Accessibility links

Адам құқықтары жөніндегі Халықаралық Хельсинки федерациясының бақылаушылары Қазақстандағы сайлауға қатыса алмайтын болды

  • Айнагүл САҒДИ

Халықаралық Хельсинки федерациясы бақылаушылар тобының жетекшісі Лев Пономаревтың айтуына қарағанда, бақылаушыларды тіркеу туралы өтінішті 13-ші қыркүйек күні сағат 24-ке дейін жіберу керек болатын. «Біз сол уақытқа дейін өтінішті де, толтырылған анкеталық мәліметтерді де электрондық поштамен жіберіп үлгердік. Алайда, Сыртқы істер министрлігі мәлеметтерді қыркүйектің 14-і күні алдық деп отыр. Ең бастысы біз тіркеу туралы өтінішті уақытында жібердік, ал анкета қосымша қағаз болатын. Заңда ондай ештеңе көрсетілмеген», - дейді Лев Пономарев.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Парламет Мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысатын адам құқықтары жөніндегі Халықаралық Хельсинки Федерациясын бақылаушы ретінде тіркеуден бас тартып отыр. Өзін таныстырғысы келмеген Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері бақылаушы ретінде қатысамын деушілерге екі ай уақыт берілгендігін, өкпелерінің негізсіз екендігін айтады. «60 күн жетпегендей соңғы күні жіберіп отыр. Біз соған қарамастан, жарайды қабылдайық, тек мына анкетаны толтырып беріңіздер деп түсініктеме жібердік. Ал олар қырсыққанда қыркүйектің 13-і күні емес, 14-і күні жіберіп отыр. Ол күні «Сайлау туралы» Заңға сәйкес тіркеу рәсімі аяқталған болатын. Мәліметтердің 14-і күні таңертең сағат 9-дан аса түскендігін біздің электрондық пошта арқылы тексеріп көруге болады», - дейді министрлік қызметкері.



Ал Халықаралық Хельсинки федерациясы бақылаушылар тобының жетекшісі Лев Понамарев «Сыртқы істер министрлігі мұны әдейі істеп отыр. Өйткені, аталған ұйымның бақылаушылары бір мандатты округтен түсіп жатқан бірден-бір оппозиционер Төлен Тоқтасынов бақ сынайтын округтерге баруды жоспарлаған еді», -- дейді.



Сенатор Зәуреш Батталова болса мұның тағы бір себебі бар дейді. «Бақылаушы топ 2002 жылы Қарлығаш Жақиянова сайлауға түскен округте болып, сайлаудың заңсыз өткенін, Қарлығаш Жақиянованың жеңіске жеткенін өздері есептеп, дәлелдеген болатын. Сондай-ақ, Лев Пономарев Мемлекеттік Думаның депутатымен Құсмұрынға барамын деп келген еді және Пономарев пен Мемлекеттік Думаның екінші депутаты Ғалымжан Жақияновтың сотына қатысқан болатын. Лев Пономаревтың қол астындағы бақылаушы топтың Демократиялық оппозициямен қарым-қатынаста екендіктері байқалып отыр. Сол себепті бұл кісіні Орталық сайлау комиссиясында танып, білетіндіктерін айтқан. Бірақ, Орталық сайлау комиссиясы біз сізге ештеңе айта алмаймыз, бұл мәселе Сыртқы істер министрлігінде шешілмеген деген жауап айтқан», - дейді Зәуреш Батталова.



Қазақстанның сыртқы саясат мекемесі баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде, «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың бақылаушыларын тіркеу амалы дауыс беруге 5 күн қалғанда аяқталатыны, министрлікке келіп түскен және тіркеу куәліктерін рәсімдеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жіберілген өтініштер бойынша халықаралық немесе үкіметтік емес ұйымдардың бір де-бірімен келіспеушіліктердің болмағаны айтылады. Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде «Халықаралық Хельсинки федерациясы мәліметтерді кешіктіре отырып, сайлауды өткізуге қатысушы ресми құрылымдардың беделін түсіру үшін саяси себептерге байланысты бақылаушыларды тіркеген жоқ деп негізсіз айыптауда», - делінген. Ал Халықаралық Хельсинки федерациясы бақылаушылар тобының жетекшісі Лев Пономарев сайлауға қатысушы бақылаушылардың тізімдері мен анкеталық мәліметтерін құжаттарды тіркеу уақыты аяқталу мерзіміне дейін жібергендігін дәлелдейтін қағаздарын алға тартуда.
XS
SM
MD
LG