Accessibility links

Ғалымжан Жақияновтың үстінен тағы да жаңадан қылмыстық іс қозғалды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі, қазір Шідертідегі жалпы қоныстану мекемесінде отырған Ғалымжан Жақияновтың үстінен тағы бір жаңадан қылмыстық іс қозғалды. Жақияновтың зайыбы Қарлығаш Жақиянованың айтуынша, бұл осымен Жақияновтың үстінен қозғалып отырған тоғызыншы іс.

Қарлығаш Жақиянова бұл іске қатысты қыркүйектің тоғызы күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу ісін жүргізу жөнінде қаулы шығарды дейді. Қарлығаш Жақиянованың айтуынша, Ғалымжан Жақияновқа Павлодар облысының әкімі болып тұрған кезде қызметіндегі жүргізушісін жеке мақсаттары үшін пайдаланған деген айып тағылып отыр. Ал Ғалымжан Жақияновтың өзі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тоғыз сағат бойында тергеу жұмыстарын жүргізгенде түйінді дәйек таппғанын айтады. Ол бұл жайында Парламент Мәжілісінің депутаты, Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдинмен телефон арқылы сөйлескенде айтқан көрінеді. «Кеше тоғыз сағат тергеу жүргізіпті. Қозғап отырған мәселелерінде ешқандай түйін жоқ деп Ғалымжанның өзі қорытынды жасап отыр. Алайда, заң бойынша сондай бір ілік болса екі ай бойында тергеу жұмыстарын жүргізетін көрінеді», – дейді Серікболсын Әбділдин.



Осыдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Кенжеболат Бекназаорвқа хабарласқанымызда, ол мұндай істен хабары жоқтығын айтып, тергеу комитетінен анықтайын деп, біраз уақыттан кейін хабарласуымызды сұрады. Алайда межелеген уақытта ол телефон тұтқасын көтермеді.



Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, Жақияновтың үстінен жаңадан қылмыстық іс қозғалуы – Парламент Мәжілісіне сайлау аяқталғанға дейін оны Шідертіде ұстап отырудың әрекеті. «Екі ай деген сөз – сол жерде ұстау деген сөз. Біз өзіміз сырттан сайлау кезеңі толығымен аяқталғанша Шідертіде ұстап отыратын шығар деп ойлап отырмыз. Ал ананы істеп қойды, мынаны істеп қойды деп ілгектеп, біреуін де аяғына дейін тергеуге шамалары келмей отыр. Ал мына айтып отырғандары іс емес ілік», – дейді Серікболсын Әбділдин.



Ғалымжан Жақиянов – Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі. Ол 1997-2001 жылдары Павлодар облысының әкімі болған. Кейін 2001 жылдың аяғында Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын ұйымдастырып, көп ұзамай мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен жеті жыл бас бостандығынан айрылған.тын. Екі жарым жылдан кейін, Ғалымжан Жақияновты тәртібі жеңілдетілген Шідерті колониясына ауыстырды. Халықаралық ұйымдар тарапы Ғалымжан Жақияновқа саяси тұтқын деген баға беріп отыр.
XS
SM
MD
LG