Accessibility links

Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім: «Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауына дұрыс дайындалмаған» деп отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Жексенбі, қыркүйектің 19-ы күні республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім осы күнге белгіленген Қазақстан парламенті мәжіліс сайлауына қатысты өзі басқаратын мекеменін сайлау учаскелерінің сайлауға дайындығы және сайлау учаскелерінің ашылуы барысына қатысты жүргізген бақылау жұмыстарының қорытындысын жария етті. «Қазақстанның 11 облысы мен 3 қаласындағы 2 мың учаскесінде бақылау жүргізген тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің мамандары түрлі деңгейдегі заң бұзушылықтарды анықтады» дейді жүйе төрағасы Дос Көшім. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының мәжіліс сайлауына жасаған дайындығы өте төмен дәрежеде болып, соның салдарынан қатардағы сайлаушылардың қарапайым құқықтары аяқ асты етілуде. Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы мәжіліс сайлауына қатысты бақылау жұмыстарының түпкілікті қорытындысын кейінірек жария етеміз деп отыр.

Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшімнің айтуынша, сайлауға бар-жоғы бір күн қалғанда дауыс беру жүйесін өзгерту жергілікті сайлау комиссияларын әбден састырып тастаған:

- Сайлауға дайындық, ұйымдастыру жұмыстарының өз деңгейінде өтпеуінің салдарынан Қазақстан республикасының «Сайлау туралы» заңы бұзылды. Мен тек бір мысал айтайын: Бюллетеннің өзін кеше түнде әлі алмаған учаскелер болды. Ал заңға сәйкес, олар бюллетендерді бір күн бұрын алуға тиіс болатын. Және дәл қазіргі кезде осы сайлау жүріп жатқанда кімнің қалай дауыс беретінін анықтау, кімнің бюллетенге құқығы бар екенін білмей, мәселен: қарт кісілер солай дауыс беруге тиіс, сосын кейбіреулерді «электронды дауыс бересің» деп міндеттеу, міне осының бәрі сайлау комиссияларының арасында соғып жатқан құйын, боран сияқты болып кетті. Дәл қазір менің сайлау комиссияларының мүшелеріне жаным ашып отыр. Өйткені, бұл жерде заңды бұзбау мүмкін емес. Өйткені заң дегеніңіз Орталық сайлау комиссиясы төрайымының осыдан 1 күн бұрынғы қаулысымен бұзылып қойған.

Жұртшылықтың сайлау барысындағы түрлі жағдайларға байланысты реніш білдіріп, құқығым бұзылды деген мағынада шағым айтып жатқанын Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Байділдинов те жоққа шығармайды. «Бірақ ондай келеңсіздіктердің бәрі дер кезінде шешілетін ұсақ-түйек мәселелер, яғни бұл ретте түймедейді түйедей етіп көрсетіп, байбалам салуға еш негіз жоқ» дейді Дәулет Байділдинов:

- Енді кей жерлерді бақылаушыларды дұрыс жерге отырғызбаған, кей жерлерде бақылауға келген журналистер жіберілмей қалған. Жалпы алғанда, бұл мәселелер сол мезетте шешілетін жайттар ғой.

Ал республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім Даулет Байділдинов мырза бақыламаған олқылықтарды төмендегіше тізіп шықты. «Бюллетень арқылы дауыс беруге қатысты учаскелердің 22 пайызында үгіт-насихат материалдары тұр, 43 пайызында үміткерлер туралы анықтама тақтасы жоқ, 61 пайызында бақылаушылар сайлау өткізілмей жатып ауызын бекітіп тастаған жәшіктерді анықтаған, 13 пайызында түрлі деңгейдегі бақылаушыларға өз қызметтерін жасауға кедергілер келтірілген» дейді Дос Көшім. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының шалағайлығынан Қазақстан республикасының азаматтары таңдау еркіндігінен айрылған:

- Орталық сайлау комиссиясын біз осы уақытқа дейін сынаған жоқпыз. Мен өзім біздің арамыздағы қызмет барысындағы қарым-қатынасымыз жақсы деп ойлаймын. Шынымды айтсам, осы «электронды дауыс беруді енгіземіз» деп, Зағипа жұртқа терлеп-тепшіп соны түсіндіріп жатқанын көргенде аяп кеткенмін. Ал қазір мына тірліктің бәрін көзбен көргеннен кейін менің бойымда аяушылық сезім емес, ашу-ыза сезімі басым сияқты. Өйткені, осыларлдың ойланбай істеген тірлігінің арқасында Қазақстанның көптеген азаматы таңдау еркіндігінен айрылды деп есептеймін.

Сондай-ақ Дос Көшім: «Сайлау барысында кейбір учаскелерде сайлаушылардың қосымша тізімі жасалуда. Бұл да Қазақстан республикасының «Сайлау туралы» заңының өрескел бұзылуы» деп отыр. Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің қызметкерлері Парламент мәжілісіне сайлау барысын бақылаған жұмыстарының толық қорытындысын кейінірек жария етпек.
XS
SM
MD
LG