Accessibility links

Қазақстанның Бас прокуратурасы ел аумағында заңсыз жұмыс iстеп келген 80 жасырын цехты әшкереледi

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қыркүйектiң 22-сiнде Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсiпбеков тұтынушылар құқығын қорғау бағытында жүргiзiлген тексерiстiң нәтижесi дабыл қақтырарлық деп мәлiмдедi. Бас прокурордың айтуынша, өткен жылы Қазақстанға сырттан 610 миллион доллардың азық-түлiгi әкелiнсе, биылғы сегiз айда 415 миллион доллардың тағамы жеткiзiлген. Оның барлығын өз дәрежесiнде қадағалауға бақылаушы орындар дәрменсiздiк танытып отыр. Тексеру кезiнде республикада заңсыз жұмыс iстеп келген 80 жасырын цех ашылды. Тұтынушыларға сапасыз өнiм сатудан көл көсiр пайда тауып отырған кәсiпорындардың 41 пайызын Оңтүстiк Қазақстан облысының кәсiпкерлерi құрайды екен.

Қазақстанның Бас эпидемиологиялық санитары Владимир Белоногтiң айтуынша, ТМД елдерi басшыларының Астанадағы Саммитi кезiнде үкiметтiк делегацияның асханасынан жұқпалы аурудың вирусы табылған көрiнедi.

Қазақстанның Бас прокуратурасының әлеуметтiк сала заңдылықтарын қадағалау бөлiмiнiң бастығы Асылбек Әбдiрайымовтың айтуынша, биыл азық-түлiктен басқа сырттан 269 миллион доллардың дәрi-дәрмегi жеткiзiлген. Оңтүстiк Қазақстан облысында ғана сертификатталмаған 137 түрлi дәрi-дәрмек анықталған. Басқарма бастығы Амантай Бәжиев болса, түрлi жолмен әкелiнген дәрiлердiң сапасы Мәскеуде ғана анықталатындығын айтады.

Бас прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаев республикалық ветеринарлық қызмет пен санитарлық эпидемиялық мамандардың өз пайдасына қызмет етiп отырғандығына тоқталды. Ол сала басшыларын:

«Сiздердiң қызметкерлерiңiз өнiмдердiң сапасын тексермей-ақ, кәсiпкерлерге сатуға анықтама қағаздарын, рұқсат құжаттарын беруде»- деп сынады.

Қазақстанның Бас санитары Владимир Белоногтiң айтуынша, сала мамандары Астанада өткiзiлген ТМД басшыларының Саммитi кезiнде олар тоқтаған қонақ үйдiң асханасынан да жекелеген инфекциялық аурулардың белгiлерiн тапқандығын жариялады. Бiрақ, инфекцияның қай түрi екенiн ашып айтқан жоқ.

Астана тұрғындарынан дәрi-дәрмектердiң сапасы туралы сұрағанымызда, негiзiнен табиғи дәрiлiк шөптер болмаса, медициналық дәрiлерге сенiмсiздiк бiлдiрдi.

Бас прокуратураның бөлiм бастығы Асылбек Әбдрайымовтың айтуынша, республиканың кәсiпкерлерi арақ-шарап, азық-түлiк қана емес түрлi сусындарды да қолдан жасап келген. «Мұндай әрекеттерге тексеру мекемелерiнiң көз жұма қарайтыны алаңдатып отыр»,- дейдi Әбдiрайымов мырза.

Ал, Оңтүстiк Қазақстан облысының Ордабасы ауданының бас мал дәрiгерi Әлжанов мырза ет өткiзушiлерге заңсыз 28 рұқсат қағазын берсе, оның 8-i бiр нөмiрге тiркелген көрiнедi. Бас прокуратураның басқарма бастығы Амантай Бәжиевтiң ойынша, мұндай көзжұмбайлықтың артында сыбайлас жемқорлық жатуы мүмкiн. »Өйткенi, тәуекелшiл әрекет тегiн жасалмайды»,-дейдi ол Астаналық тұтынушылардан азық-түлiк, дәрi дәрмектердiң сапасы жөнiнде сұрағанымызда, олар негiзiнен азық-түлiк сапасына көңiлдерi толатынын айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Ветеринарлық қызметiнiң мәлiметiне қарағанда, биылғы жылдың алты айында 66 тонна ет және ет өнiмдерi, алты жарым тонна сүт сапасыздығына байланысты саудадан шығарылып тасталған.
XS
SM
MD
LG