әңгімелесу, оларға түсіндіру жағы қарастырылуда», - дейді.

Мектеп оқушыларының айтуынша, Астана қаласындағы мектептерде де Солтүстік Осетиядағы жағдайға қатысты сабақтар өткізіліп, арнайы жұмыстар жүргізілуде. Нұржан Нұрахметов «Біздің мектепте Бесландағы оқиғаға қатысты сабақтар өтіп жатыр. Біз жат пиғылдағы адамдарды көрген кезде шұғыл түрде хабарлауға және қандай жағдай болса да дайын болуға тиіспіз», - десе, Жұлдыз Қашаева «Терроризмнің көзін жою керек. Бесланда қаншама өзімізбен жасты күнәсіз балалар құрбан болды. Егер біздің қолымызда болса, террорлық әрекеттерге қарсы тұрып, соны жасап жатқандардың өзін құрту керек», - деп есептейді.

Қостанай облысындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктердің басшылары мектептер мен балалар мекемелерінде қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде арнайы үндеу қабылдаған. Қаладағы «Ақмешіт» мешітінің қызметкері Сейіт Нұрқанов Ислам дінінің осындай оқиғаларға қарсы екендігін айтуда. «Ислам діні мұндай мәселелерді қолдамайды да, қуаттамайды да. Оның үстіне жас балаларға қиянат жасағандар үлкен күнәға батып отыр. Сәбилерге қастандық жасағандар о дүниеде жазасыз қалмайды», - дейді.
XS
SM
MD
LG