Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша «Коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы оппозициялық халықтық одағы» блогының үгіт роликтері телеарналардан алынып тасталды


«Аист» сайлауалды блогы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына «Коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы оппозициялық халықтық одағы» блогын сайлауға қатыстырмау жөнінде шағым түсірді. Шағымда «Коммунистер мен ҚДТ» блогы үгіт насихат шараларын «Жақиянов пен Әбділдин» блогы деген атаумен жүргізіп жатқанын, мұның заңға қайшы екені айтылады. Ал «Коммунистер мен ҚДТ» блогы болса қыркүйектің 15-і күні Қазақстанның Жоғарғы сотына Орталық Сайлау комиссиясының үстінен шағым түсірді. Оған Орталық сайлау комиссиясының ұсынысымен қыркүйектің 14-інен бастап «Коммунистер мен ҚДТ» блогының телеарналардағы үгіт роликтерінің алынып тасталғаны себеп болған. «Аист» блогы баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмарал Әбжанқызы «Коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы» блогының өздерін жарнамалау тұрғысында орын алып отырған түсініксіз жайттарға қатысты Орталық сайлау комиссиясына сұрақ жолдадық», - дейді.

14 қыркүйек күні кешкісін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос республикалық телеарналарға аталған блоктың үгіт роликтерін тоқтату жөнінде хат жолдаған. Ал блок мүшелері болса орталық сайлау комиссиясының бұл әрекетін заңсыз деп танып отыр. «Осыған орай Жоғарғы сотқа арыз түсірдік. Орталық сайлау комиссиясының телеарналардағы роликтарды тоқтату жөнінде нұсқау беретіндей құқықтары жоқ. Сондықтан, олар лауазымдарын пайдаланып, заңсыздыққа жол беріп отыр», - дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» Халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Зәуреш Батталова.

Ал «Коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы» блогының тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығынан үміткер Гүлжан Ерғалиева мұны «Жақиянов пен Әбділдин» блогы деген атаумен жүріп жатқан роликты тоқтату әрекеттерінің бірі, сонымен қатар «Коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы оппозициялық халықтық одағы» блогын сайлауға қатыстырмаудың амалымен қоса, жоғарғы жақтың тапсырмасымен де жасалуы мүмкін, - деп есептейді. Ал Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясы атқару комитетінің төрағасы Асылбек Құжахметов билік басындағылар Қазақстанның демократиялық таңдауының рейтингі ресми мәліметтегіге қарағанда әлдеқайда жоғары. Олар содан жүрексініп отыр дейді.

Осы мәселеге қатысты Орталық сайлау комиссиясына хабарласқанымызда комиссия хатшысы Владимир Фоос әзірге ештеңе айта алмайтындықтарын, комиссия отырысынан кейін белгілі болатындығын айтты.
XS
SM
MD
LG