Accessibility links

Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерi ЕҚЫҰ-ның талаптарын орындамау мақсатында ұйым жұмысын реформалау қажеттiгiн айтады


Астанадағы өтiп жатқан Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерiнiң саммитiнде алдын ала берiлген күн тәртiбiнде Еуропа қауiпсiздiгi және ынтымақтастығы ұйымының қызметiне байланысты мәлiмдемеге қол қойылу көрсетiлген болатын. Онда осы ұйым жұмысын реформалау жайы айтылады делiнгендi.

Соған байланысты қазақстандық саясаткерлер адам құқының еуропалық талаптарға сай сақталуы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрдi.

Саясаттанушы Әзiмбай Ғалидiң айтуынша, бүгiнгi таңда Еуропа қауiпсiздiгi және ынтымақтастығы ұйымының жұмыстарын сынау емес, оның талаптарын орындау керек. “ Қазiргi уақытта ЕҚЫҰ бiздiң мелекеттерiмiздi сынайды. Кемшiлiктерiмiздi айтады. Мәселен, сайлауға дайындық барысында кемшiлiктердiң орын алып отырғандығын бақылаушылар көрсетiп отыр.”,-дейдi Әзiмбай Ғали.

«Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерiнiң қазiргi басшыларының түгелге дерлiгi кешегi коммунистiк жүйеден шыққаны белгiлi. Соған орай олар сол бұрынғы тәртiптi ұстап қалғысы келедi ЕҚЫҰ-ның талаптарын орындау орнына Ресейдегi лаңкестiк әрекеттерге қарсы күрестi желеу етiп, демократияны әлсiреткiсi келедi,- »дейдi саясатшы Әмiржан Қосанов.

«Менiң ойымша негiзiнен ЕҚЫҰ-ын реформалау мiндетiн өзгерту, оның аясын тарылту Өзбекстан мен Ресей секiлдi мемлекеттердiң iсi. Ол мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның демократия үрдiсiн ынталандыру, сайлауды, адам құқығының орындалуын қадағалау талаптарымен келiсе бермейдi. Соған ұқсас ұйымды Азиядан ашқысы келедi,-» дейдi Әзiмбай Ғали.

Павлодар облысындағы Шiдертi кентiнде жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақиянов аталған халықаралық ұйымның атына айтылып жатқан сындарға әсте келiспейтiнiн бiлдiрген едi. «Өйткенi, Қазақстан 2009 жылы ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметiн атқаруға ниет ете отырып, оны сынға алуы ешқандай қисынға келмейдi-,»дейдi Жақиянов.

Президент жанындағы Адам құқын қорғау жөнiндегi комиссияның хатшысы Тастемiр Әбiшев бүгiнгi таңда Еуропа қауiпсiздiгi және ынтымақтастығы ұйымының барлық талаптары өз дәрежесiнде орындалып отырғандығын айтады.

Бұдан екi ай бұрын Мәскеу кездесуiнде ТМД-ға мүше 10 мемлекеттiң ЕҚЫҰ-ның қызметiне сын айтқан мәлiмдемесi жарияланған болатын. Солардың бiрi Қазақстан республикасы 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге ниет етiп отыр.
XS
SM
MD
LG