Accessibility links

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы ережені және Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Халықаралық Қылмыстық Соттың билігіне адамдарды тапсыру туралы келісімді бекіту туралы заң жобалары сенаттың жалпы отырысында қаралады


Қыркүйектің 10-ы күні Қазақстан Парламенті Сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы ережені және Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Халықаралық Қылмыстық Соттың билігіне адамдарды тапсыру туралы келісімді бекіту туралы заң жобаларын қарады.

Бірінші заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Божко терроршылдық пен экстремизммен тиімді күрес жүргізу үшін халықаралық ынтымақтастың нық тетіктері керек. Оған ақпарат алмасу, заңдарды үйлестіру негізінде бірлесіп терроршылдыққа қарыс операциялар жүргізу шаралары жатады. Мұндай қарым-қатынасты қосымша құқықтық реттеу өте қажет, деді.

Оның айтуына қарағанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің аумағында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру туралы ережені бекіту жөніндегі хаттама Қазақстанның нақты террорлыққа қарсы шараларды өткізуді реттейтін бірінші халықаралық келісімі.

Оның айтуынша, аталған келісім Өзбекстан және Түркіменстан тарабынан ратификацияланбаған.

Сенат депутаты Орынбай Рахманбердиевтің бұқаралық ақпарат құралдарында Өзбекстанның реси тұлғалары кейбір террористер Қазақстан аумағында дайындалған деп мәлімдеген ақпарат болды, бұл жайында не айтасыз деген сұрағына Владимир Божко ресми ақпаратта біздің аумақта террористерді дайындайтын лагерьлер жоқ деп мәлімдедік. Бірақ біздің аумақ, Өзбекстаннан жекелеген террористерді Ақтау арқылы, Баку арқылы Ауғанстанға лагерьлерге дайындыққа алып өту үшін пайдаланылған. Мұндай ақпарат бар. Біз оны Өзбекстандағы әріптестерімізбен бірлесіп тексерудеміз, деді. Божко мырза депутатардың басқа да сұрақтарына жауап берді.

Комитет отырысында Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Халықаралық қылмыстық Соттың билігіне адамдарды тапсыру туралы келісімді бекіту туралы заң жобасы қаралды. Жоба бойынша баяндаған бас прокурордың орынбасары Мерей Уәйісовтың айтуынша, келісімнің мақсаты Америка Құрама Штаты Қазақстан Республикасының жазбаша келісімінсіз Қазақстан азаматын халықаралық соттың билігіне бермеу туралы өзіне міндеттеме алады, Қазақстан тарабы да өзіне осындай міндеттеме алатын болады, дейді.

Сөз болып отырған заң жобалары енді сенаттың жалпы отырысында қаралады.
XS
SM
MD
LG