Accessibility links

ТМД елдерінің Сыртқы істер министрлері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Үндеу жолдау туралы шешім қабылдады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Астанада өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері Сыртқы істер министрлерінің кезекті бас қосуын бұл жолы Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенко төрағалық етті. Кездесуден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген ТМД елдерінің сыртқы істер министрлері мемлекеттер тарапынан ұсынылған бірнеше ұсыныстарды қабылдағандықтарын жариялады.

Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенконың мәлімдеуінше, олар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Үндеу жариялау туралы шешім қабылдаған. Олар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмысын қайта құрылымдауды сұрайды. Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенко Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымы ТМД мемлекеттерінің басында тұрған ең маңызды мәселелерге көңіл аударса деген тілек білдіреді. Ол қауіпсіздік мәселесі, экономикалық тұрақтылық және әлеуметтік жағдай басты назарда тұру керек деп есептейді.



Украина сыртқы істер министрі Константин Грищенко: «ТМД елдерінің бұл Үндеуі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының жұмысын сынағаны емес, керісінше олардың іс-әрекетін арттыруға қадам жасау», – дейді.



Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері Сыртқы істер министрлерінің бас қосуында Қазақстан тарабы Тәуелсіз мемлекеттер достастығын қайта құрылымдау жөнінде бірнеше ұсыныстармен шыққан көрінеді. Бірақ ол қандай ұсыныстар, оны Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жария етеді дейді.



Сонымен қатар Кеңес отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер аумағындағы түрлі қылмыстармен және ұйымдасқан қылмыспен күресті үйлестіру жөніндегі Бюроның құрамында прекурсорлар мен есірткінің заңсыз айналымымен күресті үйлестіретін құрылымдық бөлімшелер мен солардың Орталық Азиядағы аймақтық жедел топтарын құру жөніндегі ұсыныс мақұлданды. Сондай-ақ Украина, Беларус және Ресейдің ұсынысымен 2006 жылды Чернобыль апатының құрбандарын еске алу жылы деп жариялау жөнінде шешім шығарылып, Душанбеде трансшекаралық өзендер мәселесіне арналған халықаралық конференция өткізу жайы келісілді.



Кеңесті төрағалық еткен Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенконың пікірінше, бүгінгі таңда ТМД елдерінің ешқайсысы да бұрынғы Кеңес одағына қайта оралуға жол бермейді. Ол сонымен қатар ТМД елдері құрылымының мүмкіндіктерін заманның жаңа қауіп-қатерлеріне қарсы пайдаланбай болмайтындығын айтты. Оның ойынша, Достастық елдерінің арасында қазіргі кезде визасыз қарым-қатынас орнатылған және адамдардың, тауарлар мен капиталдың еркін орын ауыстыруы үшін ешқандай кедергілер жоқ.

Сондықтан, біздің міндет ешқандай лаңкеске, қылмыскерге осы еркіндікті пайдаланып кетуге жол бермеу, – дейді Украина сыртқы істер министрі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде.
XS
SM
MD
LG