Accessibility links

Тараздағы тәуелсіз басылым басшылары өздеріне криминалдық топтар қастандық жасады деп отыр


Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 17 тамыз күні түнде Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында қоғамдық-саяси “Южный Экспресс” апталығы редакциясының терезелерін сындырып, белгісіз біреулер жеті бірдей жарылғыш қоспа құйылған құтыларды тастап кеткен болатын. Бұл іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеу-тексеру істерінің алғашқы нәтижелеріне сүйене отырып, аталған басылымның басшылығы бұл оқиғаның сайлаумен ешқандай байланысы жоқ екенін алға тартып, осы қастандықты жергілікті қылмыстық топтар ұйымдастыруы мүмкін деген болжамдарын айтып отыр.

“Южный экспресс” басылымының бас редакторы Жарылқасын Нұралиев өздеріне жасалмақ болған қастандықты елдегі парламент сайлауымен байланыстырмайтындықтарына бірнеше себептері бар екенін айтады. Газеттің соңғы кезде Жамбылдағы криминалдық топтар жайлы бірнеше мақала бергені бұған үлкен себеп болуы мүмкін дейді ол.

Егерде оқиға болған күні әлгі жеті бірдей жарылғыш қоспа құйылған құтылар жарылған жағдайда редакцияға үлкен шығын әкелер еді дейді басылым басшысы. Оқиға таңғы сағат бестер шамасында болған екен. Сондықтан мұны басылым редакциясына жасалған анық қастандық деп ұйғарған бас редактор оның кімдердің қолымен жасалып отырғанына әзірше өзінше болжам жасап отыр.

Сондай-ақ “Южный экспресс” газетінің тілшісі ЮрийЕфимов те ұжым ұстанымының дұрыс екенін өз тарапынан қолдай отырып, бұл бізді жәй ғана қорқыту емес, газетімізді жойып жіберуге бағытталған қастандық деген көзқарасын білдірді. Дегенмен де ол өздерінің қандай да қоқан-лоққы болғанымен де бастапқы ұстанымдарынан қайтпайтындықтарын білдірді.

Алайда халықаралық “Әділ сөз” қорының қызметкері Ғалия Әженова бұл оқиғаны өздері бақылауға алып отырғандарын айта келіп, осы ұйымдастырылған қастандықты тек қана криминалдық топтардан көрудің әлі ерте екенін айтады. Оның ойынша мұндай күрделі оқиғаға тергеу-тексеру аяқталмай жатып баға беру асығыстық дейді. Себебі, қазіргі уақытта бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан оның үстіне нақты дерек жоқ болғандықтан үзілді-кесілді шешім айту қиын дейді ол.

Дегенменде “Южный экспресс” газетінің бас редакторы Жарылқасын Нұралиев өздерінің бұл оқиғаға қатысы бар деген күдіктілерді криминалдық топтардан көретіндігіне дәйектері бар екенін айтады. Алайда нақты кімдер деген сұрақтарға Ж. Нұралиев жауап берген жоқ.

Сөйтіп, Қазақстанда бұрнағы биліктен қысымға ұшырап келген басылымдар қатарын енді криминалдық топтардың қырына іліккен басылымдар толықтыруы мүмкін екені аз уақыттан соң белгілі болады.
XS
SM
MD
LG