Accessibility links

Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының студенттері осыдан 3 жыл бұрын Америка Құрама Штаттарында орын алған лаңкестік әрекеттерге орайластырып, оқу орны ғимаратының алдында террорға қарсы бейбіт шеру өткізді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Митингке қатысқан жастар терроризмді айыптап, «әлем жұртшылығы ұлты, ұстанған бағыт-бағдарына қарамастан, ау ызбіршілікте күн кешуге тиіс» деген мағынада сөз сөйледі.

Террорға қарсы ұйымдастырылған митингке 100 қаралы студент қатысты. Қазақ көлік және коммуникация академиясының 5-ші курс студенті Аллаберген Қонарбаев: «лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушылардың көздейтіні - қандай бір мемлекеттің болмасын әлеуметтік-экономикалық ахуалын әлсірету, ондай зұлымдыққа жер шарындағы барлық адамзат баласы жұмылған жұдырықтай қарсы тұруға тиіс» деген ой айтты:

- Менің ойымша, террор деген мемлекетаралық қауіптің ең негізгі түрі болып табылады. Кез-келген лаңкестік әрекет сол мемлекеттің экономикалық жағдайын әлсіретуге бағытталады. Бүгінде Қазақстандағы қауіпсіздік шаралары мына көршілес Ресей федерациясында орын алған террорлық әрекеттен кейін қатая түскен сияқты. 11-ші қыркүйектегі оқиғаны бәріміз де көрдік телеарналардан. Шынымды айтсам бұл бізге «төбемізден тас түскендей» әсер қалдырды. Менің ойымша, ондай террорлық әрекет біздің Қазақстанда болуы да ықтимал.

Ал осы академияның 3-ші курс студенті Маржан Жиясова: «терроризм саяси ойын. Бұл жерде ұлт, ұлысқа бөлінушілік деген болмайды» деп отыр:

- Террорлық әрекеттер – ешқандай ұлт, басқа да құндылықтарға қарамайтын біреулердің саяси ойыны.

Бейбіт шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақ көлік және коммуникация академиясының кафедра меңгерушісі Анаргүл Омарова: «әлемде лаңкестік әрекеттер жиілеп кеткендігіне байланысты, білім ордасы ішінен арнайы бөлім ашылды. Бүгінгі шара сол бөлім атқарып отырған істің бастамасы. Алдағы уақытта студенттермен террорға қарсы күрес, түрлі діни бағыт ұстанған бірлестіктер жетегіне еріп кетпеу жолында ақыл-кеңес беретін шаралар ұйымдастырылатын болады» дейді:

- Бүгінгі таңда біздің құрылымдық жүйемізде көптеген өзгерістер болып жатыр. Соның ішінде мынау әлеуметтік тәрбие жұмысына байланысты жаңадан бөлімдер ашылуда. Ол бөлімдерге жаңадан, жас мамандар келіп, жұмыс істеп жатыр. Міне, осы бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған сол жақында ашылған бөлімнің мамандары. Алдағы уақытта осындай шараларды жиі-жиі өткізіп тұрады деп ойлаймын.

Осыдан тура 3 жыл бұрын терроршылар Америка Құрама Штаттарындағы бүкіләлемдік Сауда орталығын ұшақпен соғып, биіктігі аспанмен таласқан зәулім ғимаратты жермен-жексен еткен болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 3 мыңнан астам адам көз жұмған еді. Терроризм туралы ойын «ол – адамзат баласының мағынасыз соғысы» деп сабақтаған Қазақ көлік және коммуникация академиясының 2-ші курс студенті Гүлжанар Смағұлова: «осыдан 10 күн бұрын Ресейдің Беслан қаласында орын алған лаңкестік оқиға салдарынан көз жұмған жүздеген балалардың қазасы бізді де бей-жай қалдырған жоқ» деген пікір білдірді:

- Ресейде болған террорлық әрекетте көптегн жазықсыз балалар құрбан болды. Шындығында олардың не кінәсі бар еді?.. Сосын мына 11-ші қыркүйектегі жарылысты да теледидардан көрдік. Ол оқиға маған қатты әсер етті.

Ал митнгке қатысушы көлік және коммуникация академиясының 3-ші курс студенті Эльмира Қалымбетованың айтуынша, мұндай лаңкестік әрекеттер аяғы жақсылыққа ұрындырмайды:

- Осындай лаңкестік әрекеттер салдарынан қаншама адамдар өмірден кетті. Жалпы соғыс деген жақсы емес қой. Ал мына соғыстың салдары, мақсаты тіптен ерекше. Яғни, біз терроризмнің қандай түріне болсын бірауыздан қарсымыз.

Митингке қатысып, сөз сөйлеген өзге де студенттер бейбіт шеруді: «біз бүгін осыдан 3 жыл бұрынғы қасіреттерін еске алып, қара жамылып отырған Америка жұртшылығына тағы бір мәрте қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Қазақстан жастары терроризмге қарсы» деген ұранды тіркестермен аяқтады.
XS
SM
MD
LG