Accessibility links

ТМД басшылары лаңкестікті айыптайды


Қазақстанда өткен ТМД елдері басшыларының кезекті саммиті Президент әкімшілігінің жаңа ғимаратында өтті. Саммитке Түркіменстан мен Молдoва мемлекеттері басшыларынан басқа ТМД-ға қатысушы елдер басшыларының барлығы келді. ТМД басшыларының бас қосуында күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі – терроризммен күрес және қауіпсіздік шараларын күшейту. Заңсыз көші-қон мәселесіне тосқауыл қою. Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттерінің арасындағы өзара түсінбеушілік мәселелері Астанада өткен саммитте екі жақты талқыланды. Айталық, Армения мен Әзірбайжан президенттері Ресей президентімен Таулы Қарабах мәселесін талқылаған көрінеді. Сонымен қатар Ресей президенті мен Грузия президенті екі жақты кездесу өткізді.





Астанада өткен ТМД елдері басшыларының саммитіне төрағалық еткен Украина Президенті Леонид Кучма он мемлекеттің басшылары терроризмді айыптайтын мәлімдеме қабылдағанын және лаңкестікпен күресуде бірігіп жұмылатындықтарын, қауіпсіздік шараларын күшейтуде бірлесе жұмыс істейтіндіктерін жариялады.



ТМД басшыларының кездесуінде заңсыз көші-қонға тосқауыл қоятын тұжырымда қабылданды және 2005-2007 жылға арналған есірткі құралдарын заңсыз жөнелтуге қарсы күрес жайында қарар қабылдады.



Сонымен қатар Украина басшысы Леонид Кучманың айтуына қарағанда, ТМД аясында сауда-экономикалық қарым-қатынасқа кері әсер ететін маңызды пробелмаларды талдаған көрінеді. Бұл төңіректе олар ТМД аясында экономикалық қарым-қатынасты өркендету үшін еркін экономикалық кеңістік құруды жеделдету керек деген шешімге келген.



Беларусия Президенті Александр Лукашенко өз кезегінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы іс-әрекеттері жағынан артта қалып бара жатқандығын жеткізді. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД-ны түбірімен қайта құрылмдау керек деген ұсыныстарымен толық келісетіндігін мәлімдеді.



Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жаңа ордасында ТМД-ны жетілдіру мен реформалау жобасы аясында құрамында сыртқы істер және қорғаныс министрлері, құқық қорғау органдарының басшылары бар Қауіпсіздік кеңесін құру мәселесін ұсынды. Қазақстан басшысының айтуынша, ұсынылып отырған Қауіпсіздік кеңесін сыртқы істер министрлері басқарып, олар бәрімізді толғандыратын ғаламдық мәселелер мен біздің сыртқы әлеммен қарым-қатынасымыздағы ортақ мүдделерге қатысты құжаттарды әзірлеуі тиіс.



Ал Армения Президенті Роберт Кочярян болса ТМД-ны модернизациялау өте байыптылықты қажет ететіндігін айтты. Оның ойынша, қазіргі жұмыс істейтін ұйымдарды сақтап қалу қажет. Ал алдағы уақытта бізге не қажет соны айқындап алуымыз керек дегенді жеткізді.



Бүгінде ТМД елдерінің ішіндегі өзара келіспеушіліктер салмақты орын алып келеді. Бұл жайында Ресей Президенті Владимир Путин мемлекеттер арасындағы өзара түсінбеушілікті ретке келтірмей ТМД-ны дамыту мүмкін еместігін жеткізді.



Ал ол келіспеушіліктерді реттеу үшін ұзақ уақыт, шыдамдылық және ымара қажет,– дейді Ресей Президенті.



Өзбекстан Президенті Ислам Каримов саммитте басты өзек болған терроризм төңірегінде, оны қазіргі заманауи қару-жарақтармен жою мүмкін еместігін айтты. Ол сөзінде әлі ешқандай мемлекет терроризммен күресуге дайын еместігін көрсетіп отыр. Бұны мойындауымыз керек , – деді Ислам Каримов.



Ал Қазақстан Президенті терроризм жөнінде бүгінде жер бетінде 500-ге жуық террористік ұйымдар бар екенін, лаңкестікті жою үшін ең алдымен идеология қажет екендігін жеткізді.



Саммиттен кейін Ресей Президенті мен Грузия Президенті арасында екі жақты кездесу орын алды. Ал келесі саммиттің төрағасы болып Ресей Президенті Владимир Путин сайланды.
XS
SM
MD
LG