Accessibility links

Астанада Қазақстан халықтары тілдерінің VI республикалық фестивалі ашылды


«Бүгінде қазақ тілінің халі мүшкіл. Барар жері, басар тауы қалған жоқ». Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту және құқықтық насихаттау департаментінің директоры Сұлтан Оразалинов Қазақстан халықтары тілдерінің республикалық фестивалінің ашылуында осылай деп мәлімдеді. Сұлтан Оразалинов мемлекеттік тілге шорқақ кейбір министрлік басшыларын да сынға алады. «Кейбір министрлер сөз сөйлеген кезде бетіңнің оты шығады. Мемлекетті осындай адамдар басқарып отырған кезде оның тілі қалай оңады. Ол адамдар тілімізді көгертеді деп мен айта алмаймын. Бұны ашынып айтпасқа лаж қалған жоқ. Осы мәселе шешілмей көз ашылмайды. Жүз жерден құрылымды өзгетсін, бірақ мемлекеттік тілге келгенде неге таршылық жасалады?», - дейді Сұлтан Оразалинов. Ол күн сйын айтылып жатқан мемлекеттік тілге қатысты мәселеге нүкте қоятын уақыт жетті деп есептейді. «Халықтың тілімен ойнай беруге болмайды. «Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, жиналып алып тілдің мұңын мұқтап, жоғын жоқтап, айтуын айтамыз да сонымен шаруамыз біткен сияқты түк бітірместен өте шығамыз. Біз кімді алдап жүрміз, тоқтайтын уақыт жетті ғой!», - дейді.

«Тіл туралы» Заңның жүзеге асқанына 15 жылға жуықтаса да нақты атқарылған істер саусақпен санарлық. Тілдерді дамыту департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы бүгінгі күнге дейін 5 облыстың іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп жатқандығын айтады. «Бүгінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарының мемлекеттік тілге көшуі бұл соңғы мемлекеттік бағдарламаның аясында жасалған нақты іс деп айтуымызға болады. Дегенмен де, атқарылмай жатқан, атқарылуға тиісті жұмыстар жетіп артылады», - дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Ал Астанадағы мемлекеттік тілді кешенді үйрететін «Руханият» орталығының бас директоры Өмірзақ Тоқтасыновтың айтуынша, бүгінде қазақ тілін үйренеміз деген 1 мыңға жуық адам кезек күтіп тұрса, мемлекеттік қызметкерлердің 500-і тілді үйрену үстінде. «Жалпы, орталықтың Астана қаласын толық мемлекеттік тілге көшіруге мүмкіндігі бар. Алайда, мұғалімдер мен аудитория жетіспейді, егер мемлекет тарапынан аудитория мен мұғалімдер даярлайтын мүмкіндік алатын болсақ, біз жылына 3 мың адамға дейін адамға қазақ тілін үйретіп шығуға мүмкіндігіміз бар», - дейді Өмірзақ Тоқтасынов.

Бұған дейін фестиваль аясында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің Астана қалалық байқауына қатысқан Нәзира Көпенова осындай шаралар арқылы да тіліміз бен ділімізді насихаттауға мүмкіншілік бар деп есептейді.

Республикалық тілдер фестивалі қыркүйектің 29-ына дейін созылады. Оның бағдарламасында әртүрлі мәдени, танымдық шаралар өткізу жоспарланған.
XS
SM
MD
LG