Accessibility links

Қазақстандағы қытайтанушылар екі жақты қарым-қатынаста маңыз аударатын мәселелер бар деседі

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қыркүйектің 24-25-і күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарын жасайды. Ақпарат көздері осы сапар барысында аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға жайлы жағдай жасау мәселелеріне, инвестициялық және көлік салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына ерекше назар аударылады деп хабарлауда. Ал, Қазақстандағы қытайтанушылар екі жақты қарым-қатынаста маңыз аударатын мәселелерді айтуда.

Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы Қазақстан мен Қытай арасында көрші елдер ретінде достық қарым-қатынастың орнағанына 12 жылға асты. Бірақ Қазақстанда Қытайға деген саясат немесе Қытаймен қарым-қатынас кешенді, стратегиялық бағдарламасыз, тек қана көрші болғасын тату болу керек деген тұрғыда жүріп жатқан сияқты деген пікірді айтады:

- Мысалы, күні бүгінге дейін Қытайдағы қазақ ағайындарымызды көшіріп алу мәселесі екі мемлекеттік деңгейде заңды құжат жүзінде шешілген емес. Квота бөлінеді. Көші-қонның өзі жабайы түрде жүріп жатыр.

Ал, Алматыдағы ұлттық кітапхананың директоры, қытайтанушы Мұрат Әуезовті Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың келешегі жайында сөзге тарқанымызда, ол алдымен Пекинде сапарда болғанын,онда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының бірінші рет толығымен қытай тіліне аударылып, тұсау кесері өткенін хабарлады.

Мұрат Әуезов жарты жыл бұрын Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қытайдың мәдени орталығы ашылғанын оған Қазақстандағы Қытай елшілігі белсенділік көрсеткенін айтады.

Әуезов Қытайды білуіміз керек. Өйткені, Қытай саясатының астары бар. Соны сезіну үшін Қытай туралы хабардар болуымыз керек деген пікірде. Сондай-ақ ол Қазақ мәдени орталығы Пекинде болсын деген ұсыныс жасағанын және оған қолдау барын айтады. Ол жайында келесі айдың екінші жартысында Қытайдың ұлттық кітапханасының басшыларымен кездесіп талқылаймыз, дегенді айтып өтті.

Алайда, Мұрат Әуезов көңіл бөлетін басқа мәселелердің де барын айтты.

-Қазір Қытай жылы жүзімен, жақсы күлкісімен көңілімізді аулап жатыр. Оған қарсы болудың қажеті жоқ. Бірақ Қытай мысалы, Батыс Қазақстанда мұнай шығатын жерлердің көбісін сатып алғанын естен шығармауымыз керек. Сондай-ақ Ақтөбеден мұнай өтетін құбыр, оған қол қойылған. Бірақ мұнда шешілмеген көптеген мәселе бар. Қоғам, мемлекет ретінде ол жақтарын ұмытпауымыз керек.

Президентіміз Шыңжаңға бара жатыр. Қазақстан мен Қытайдың арасында шешілмеген біраз мәселелерді еске салар едім. Шекара мәселесі, қол қойылды. Бәрі шешілді. Бірақ болды, кетті деуге болмайды. Одан тәжірибе алуымыз керек. Қытайдан келе жатқан су мәселесі, оған мұқият қарауымыз керек. Жер мәселесін басқаша шешуге болар еді. Өкінішке орай, сыртқы саясатымыздың деңгейі биікте болған жоқ. Сыртқы саясатта осал жеріміз болмау керек, деді Мұрат Әуезов.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижанов Қазақстан-Қытай арасында қарым-қатынасы бұрыннан бар, тәуелсіз Қазақстанның жаңа саясатында ол жалғасын таппақ. Оның үстіне деректерге қарағанда Қытайда 1,5 миллионға жуық қандастарымыз тұрады, дейді.

Қытай Қазақстанда қандай ірі жобаларды атқаруда? Бұл мәселеде Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Гүлсім Жалялитденова «СНПС» Қытай ұлттық компаниясы «Ақтөбе мұнай-газ» акциясының 60 пайызына ие екенін және тағы бір үлкен жоба «Атасу-Алашонку» мұнай құбыры құрылысы екенін атады.

Қазақстан Президенті осы жылды мамырында Қытайға сапарында бұл мұнай құбыры құрлысын салу туралы Қытай компаниясы және «Қазмұнай-газ» ұлттық компаниясы арасында келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта техникалық экономикалық негіздері жасалуда. 2005 жылы бұл мұнай құбыры іске қосылады деп жоспарлануда, деді Гүлсім Жалялитденова.
XS
SM
MD
LG