Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09-23-2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

19 қыркүйек күні өткен мәжіліс сайлауы мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарының баса назар аударған негізгі тақырыбына айналыпты. Ресми және оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар 19 қыркүйек күні өткен сайлауға түрлі баға беріп отыр.

Оппозициялық бағытты ұстанатын “Сөз” басылымы, бейсенбілік санында Еуропа мен Америка Құрама Штаты Қазақстандағы сайлауды мойындаған жоқ деген көлемді мақала жариялапты. “Сөз” газетінің хабарлауынша, Еуропадағы Ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымы және Еуропа кеңесі 19 қыркүйекте өткен Парламент сайлауы көптеген параметрі бойынша, халықаралық талаптарға сәйкес өтпеген деген қорытынды жасаған. Мақала соңында Америка Құрама Штаты үкіметінің мәлімдемесі жарық көріпті. Аталмыш мәлімдемеде де сайлаудың халықаралық талаптарға жауап бермейтіндігі айтылыпты. Сондай-ақ Америка Құрама Штаты үкіметі өз мәлімдемесінде, “Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының, Қазақстандағы төменгі палатаға сайлаудың халықаралық стандарттарға сәйкес өтпеді” деген қорытындысымен келісетіндігін хабарлапты.

“Ақ жол” демократиялық партиясы да сайлау қорытындысының нәтижесіне риза еместіктерін білдіріп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мәлемдеме жасады. Бұл мәлімдеме “Сөз”, “Жас алаш” және “Время” газетінің бейсенбі күнгі санында жарық көрді. “Ақжолдықтар” қазіргі кезде болып жатқан жаппай бұрмалаушылық азаматтардың өздерінің мемлекетіне деген сенімін біржола жоғалтатындығын айта келіп, Қазақстан президентінен сайлау қорытындыларын бұрмалағандарды жаппай жазалауға шақырыпты. “Олай болмаған жағдайда, барлық заң бұзушылықтар сіздің келісіміңізбен, тіпті сіздің айтуыңызбен болып отыр деп есептейміз! Әділетті билікті әділ жолмен қалыптастырудың негізгі кедергісі өзіңіз болып отырсыз. Легитимді Парламент қауіп тудыратын коррупционерлер мен олигархтарды сіздің өзіңіз бүркемелеп отырсыз деп есептейміз” делінген “Ақ жол” демократиялық партиясының Мемлекет басшысының атына жасаған мәлімдемесінде.

“Время” газеті сонымен қатар “Ақ жол” демократиялық партиясының басшыларын бақылауға алған белгісіз біреулердің қолға түскендігін хабарлапты. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, сайлау өткеннен кейін, “Ақ жол” партиясынан депутаттыққа түскен Алтынбек Сәрсенбаев, Әлихан Бәйменов, Жаннат Ертілесова және Ораз Жандосов “Достық” көшесіндегі мейрамханада тамақ ішіп отырған кезде, белгісіз екі адам оларды білдірмей бейнкамераға түсіріп жатқан жерде ұсталған. Кейіннен бұл екі азаматтың құқық қорғау орындарының адамдары екендігі анықталған.

“Московский комсомолец в Казахстане” басылымының бейсенбілік саны да сайлау тақырыбына арналыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сайлау учаскесіне келген көптеген адамдар дауыс бере алмаған. “Московский комсомолец в Казахстане” газетінің хабарлауынша, Америка Құрама Штатының үкіметі мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы бұл сайлау халықаралық талаптарға сәйкес келмейді деп мәлімдеп отыр.

“Ана тілі” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген Дағжан Белдеубайұлының мақаласында, сайлау күні заңсыздықтардың кеңінен орын алғандығы тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, сайлау күні көптеген сайлаушылардың аттары тізімнен табылмаған, бір қолға бірнеше бюллетен берілген, сенімді өкілдер ғимаратқа енгізілмеген, тіпті электронды дауыс беруге мәжбүрлеген жағдайлар орын алған.

“Түркістан” газетінің хабарлауынша, жиырма екі сайлау учаскесінде қайтадан сайлау өтеді. Газет тілшісі Гүлбиғаш Омарованың айтуынша, қырық сайлау учаскелері жеңімпаздарының тізімін жариялап та жіберген. Бес сайлау учаскелері бойынша нақтыланған мәлімет жоқ.

“Мегаполис” апталығының бейсенбілік санында жарық көрген мақалалардың басым көпшілігі да сайлау тақырыбына арналыпты. Газеттің бірінші және үшінші төртінші бетінде жарық көрген көлемді мақалада, бұл сайлаудың ең үлкен кемшілігі ретінде сайлаушылар дауысының дұрыс есепке алынбағандығы атап өтіліпті. Сондай-ақ “Мегаполис” газетінде әр түрлі партиялардың өкілдері өткен сайлауға байланысты көзқарастарын білдірген. “АИСТ” саяси блогының жетекшісі Азат Перуашов осы жылғы сайлау науқанының ашық әрі бәсекелестік жағдайда өткендігіне тоқталыпты. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов болса, өткен сайлау билік үшін мемлекеттілік, тәуелсіздік деген құндылықтардың жоқ екендігін дәлелдеп берді” деген сөз айтыпты. Әлихан Бәйменовтың айтуынша, билік халықты өз еліне деген сенімінен айырып отыр.

Сондай-ақ “Мегаполис” газетінде “Оппозиция неге жеңіліп қалды?” деген мақала жарық көріпті. Мақала авторы Андрей Матвеевтың пікірінше оппозицияның жеңіліске ұшырауына – олардың өздері кінәлі. Андрей Матвеев оппозиция өкілдері халықтың басым көпшілігін өз жағына тарта алмады деп есептейді.

“Сөз” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген мақаласында журналист Шәріп Құрақбаев билік сайлау басталмай жатып ақ оппозициялық партиялар жеті проценттік кедергіден өтпеу үшін барлық-айла амалды іске қосқан болатын дегінді айтыпты. Шәріп Құрақбаев партиялық тізімге бөлінген он орынды билік өз қалауынша алдын-ала бөліп қойып, енді тек соны жариялай салды деп есептейді.
XS
SM
MD
LG