Accessibility links

С.Жүсіпов: “Парламент мәжілісінің спикері Жармахан Тұяқбай болуы мүмкін”

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Дүйсенбі, қыркүйектің 13-і күні Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов сайлау алдындағы халықтың дауыс беру белсенділігі, жалпы саяси партиялардың мәжіліс сайлауында иеленуі мүмкін орындары жайында жүргізген зерттеу жұмыстарының соңғы бөлігінің қорытындысын жария етті. Қыркүйектің 10-ы күні жүргізілген зерттеулер Қазақстан халқының 60 пайызы дауыс беруге баратынын, партиялар арасынан осыған дейін де топ жарып келген «Отан», «Асар», «Ақжол» партияларының сол үдеден шығып отырғанын айта келіп, Сәбит Жүсіпов: «Соңғы зерттеулер сайлау алдында бірлескен «АИСТ» блогының әжептәуір ұпай жинап, парламенттегі партиялық тізімге тиесілі 10 орынның біреуінен дәмеленіп отырғанын көрсетті» дегенді жеткізді.

Қазақстанның элеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов 10-шы қыркүйек күні жүргізілген сауалнамаға 1500 адам қатысқанын айта келіп, «осы соңғы жүргізілген зерттеу қорытындысындағы күтпеген жаңалық - сайлау алдында бірлескен «АИСТ» блогының партиялық тізіммен мәжілістегі 10 орынға өтуге мүмкіндік беретін 7 пайыздық дауысқа қол жеткізгені болды» деп отыр:

- Соңғы зерттеулеріміздегі ең бір күтпеген жағдай - “АИСТ” блогының жеті пайыздық кедергіден өтуі болды.

Қазақстан республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес, жоғарыда келтірілген әлеуметтік сауалнамаларды сайлауға 5 күн қалғанда жүргізуге тыйым салынады. «Біз осы талапты бұлжытпай орындадық» дейді Сәбит Жүсіпов. Оның айтуынша, өзі басқаратын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының мамандары мәжіліс сайлауы өтетін 19-шы қыркүйек күні де сайлау учаскелерінде дәл осындай әлеуметтік сауалнама жүргізбек. «Ол кезде 400 мыңға жуық азаматқа сұрау салуды көздеп отырмыз» дейді Сәбит Жүсіпов:

- Біз алдағы сауалнамада төрт жүз мың адам арасында сұрау жүргізбекпіз.

Институт 19-шы қыркүйек күні жүргізген сауалнамасының қорытындысын келесі, яғни қыркүйектің 20-сы күні жария етпек. «5 айға жуық мерзім ішінде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер барысын сарайлай келе, парламент мәжілісіндегі партиялық тізімге тиесілі 10 орынның 3-еуін «Отан», 3-еуін «Асар», 2-еуін «Ақжол» партиялары иеленіп, қалған 2-еуін «Айст» пен «коммунистер» өзара бөліске салатын сияқты» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов:

- Менің ойымша, парламенттегі партиялық тізіммен белгіленетін он орын осылай бөлінетін сияқты.

Сондай-ақ Сәбит Жүсіпов парламент мәжілісінің болашақ спикері кім болатынын да болжап қойыпты. «Партиялық тізімде «Отан» партиясы топ жарса, мәжіліс төрағалығы Жармахан Тұяқбайға бұйыруға тиіс» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры:

- Күні бүгінге дейін жүргізілген зерттеулер бойынша “Отан” партиясы топ жарып отыр. Тиісінше, осы партияның алдағы сайлауда бірінші орынды иеленуі мүмкіндігі де басым болмақ. Яғни Жармахан Тұяқбай мырзаның қайтадан спикер болып шыға келуі де ғажап емес.

Біз Сәбит Жүсіпов жетекшілік ететін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының сауалнамасына орайластырып, «сіз қай партияның бағдарламасымен таныссыз, 19-шы қыркүйек күні дауысыңызды қандай саяси құрылымға бересіз» деген сауалдармен Алматы жұртшылығына микрафон ұсынған едік:

-

Енді “Отан”, “Асар” партиялары жақсы маған. Өз басым “Асар”-ға дауыс беремін. Бағдарламасын оқып шықтым. Ұнады.

-

Мен дауысымды “Ақжол” партиясына беремін. Өйткені, осы партияның бағдарламасы, жалпы көтерген мәселелері менің көңілімнен шықты.

-

Мен ешқандай сайлауға қатыспаймын. Ешкімге дауыс та бермеймін. Сенбеймін ешкімге.

-

Маған “АИСТ”-тың да, “Руханияттың” да, бәрінің де бағдарламалары ұнайды. Бірақ, дауысымды “Ақжол” партиясына беремін.

-

Мен бұл жерде партияларды бөле-жара қарағым келмейді. Десек те, сайлау кезінде дауысымды “Отан”-ға беретін сияқтымын. Өйткені, халықтың басым көпшілігі сол партияны қолдайтын сияқты ғой.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институты жүргізген зерттеу жұмыстарына сәйкес, сұрау салынған азаматтардың 28,1 пайызы дауыстарын «Отан» партиясына, 24,6 пайызы «Асар» партиясына, 22,9 пайызы «Ақжол» партиясына, 8,5 пайызы бірлескен «АИСТ» блогына беруге әзір екендіктерін білдіріпті. «Алдағы бір апта осы пікірлерді айтарлықтай өзгерте қоймайды. Яғни, сайлау қорытындысы да осы шамалас болуы мүмкін» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов.
XS
SM
MD
LG