Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09 -14 - 2004


Сейсенбі күні жарық көрген мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде негізінен сайлау тақырыбына арналған мақалаларға көбірек орын беріліпті. “Егемен Қазақстан” басылымы Астанада “Отан” саяси партиясының форумы өтіп жатқандығын тілге тиек етсе, “Жас алаш” басылымы сайлау науқаны барысында заңсыздықтар мен әділетсіздіктердің орын алып отырғандығы туралы айтыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымы сейсенбілік санында “Отан” партиясын жақтаушылардың форумы өткендігін хабарлап, “АИСТ” деп аталатын Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларының сайлау блогын насихаттайтын материалдарға көбірек орын беріпті. Газеттің бірінші бетінде әнші Бекболат Тілеуханның мемлекет басшысымен бірге ән айтып тұрған суреті беріліп, оның астында Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” партиясын жақтаушылардың форумында сөйлеген сөзі жарық көріпті.

Қазақстан президенті өз сөзінде саяси сайыстардың аласапыранында талай жалаң ұрандар, арандатушылық айтқыштықтар орын алып отырғанынан халықты сақтандырғысы келетіндігін тілге тиек етіпті. Сондай-ақ мемлекет басшысы мұнайды, басқа да ресурстарды сыртқа шығарудан түсетін ақша қайда кетіп жатыр деген сауалдарды жиі әңгіме болып жүргендігін айта келіп, ол шикізат көздерінен түсетін пайданың әлеуметтік бағдарламаларға, мектептер мен ауруханалар салуға, жалақаны көтеруге, зейнетақыны арттыруға кетіп жатқандығына тоқталып өтіпті.

Ал, “Республика” газетінің соңғы санында Малышев деген зейнеткер редакцияға хат жолдап ең алғаш рет мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы кен орындарын игеру үшін шет ел компанияларынан пара алғандығы туралы ақпарды естігенде, сенер-сенбесін білмегендігін сөз қылыпты. Мақала соңында редакциялық түсініктеме беріліп, “Қазақгейт” сот процесіне қатысты соңғы отырыстың 29 шілдеде өткендігі, бірақ 29 беттен тұратын құжаттың құпиясы туралы ақпараттың әзірше айтылмай отырғандығы баяндалыпты.

Ал, президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Көзқарас” басылымының сынына ұшырапты. Газеттің соңғы санында жарық көрген редакциялық мақалада президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевқа “отқа май құюшы” немесе “арандатушы” деген сыңайдағы айыптаулар айтылған. Оған дәлел ретінде мақала авторы президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың “Навигатор” интернет-газетіне берген сұхбатындағы “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловке “Ол мылжыңдап жүріп, “Ақ жолдың” барлық құпиясын айтып қояды” деп баға берген сөздерін мысалға келтірген.

“Жас алаш” газетінің сейсенбілік саны да сайлау тақырыбына айрықша назар аударып, сайлауға қатысты материалдарға көбірек орын беріпті. Газеттің бірінші бетіндегі “редакцияға соғылған қоңырау” деген айдармен берілген бас мақалада редацияға Қызылорда облысы Сарыөзек ауданы, Тереңөзек ауылынан Әли Шағыров дейтін оқырманның телефон шалып, билік адамдарының депутаттыққа үміткерлер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Әлихан Бәйменовпен кездестіруге кедергі келтіріп жатқандығын баяндағандығы туралы айтылыпты.

Әли Шағыровтың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Әлихан Бәйменовтың Тереңөзек ауылына келуін күтіп Мәдениет үйіне жиналған халықты билік адамдары әй-шайға қарамастан қуып шыққан. Сондай-ақ газеттің осы санында “Ақ жол”, Қазақстанның коммунистік партиясы және Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының өкілдері мен басшыларының бірігіп сайлау науқанына баға беріп, мәлімдеме жасағандығы хабарланыпты. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы журналистерге берген сұхбатында “Ақ жол” партиясының сайлауға байкот жарияламайтындықтарын және сайлаудың аяғына шейін қатысатындықтарын мәлімдепті. “Газеттің екінші бетінде Қазақстанның демократиялық күштерінің мәлімдемесі жарық көріпті. Аталмыш мәлімдемеде билік тармақтары тарапынан “Сайлау туралы Конституциялық заңның өрескел бұзылып отырғандығы айтылыпты. Саясаттанушы Әзімбай Ғали болса “Жас алаш” газетіне берген көлемді сұхбатында заманның осылай тұра бермейтіндігін, күндердің-күнінде Қазақстандағы билік басына да қазақтың Путині келетіндігіне сенімді екендігін білдіріпті. Әзімбай Ғалидың айтуынша, қазақтың Путині келердің алдында билікке мемлекетшіл, патриот азаматтарды шоғырландыру қажет.

“Литер” басылымының сейсенбілік санында жарық көрген мақалада “Отан” партиясының кейбір мүшелерінің кей жағдайда қысым көрсету арқылы белгілі бір мақсаттарды жүзеге асыруға қол жеткізетіндігі баяндалыпты.

“Айқын” басылымы сейсенбілік санында 12 партияның қайсысы қанша орын алатындығын дөп басқан азаматтарға жүлде беретіндігін хабарлапты. “Айқын” газетінің айтуынша, қай партияның айы оңынан туып, жұлдызы жоғары тұрғанын, яғни алдағы Парламент сайлауында Қазақстандағы қандай саяси партияның Мәжілістен қанша орын алатындығын дөп басып болжай алған оқырман Теледидар мен ДВД қосалқысын ұтып ала алады екен.

“Экспресс К” газеті өткен аптада Шығыс қазақстандық жүйелі зерттеу орталығының Қазақстан халқының арасында сайлауға байланысты сауалнама жүргізгендігін хабарлапты.
XS
SM
MD
LG