Accessibility links

Астананың Алматыдан көшуiне қозғау салған Оралхан Бөкей болып шықты


Астанада дәстүрлi “Тiлдер фестивалi басталды. Оның аясында Махамбет Өтемiсұлы атындағы мәдениет сарайында жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң байқауы өткiзiледi. Мәдениет министрлiгiнiң тiлдердi дамыту департаментiнiң директоры Бауыржан Омарұлының айтуынша, Оралхан Бөкей Қазақстанның астанасын Алматыдан Арқаға көшiру идеясын ең алғаш көтерген екен. Жазушы Шерхан Мұртаза Оралхан Бөкей көркемсөз оқудың хас шеберi болғандығын айтады. Астанадағы Тiлдердi дамыту департаментiнiң бас маманы Гүлхан Төлепбаеваның айтуынша, бас қалада бұл байқау алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң байқауына 40 үмiткер тiркелсе, олардың 17-сi iрiктеуден өттi.

Мәдениет министрлiгiнiң тiлдердi дамыту департаментiнiң директоры Бауыржан Омарұлы: “Бұл байқауға Оралхан Бөкейдiң таңдалған себебi, елордасын Алматыдан Астанаға көшiру идеясын ең алғаш көтерген Оралхан Бөкей болатын. Ол “Қазақ әдебиетi “ газетiнде бас редактор болып тұрған кезiнде қарамағындағы журналист Дос Қапазовқа арнайы тапсырма берiп “Ақмола Қазақстанның астанасы болуға лайық” деген атпен талдау мақала жазғызды. Оның соңы тарихи жаңалыққа ұласып ел астанасы Арқаға қоныстанды,”- дейдi.

“Оралхан Бөкей атындағы көрскемсөз байқауы өте дұрыс жасалған қадам. Өйткенi, ол ән де айтатын. Көркемсөз оқығанда жандыратын. Әсiресе Беймбет Майлиннiң “Шұғаның белгiсiн” жатқа айтқанда арқаланып кететiн. Орнынан тұрып кетiп, диванның үстiне де шығып кететiн. Ғажап әуенмен оқитын”,- дейдi жазушы Шерхан Мұртаза.

Қала тұрғыны Темiрхан Сабырұлы Астанада мұндай қазақ тiлiндегi шаралардың мүлдем аз өткiзiлетiндiгiн, жалпы Қазақстанда Мемлекеттiк тiл қазақ тiлi деп заң жүзiнде айтылғанымен iс жүзiнде жүзеге асырылмай отырғандығын айтады. Астанадағы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң байқауынан бас бәйге алған үмiткер республикалық сайысқа жолдама алады. Байқаудың әдiл қазылары сапында белгiлi жазушылар, ақындар мен ғалымдар тартылып отыр.
XS
SM
MD
LG