Accessibility links

Т. Дiлмұхамбетов: “Сауд Бен Ладен тобына” Астанадан жердi тұрақты пайдалану және меншiк құқығы заңсыз берiлген

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Астана қалалық 2-сайлау округi бойынша Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығынан үмiткер Төремұрат Дiлмұхамбетов сенсациялық мәлiмдеме жасап отыр; бұдан төрт жыл бұрын Есiл өзенiнiң сол жағалауынан жер учаскелерiне меншiк құқығы мен тұрақты пайдалану құқығы Сауд Арабиясының «Сауд Бен Ладен жауапкершiлiнi шектеулi тобы» компаниясына заңсыз берiлген.

Мәселенiң мән-жайына қанығу үшiн алдымен Төремұрат Дiлмұхамбетовтiң Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсiпбековке жазған хатына үңiлу керек. Онда Астананың еркiн экономикалық аймағы әкiмшiлiк кеңесiнiң 2002 жылғы мамырдың 19-ы күнгi шешiмi негiзiнде Сауд Арабиясының «Сауд Бен Ладен тобы компаниясына» тұрақты пайдалануға. Есiлдiң сол жағалауынан 17 гектардан астам жер берiлгенi айтылған. Дiлмұхамбетов мырза: «Аталған шешiм заңсыз. Өйткенi, сол кезде жер қатынастары Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы желтоқсанның 22-сiндегi Жарлығымен реттелетiн. Ал ол жарлықта жердi шетелдiктерге тұрақты пайдалануға беру көзделмеген»,--дейдi.

Мамандығы заңгер, кезiнде Әдiлет министрлiгiнде қабырғалы қызмет атқарған Төремұрат Дiлмұхамбетов әлгiндегi мәлiметтi растайтын бұлтартпас айғақтары бар екенiн айтып, қолындағы қағаз-құжаттарын алдымызға жайып салды. Соның бiрi 1998 жылғы шiлденiң 6-сында Сауд Арабиясында, Джидда қаласында жасалған келiсiм.

Дiлмұхамбетовтың айтуынша, аталған келiсiмде Есiл өзенiнiң сол жағалауының инфрақұрылымдық жүйелерi мен сондағы барлық ғимыраттардың орналасу схемасы көрсетiлген. Сөйтiп, қала басшылығы мемлекеттiк құпияны шетелдiктердiң қолына ұстата салған.

Сөз болып отырған келiсiмге Астананың әкiмшiлiгi тарапынан қаланың сол кездегi әкiмi Әдiлбек Жақсыбеков, “Сауд Бен Ладен тобы” тарапынан Бәкiр Мұхаммед бен Ладен қол қойған. “Бәкiр Мұхаммед Бен Ладен мен халықаралық қауымдасқтық 1-терроршы деп танитын Ұсама Мұхаммед Бен Ладен ағайынды адамдар. “Сауд Бен Ладен тобын”, аты айтып тұрғандай, сол әулеттiң мүшелерi құрған. Сондықтан Бен Ладен әулетiмен қандай да бiр байланыста болуы Қазақстанның халықаралық беделiне нұқсан келтiредi”, -- дейдi Төремұрат Дiлмұхамбетов.

Келiсiм бойынша, Астана әкiмшiлiгi Сауд Бен Ладен тобына 700 гектар жердi қайтарымсыз беруге тиiс болған. Дiлмұхамбетов мырзаның деректерiне қарағанда, әзiрге соның 100 гектары шет елдiк компанияның меншiне бiржола өткен. Сауд Бен Ладен тобының жер телiмдерiне меншiк құқығы және тұрақты жер пайдалану құқығы Астана қалалық жер ресурстарын басқару жөнiндегi комитеттiң актiлерiмен бекiтiлiптi.

Бiр айта кетерлiгi, Бен Ладен тобы Есiлдiң сол жағалауындағы өзiне тиесiлi деп есептелiнетiн жер телiмдерiн даулап, бiрқатар құрылыс компанияларының үстiнен сотқа шағымданып отыр. Ал ол құрылыс компаниялары қымбат ғимыраттар салып, сол аймақты бiршама игерiлiп қалған. “Мұның өзi Есiлдiң сол жағалауындағы жер телiмдерi саудаға екi рет түскенiн көрсетедi. Алдымен Сауд Бен Ладен тобына, содан кейiн құрылыс компанияларына” – дейдi Төремұрат Дiлмұхамбетов.

Бұдан төрт жылдай бұрын Астананың ең көрнектi жерiнде “Сауд Бен Ладен тобының” алыстан менмұндалап тұратын жарнамасы да, компанияның өзi де күндердiң күнiнде ғайып болған едi. Ал оның Астана қаласының сотына түсiрген шағымындағы мекен жайы Астана қаласы, Республика даңғылы 11-үйдiң екiншi бөлiгi деп көрсетiлiптi. Алайда, Астананың анықтама бюроларында ондай мекеме туралы ешқандай мәлiмет болмай шықты.
XS
SM
MD
LG