Accessibility links

Оппозициялық партия өкілдері сайлау алды науқан барысы әділетсіздікпен өтті деп отыр


Қыркүйектің 13-і күні Алматыда Қазақстанның Демократиялық күштері “Ақ жол”, “Коммунистік” және “ҚДТ” партиялары сайлаудың өту барысы жөнінде саяси баға беріп, өз қорытындыларын жариялады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы: “естеріңізде болса сайлау науқаны бастарлар алдында “Ақ жол” партиясымен “Коммунистік” және “ҚДТ” халықтық партиялары бірігіп, демократиялық күштердің меморандумын жариялаған болатынбыз. Ол меморандумда осы сайлауға қандай дайындықпен баратындығымызды және сайлауға қандай баға беретіндігімізді айқындаған едік. Меморандумға қол қойған үш партия осы аяқталып келе жақтан сайлау науқанының өту барысы жөнінде саяси баға беріп, өз қорытындыларымызды жарияламақпыз” деді. Ол: “біз әділ сайлау дегенді ҚР сайлау туралы заңын сақтау, партиялардың қатысуымен сайлау комиссияларын құру, барлық саяси партиялармен кандидаттар үшін бұқаралық ақпарат құралдарына, ең алдымен оның мемлекеттік түрлеріне тең дәрежеде шығуларына мүмкіндік беру. Сайлаушылар мен кездесу өткізуге тең жағдай жасау, деп білеміз”, дейді:

- Бұл сайлау сол заң нормалары сақталған әділ сайлау болды ма? Біздің пікірімізше сайлау науқаны әділетсіз өтті. Өте өрескел заң бұзушылықтар болды деп есептейміз. Сайлаудың соңғы этапы дауыс беру және дауыс санау процесінің бұрмалаушылықтармен өтетіндігіне күмәніміз жоқ, деген Алтынбек Сәрсенбайұлы: “электронды дауыс беруді енгізудің осы уақытқа дейін жарияланбай отырғандығы. Оның өзі күдік тудырады”, дейді.

Ал Ораз Жандосов: “саяси партиялар мен кандидаттардың көбіне Конституциялық заңның 28 бабында көрсетілгендей толыққанды сайлау алды үгіт-насихат жүргізу үшін тең мүмкіндіктер берілмеді”, дейді. Оның айтуынша, жергілікті әкімдер елді мекендерде “Отан”, “Асар”, “АИСТ” сайлау блогынан басқа саяси партиялардың жарнамалық ақпараттық өнімдерін жариялауға тиым салған.

Алтынбек Сәрсенбайұлы: “осындай орын алған заңсыздықтарды айтып, сайлау науқаны барысын заңсыз, әділетсіз деп танудағы мақсатымыз -Қазақстан халқын бүгінгі жасалынып жатқан әділетсіздіктен хабардар ету. Бүгінгі әділетсіздікпен қысымшылдықты заң бұзушылықты дәлелдеу”, дейді:



-Егер біз сайлаудан кетіп байкот жарияласақ, осы уақытқа дейін заң бұзған билік өкілдеріне үлкен сыйлық жасағанымыз. Сайлаудың соңына дейін барамыз. Шынайы түрде дауыс санау бола ма, жоқ па? Осыған халықтың көзін жеткізу. Әділетсіз өткен жағдайда жаңа сайланған парламентті мемлекеттік орган ретінде танымау жөнінде Қазақстан халқына арнау қабылдаймыз.

Оппозициялық партия өкілдерінің жасап отырған мәлімдемесіне “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегиев: “оппозиция өкілдері ақты қараға қосып “қара” деп айта береді”, деген пікірін білдірді. “АИСТ” блогының жетекшілерінің бірі - Азат Перуашев аталған мәселеге пікір білдіруді кейінге қалдырып, уақытының тарлығын айтып телефон тұтқасын тастай салды.



Ал “Асар” партиясының баспасөз хатшысы Шолпан Забих: “оппозиция өкілдерінің мұндай мәлімдеме жасаулары заңды. Олар бәрін айтады. Ол сайлау алды науқан барысында “Асар” партиясы да оппозициялық партиялар кездесіп отырған қиыншылықтарды бастан кешірді” дейді. Оның айтуынша, “Асар” партиясының басынан кешірген қиыншылықтары жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында дұрыс мәлімет берілмейді.
XS
SM
MD
LG