Accessibility links

Қазақстанда 35 мың шаруа жер үлестерiнен бас тартты

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанның жер ресурстарын басқару агентiгiнiң мәлiметiне қарағанда қыркүйектiң 1-iне дейiн жер реформасына байланысты 35 мың шаруа ауыл шаруашылығы жерi үлесiнен бас тартты. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының шаруалары жайылымдық жерлердегi үлестерiн қайта тапсыруда. Бүгiнге дейiн аумағы 34,65 мың гектар 1813 жер телiмi 734,3 миллион теңгеге сатылды. Барлық сатылған жер үлестерi дерлiк суармалы және жыртылған өңiрлер. Бұдан шаруалар мен қарапайым жандар тыс қалуда. Соған байланысты жер үлестерiн қайта бөлудегi дау-дамай көп. «Туған жер» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Қуаныш Алпысбековтың айтуынша, бұл көрсетiлген 35 мыңнан әлденеше есе көп халық жер телiмiнсiз қала бастады.

“Өздерiнiң жер үлестерiнен қалай айырылып қалмауға болатынын жазып 30 мың данамен ел арасына таратып жатырмыз. Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң көрсетiп отырған саны тым аз. Шын мәнiнде одан бiрнеше есе көп. Ел iшiнде дау-дамай көп”,- дейдi “Туған жер” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Қуаныш Алпысбеков.

“Шартты жер үлестерiнiң иелерi “Жер кодексiне” сәйкес өтпелi кезеңдегi ережерге орай 2005 жылдың 1-шi қаңтарына дейiн қайта ресiмдейдi. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарындағы жайылымдық жерлерi шаруалар өкiметке қайта өткiзуде. Өйткенi, олардың қолында қаржы, техникасы, ал жайлымдық жерлердегiлерде малы да жоқ,-”дейдi Қазақстанның жер ресурстарын басқару агенттiгi төрағасының орынбасары Каналбек Райымбеков.

Оңтүстiк Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару басқармасы төрағасының орынбасары Самат Сәрсеновтың айтуынша, республикадағы шаруа қожалықтарының үштен бiрi Оңтүстiк Қазақстан облысында орналасқан. 60 мың шаруа қожалығы бар. Олардың 90 пайызы тиiстi құжаттарын алған көрiнедi. Ол өндiрiс кооперативтерiнiң тарап жатқанын растап, олар қайта құрылып жатқандығын айтады.

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Мырзагелдi Кемелдiң айтуынша, Оңтүстiк Қазақстаноблысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4 мың гектар жер сатылды. 114 жер телiмiнен бюджетке 58 миллион теңге түстi. “Мен сайланған Мақтарал ауданында суармалы жердiң әр гектар 200 мың теңге тұрады. Қазiр мемлекеттiң арнайы жер қорындағы телiмi де арзан бағаға сатылып кеткен. “Әкiмшiлiкте қызмет ететiн шенеунiк жер сатып алады да басқа бiреуге жалға берiп қояды. Одан ақша алып отырады. Бұл дұрыс емес. Жаңа жылдан бастап субаренда болмайды. Бiрақ, қолында билiгi барлар қашанда үлестен қағылмайды,”-дейдi Мырзагелдi Кемел.

Қазақстанның жер ресурстарын басқару агенттiгi төрағасының орынбасары Каналбек Райымбеков Оңтүстiк облыстарда өндiрiстiк кооперативтерден бөлiну, соттасу әректтерiнiң көп екендiгiн айтады. “Жұрттың барлығы шұрайлы, ауыл және су маңынан жер алғысы келедi. Жүз пайыздық әлеуметтiк әдiлдiк ешқашан болмайды”,-дейдi Райымбеков мырза.

Жер Ресурстарын басқару агенттiгiнiң мәлiметiне қарағанда, биылғы жыл басынан берi 74,2 мың шартты жер үлесiнiң иелерi 1,8 миллион гектардың екiншi жалға беру (субаренда) келiсiм шарттарын бұзды.
XS
SM
MD
LG