Accessibility links

Сайлаулар барысында қолданылатын жаңа техникаларға сенім көп, бірақ сындар да жоқ емес


Осыдан төрт жыл бұрын болған Құрама Штаттарындағы елбасылық сайлаулар дауыс беру барысында қолданылатын техникалардың ескіргендігін айқын көрсеткен болатын. Мысалы, Флорида штатында үміткерлер көрсеткіші жағынан бір-біріне тым жақын келе жатқан тұста, басқа проблемалармен қоса ескірген техниканың жіберген қателіктері талай қиын түйіндерге алып келген еді. Оның нәтижесінде сайлаулар қорытындысы заң тұрғысындағы айтыстар барысында, бес аптаға дейін жарияланбай, кері шегерілді. Содан бергі аралықта дауыс беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізудің аса қажеттігі насихатталуда. Мұндай үдеріс АҚШ-та ғана емес, сондай-ақ Қазақстанда да жүруде.

Түрлі елдерде әрқилы тәсілдермен дауыс берілуде. Мысалы, Венесуеладағы жаңа технология әдісі бойынша, тіпті елбасы Хуго Чавездің өзі дұрыс нәтижеге қол жеткізгенге дейін бармақ ізін бірнеше рет машинада қалдыруына тура келген. Электронды машиналар көптеген елдерде дауыс беру үдерісін жеделдететін тәсіл ретінде таныстырылып келеді.

Енді тарихқа сәл ғана шегініс жасасақ. Флорида штатының Мемлекеттік хатшысы Касрин Харрис: “Мен Губернатор Джордж Бушты Құрама Штаттарының елбасылық сайлауларында Флоридадағы 25-дауыс берулер нәтижесінде жеңімпаз деп жариялаймын”-, деген еді. Бұл- ескі тәсілдегі қағаз арқылы дауыс беру жүйесін сын тезіне салған 2000-шы жылғы елбасылық сайлаулар болатын. Шешуші штат Флоридада Буш бар болғаны бірнеше жүздеген сайлаушылардың дауысын артық жинаған еді. Бұл жолы осылайша, автоматты түрде дауыс есептегіш машиналардың қажеттігіне сұраныс пайда болған-ды. Дауыс беру барысында қолданылатын ескірген машиналар дауыс бюллетендерін не қате оқып, немесе тіптен іске жарағысыз етіп тастайтын еді. Нақтылай айтқан кезде, арнайы машинаға салынған қағаздағы өзі қалаған үміткерінің жанына дауыс беруші, түймеге басу арқылы белгі соғуы керек болатын. Сол белгілер кейде дұрыс соғылмай, кейде тіпті басқан түймесінің ізі де түспей, нәтижесінде ол қағаздар жарамсыз деп табылған екен.

Мұның өзі жоғарыда айтылғанындай, Буш мырзаның елбасылық қызметін бес аптаға доғарып қойған көп себептердің біріне айналға еді. Кейінірек АҚШ-тың кейбір штаттарына, дауыс беру барысында қолданылатын жабдықтарын жаңалауға, қаржы бөлу жөнінде заң да шығарылған екен. Осы айтқан себептерге байланысты әлемнің түрлі елдерінде электрондық дауыс беру жүйесіне деген сұраныс пайда болған-ды. Мысалыға айтар болсақ, Голландияда мұндай машиналарды бірнеше жылдан бері қолданып келеді.

Белгия, Франция елдерінде де өзіндік тәжірибелері бар. Осы жылдың басында Үндістан да сайлаулар кезінде осы технологияларды қолданды. Электрондық дауыс беру жүйесін қолдаушылар бұл тәсілдің қорытындыларды әп сәтте шығаруы арқылы уақытты үнемдейтіндігін айтады. Сондай-ақ ол тәсіл мүгедектер мен жарымжан адамдардың пайдалануы үшін де қолайлы. Сонымен бірге, осы тәсілдермен дауыс беру барысына көлденең қолдар сұғанақтық жасай алмайды. Дей тұрғанмен оны сынаушылар да бар.

Мысалы, АҚШ-тағы белсенділер электрондық дауыс беру тәсілдерін қолданған бірнеше штаттарда түсініксіз қорытындылар мен қателердің кеткендігін мысал ретінде алға тартуда. Сондай-ақ дауыс беру барысы жөнінде арнайы қағаз жүзіндегі есептер шығарылмағандықтан да бұл жүйеде алдаулар орын алуы мүмкін, дейді сыншылар.

Осы айдың 19-да Қазақстанның Парламенттік сайлаулары барысында электрондық жүйе қолданылмақшы. Ресми тұлғалар бұл тәсілдің ыңғайлы, әрі сынақтан сәтті өткендігін айтады. Ал, сыншылардың айтуынша, бұл жүйе тым күрделі. Сондай-ақ өздерінің төл құжаттарына тағы да қосымша магниттік кодтың енгізілуін біраз азаматтар қаламауда.
XS
SM
MD
LG