Accessibility links

Израил бақылаушылары Сенат төрағасынан қос азаматтық алу мәселесін сұрады


Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев Парламент Мәжілісі сайлауына бақылаушы ретінде келген ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілдерін, Израиль мемлекетінің бақылаушыларын бастап келген Моше Коэн мен Франция елінің бақылаушылары атынан Эмери де Монтескьюмен кездесті. Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев биыл қабылданған «Сайлау туралы» Конституциялық заң Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының талаптарына сәйкес келеді. Сондықтан биылғы Парламент сайлауында бұрмалаушылыққа жол берілмейді деген пікірін жеткізді.



Қазақстан Парламенті Мәжілісі сайлауына шет мемлекеттерден мыңнан астам бақылаушылар шақырылыпты. Оның бес жүзге жуығы ТМД елдерінен болса, үш жүздейі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының өкілдері. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев халықаралық бақылаушыларды Қазақстандағы сайлау жүйесімен таныстырды. Ол биыл сайлау жаңа қабылданған заңмен өтіп отырғандығын және биыл алғаш рет электронды дауыс беру жүйесін іске қосып отырғандығын жеткізді. Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, Республикадағы барлық сайлау учаскелерінің 10 пайызында дауыс беру биыл «сайлау» ақпараттық автоматтандырылған жүйесі арқылы өтеді. Сонымен қатар ол биыл он екі саяси партияның сайлау додасына түскелі отырғанын де жеткізді.



Израиль мемлекеті бақылаушыларының делегациясы атынан Сенат төрағасымен кездесіп отырған Моше Коэн мен Софа Ландвер Қазақстандағы сайлаудың әділ, ашық өтетініне сенімдіміз деген ойларын білдірді. Олар бақылаушы рөлін атқара отырып, Қазақстан Президентіне арнайы хат әкеліпті. Оны израилдық бақылаушылар Сенат төрағасына ұсына отырып, Қазақстан президентіне беруін сұрады. Софа Ландвердің айтуынша, бүгінде Израильде отыз мыңнан астам Қазақстаннан қоныс аударған израиль азаматтары тұрады. Израильден келген халықаралық бақылаушылар сол азаматтарға қос азаматтық алу мүмкіндігін жасау туралы өтініштерін білдірді. Олар Қазақстан заңында қос азаматтық алу мүмкіндігі жасалса деген ойларын ашық айтты.



Израильдық бақылаушылардың бұл өтініштеріне Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев Қазақстан Конституциясында екі азаматтық алуға мүмкіндік берілмейтіндігін, бірақ алдағы уақытта бұл мәселені қарауға болатындығын жеткізді.



Ал Франциядан келген бақылаушылар Қазақстанның демократияға қалай бет алып бара жатқандығын жіті бақылап отырғандықтарын айтты. Олар Қазақстан Конституциясы Францияның Конституциясы негізінде жазылғандығын айтып, бірақ біз әлі енгізбеген электронды дауыс беру жүйесін қазақстандықтар бірінші болып қолданғалы отыр деген пікірілерін айтып қалды.





Өз кезегінде Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Федерация кеңесінің мүшесі, бақылаушылар тобының үйлестірушісі Леон Ковальский Қазақстанда болған аз күннің ішінде бақылаушы топтың бірқатар партиялардың өкілдерімен кездесіп, сайлау учаскелеріне барып сайлаушылармен пікірлескендерін және Қазақстанда сайлауға дайындық жоғары деңгейде жүріп жатқанын атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG