Accessibility links

ТМД елдерінің басшылары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына үндеу жолдаған


“Азаттық” радиосының тілшілері мұндай үндеу туралы, Ресей Федерациясының Сыртқы Істер министрлігінің сайтынан білген соң, үндеу жайында толығырақ мәлімет алу мақсатында, Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігіне хабарласқан еді.

Аталған министрліктің қызметкері Мұхтар Кәрібай, бұл туралы министрлікте көпшілігінің хабарсыз екенін айтып, түстен кейін хабарлассақ, барлық мәліметтерді біліп беруге тырысатынынын жеткізді.

Уәделескен уақытта хабарласқанымызда, министрліктің қызметкері Мұхтар Кәрібай ТМД-ға мүше елдердің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы әріптестерге деп аталатын үндеуді қабылдау туралы бастаманың қалай көтерілгені туралы мынандай мәлімет берді.

-

Бастама Ресей тарабынан болған. Достастыққа мүше өзге елдер, оның мәтінімен танысып шыққан соң, келісіп қол қойған -

Қанша ел қол қойған? -

Қатысқандардың бәрі қол қойған -

Қазақстан да осы үндеуге қол қойған ба? -

Ол жағын мен айта алмаймын. Мүмкін президенттің баспасөз қызметінен сұрап білерсіздер.

Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметінің қызметкері Жанна Құрманғалиева бұл сұраққа төмендегідей жауап берді.

-

Әрине енді, ТМД-ға мүше болған соң, кездесу Астанада өткен соң, қалай оған Қазақстан қатыспайды.

Ресей Сыртқы Істер министрлігінің сайтында жарияланған үндеудің мәтінінде, оған қол қойған ТМД елдерінің басшылары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, ТМД аймағында саяси ахуалға мониторинг жүргізіп қоюмен шектеліп қалмай, сонымен қатар, аймақтағы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық іс-шаралардың да белсенді ұйытқысы болса деген ұсыныс жасаған. Сонымен қатар үндеуде, бірнеше ТМД елдерінің сайлау заңнамаларына баға беруде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы объективті баға беретін жүйені қалыптастыруы керек делінген. Жалпы бұл, осы мазмұндағы алғашқы үндеу емес. ТМД елдері басшыларының осыдан екі ай бұрын, шілденің 12 інде Мәскеу қаласында өткен кезекті бір жиылысында осыған мағыналас үндеу жарияланған болатын. Ол мәлімдемені көптеген сарапшылар ТМД-ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қойған қатаң талаптары ретінде қарастырған еді. Бұл туралы саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді.

- Кезінде ОБСЕ-нің орнына Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық деген ұйым құру керек. Бізге ОБСЕ-нің керегі шамалы деген пікірлер де айтылды.

Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов, жекелеген ТМД елдерінің басшылары мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арасында қалыптасқан жағдай туралы мынандай пікірде.

- Демократиялық стандарттардың: “билік 4 жылда бір рет ауысып тұруы тиіс”- деген үлкен бір құндылықтары бар, меніңше ТМД елдерінің басшыларына ОБСЕ-нің осы стандарттарына жақпайтын сияқты. Сондықтан экономика, экология, білім жағына көңілді көбірек бөлген жөн дегеннің астарында осы тезиске қарсылық жатыр.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали: “Қазақстан, демократиялық процестерді жеделдетуде үлкен жұмыстар атқарып жатыр, сондықтан ТМД мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арасында туған салқындыққа, достастыққа мүше жекелеген елдердің әрекеті себепші болып отыр” деп баға береді.

-

Қазір Қазақстанда біраз демократиялық процестер жүріп жатыр. Мысал ретінде сайлау жүйесін, адам құқығын қорғау саласын атауға болады . Ал мына, әсіресе Өзбекстан, Ресей сияқты елдер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымың талаптарына бағынуға құлқы жоқ.

Ал Қазақстандағы “Тәуекелдерді бағалау тобының” жетекшісі Досым Сәтпаев: “ТМД-ға мүше елдерінің басшыларының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен арадағы келіспеушіліктерінің себебі, оларға халықаралық ұйымның, ТМД елдеріндегі саяси процестердің дұрыс жүргізілмей отырғандығы мен адам құқықтарының бұзылып жатқандығы туралы мәлімдемелерінің көңілдеріне жақпай отырғандығында”- деп түсіндіреді.

-

Бұл басшылар үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы көзге шыққан сүйелдей болып тұр.

Ал Қазақстан жұртшылығы ,Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуіне, халықаралық ұйымдардың пікірлерімен санасуына қатысты түрлі пікірлер айтуда.

-

Ешқандай пікірлеріне құлақ аспауы керек. Қазақстн дербес саясат жүргізуі керек.

-

Керек емес, Қазақстанның ісіне араласпасын.

-

Неге арласапаулары керек, олар халықаралық ұйым ғой олардың да бағасын білген жөн.

ТМД елдері басшыларының бұдан бұрынғы үндеуіне Грузия мен Әзірбайжан секілді елдер қосылмаған болатын. Ал қыркүйектің 15-інде Астанада қабылданған үндеуге достастыққа мүше елдердің қаншасы қол қойғаны туралы Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігінен нақты мәлімет ала алмадық.
XS
SM
MD
LG