Accessibility links

400 мыңнан астам алматылық электронды жүйемен дауыс береді деп күтілуде


Алматы қаласында бүгінде 440 сайлау учаскесі бар, оның 212-де сайлау электронды дауыс беру жүйесімен өтеді деп хабарлады Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Байделдинов cенбі күні.

- Алматылықтардың көпшілігі, шамамен 400 мыңнан артық адам жаңа тәсілмен дауыс береді. Бізді бұрын сайлау кезінде лас технологиялардың қолданылатындығы үшін сынайтын. Электронды дауыс беру жүйесі арқылы енді сол тәсілдерден алшақтауға құқықтық мүмкіндіктің беріледі.

Ол лас технологияларға мысал ретінде сайлау кезінде қосымша тізімдердің, белгісіз адамдардың, бір топ сайлаушыларды салып алып бірнеше учаскелер арасында сабылатын автобустардың пайда болатындығын келтіреді.

- Электронды дауыс беру осының барлығының тамырына балта шабады. Енді бір мәрте дауыс берген адам басқа учаскеден қайтара дауыс бере алмайды.

Алайда, бұл орайда сайлаушылардың пікірі қандай? Өзін компьютер маманымын деп таныстырған азамат электронды жүйемен дауыс беру нәтижесін бұрмалауға мүмкіндік бар деп есептейді:

- Деректер базасы деген болады.

Қазақстандықтардың сайлау кезіндегі дауыстары соған жіберіледі. Штрих-кодтары туралы мәліметтер сонда жинақталады. Сол деректер базасына кіруге мүмкіндігі, паролін білсе болды, дауыстарды алмастыруға болады. Мысалы, «Асарға» берген дауысты «Отанға» деп жіберуге болады...

Алматы қалалық сайлау комиссиясы төрағасы Байделдиновтің сөзіне қарағанда, Орталық сайлау комиссиясынан электронды жүйемен қатар қағаз бюлетеньдермен дауыс беруді қалдыру туралы нұсқау келген:

- Таңдау – сайлаушылар ықтиярында.

Ал бұл орайда сайлаушылардың пікірі қандай?

- Мен сайлауға барамын. Біздің учаскеде электронды жүйе енгізілген. Меніңше, одан қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Көру керек.

-

Сайлауға бармаймын. Осы жексенбіде ауылға кетуді жоспарлап қойғанбыз.

-

Дауыс беруге барамын. Бірақ қағаз бюлетеньмен дауыс бергеніміз дұрыс болар еді деп есептеймін.

-

Сенбеймін де, барғым келмейді де. Бізге ешкім ешнәрсе айтқан жоқ. Штрих-код дегенді ешкім берген жоқ.

-

Мен тіптен қайда барып дауыс беретінімді де білмеймін. Менің үйіме келіп ешкім ештеңе айтқан жоқ.

Десек те, Алматы қалалық сайлау комиссиясы төрағасының сөзіне қарағанда, 750 мыңға жуық алматылық сайлауға қатысады деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG