Accessibility links

ТМД-ның болашағы бар ма?!


Астанада өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының бас қосуы, бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы мемлекеттердің ішіндегі өзара кикілжіңнің өршіп отырғандығын көрсетті. ТМД басшылары еркін сауда аймағын құруға қол жеткіземіз дегендерімен арадағы саяси қақтығыстар экономикалық қарым-қатынастың дамуына кедергі келтіріп отыр. Астанаға жиналған бұрынғы кеңістіктегі он мемлекет басшыларының әрқайсысы жеке амбицияларын көрсетіп қалды.



Құрамына он бес республика кіретін Советтік Социалистік Республикалар Одағы құлағаннан кейін 1991 жылдың 30-желтоқсанында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды. Оған Латвия мен Литва және Эстония мемлекеттерінен басқа пост кеңістіктегі он екі мемлекет мүше болды. Бірақ соңғы уақытта Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің басшылары бас қосатын саммитке келуді қойды. Қазақстандық сарапшылардың пікірлерінше, соңғы Астанада өткен ТМД басшыларының саммиті бұрынғы Кеңес Одағындағы мемлекеттердің әр қалай бағыт алып отырғандығын, әрқайсысының мақсат-мүдделерінің басқаша екендігін аңғартады.



Аталмыш саммитте Әзірбайжан мен Армения арасында, Молдова мен Украина арасында және Молдова мен Ресей арасында, сонымен қатар Грузия мен Ресей арасында келіспеушіліктің шиеленіп тұрғанын байқатты. Жоғарыдағы мемлекеттердің басшылары араларындағы кикілжіңді шешу үшін Астанада екі жақты, үш жақты кездесулер өткен көрінеді. Мысалы Әзірбайжан мен Армения басшылары Ресей президентінің қатысуымен кездесу өткізген. Бірақ сол елдің журналистерінің пікірлеріне қарағанда, кездесуден кейін екі мемлекет басшылары ашулы шыққан. Сонымен қатар саммиттен кейін Ресей президенті Владимир Путин мен Грузия президенті Михаил Сакаашвилидің екі жақты кездесуі өтті. Алайда нәтижесі ақпарат құралдары үшін құпия қалды. Ал Украина президенті Леонид Кучма саммитке қатыспаған Молдова Президентіне өкпесін жеткізді. Оның айтуынша, Молдова билігі украиндер мен орыстардың басым қоныстанған Приднестровье өлкесіндегі украин мектептерін жабуға күш салған. Сондай-ақ Ресей мен Грузия басшылары Абхазия жағдайында өздерінің ұстанымдарын білдірді. Бірақ олардың пікірілері бір жерден шықпады.



Қазақстандық сарапшы Дәурен Рахметұлының пікіріне қарағанда, ТМД-ның болашағы Ресейдің қолында. «ТМД әрі қарай қалай дамиды? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен Ресейдегі саяси процестерге назар аудару керек. Ресейдегі саяси процестер қалай дамиды. Соған қарай ТМД-ның болашағы айқындалады», – дейді Дәурен Рахметұлы.



Дәурен Рахметұлының ойынша, Ресей Президенті Владимир Путиннің мақсаты бұрынғы Кеңес Одағындағы мемлекеттерді қайтадан Ресейдің уысына жұмылдыру.



Ал саясаттанушы, профессор Әзімбай Ғалидың пікірінше, ТМД-ның құрамындағы мемлекеттер үш бағытқа қарай бет алып барады. «ТМД мемлекеттері үш тарапқа бөлініп жатыр. Оның бір бөлігі АҚШ пен Еуропаға бағыт алып отыр. Ол Грузия, Молдова, Украина, Өзбекстан және Қазақстан. Ал Ресей мен Беларусия, Армения бағыты жақын еді. Қазір бір-бірлерінен алшақтап барады. Ал өз тарапынан ешкімге қосылмаған Түрікменстан ішкі дағдарысқа ұшырап отыр», – дейді Әзімбай Ғали.



Сарапшы Дәурен Рахметұлы саммитте сөз болған терроризммен күрес мәселесінің өзі – Ресейдің ықпалын күшейту дегенді білдіреді дейді.



Ал сасяаттанушы Әзімбай Ғали болса, бұл саммит ТМД-ның болашағы бұлыңғыр екенін аңғартып отыр дейді.



Астанада өткен саммитте Ресей Президенті В.Путиннің өзі мемлекеттер арасындағы кикілжіңді реттемей, ТМД-ның маңызын арттыру қиын деген болатын. Ал қазақстандық сарапшылар болса, ТМД аясында еркін сауда айналымын жүзеге асырамыз деген олардың мақсаттары әзірге тек сөз жүзінде қалуы мүмкін дейді.
XS
SM
MD
LG