Accessibility links

Астана әкімшілігінің Мәскеудегі бұрынғы өкілі атып өлтірілді

  • Айнагүл САҒДИ

Қыркүйектің 22-сі күні Мәскеу уақыты бойынша кешкі 8-дердің шамасында Қазақстан елшілігінің қызметкері Ибрагим Жұмалиев деген азаматтың атып өлтірілгендігі туралы Риа «Новости» агенттігі хабар таратқан болатын. Бұл туралы агенттік қызметкеріне Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасы мәлімдеген.

Басқарма мәліметіне қарағанда, қайтыс болған азаматтың қызмет орны жанындағы құжаттарынан анықталған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесшісі Ерлан Байжанов Ибрагим Жұмалиевтің елшілік жанында Астана әкімшілігінің Мәскеудегі өкілі ретінде тіркеуде болғандығын, алайда қазіргі уақытта елшілікте жұмыс істемейтіндігін айтты. «Қазіргі кезде қай жерде жұмыс істегені анықталып жатыр. Бұған дейін Атыраудағы балық шаруашылығы басқармасының бастығы болған, Астана әкімшілігінің Мәскеудегі өкілі қызметтерін атқарған. Бірақ бізде бірнеше айдан бері жұмыс істемейді», - дейді.

Астана қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметкері Айжан Жұмабаеваның айтуынша, Ибрагим Жұмалив Астана әкімшілігінің Мәскеудегі өкілі қызметін төрт айдай ғана атқарған. «Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген Жұмалиев Ибригим Шыңғысұлы, жоғарғы білімі бар. Биылғы жылдың 14 қаңтарында Астана қаласы әкімінің кеңесшісі және Мәскеудегі өкілі ретінде арнайы тексерістен өткенге дейін еңбек келісім шартымен уақытша жұмысқа алынған болатын. Ол үстіміздегі жылдың 14-ші сәуірінде өз өтініші бойынша аталмыш лауазымнан босатылған. Қазіргі уақытта қандай жұмыс атқарғандығын мен білмеймін, Астана қаласы әкімдігіндегі жұмысы 14-ші сәуірде тоқтатылған», - дейді Айжан Жұмабаева.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай аталған министрліктің сөз болып отырған уақиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасағанын жеткізді. «Ибригим Жұмалиев деген Қазақстан азаматы Мәскеуде атып өлтірілген. Оған қарсы бірнеше жерден оқ атылған. Кейбір Мәскеу ақпарат құралдарының хабарлағанындай, қаза тапқан азамат Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде лауазымды қызмет атқарды немесе кей ақпарат құралдары таратқан Қазақстан Республикасы Президентінің өкілетті өкілі болған деген хабар жоққа шығарылады. Өйткені Қазақстан сыртқы істер министрілгі қаза болған Жұмалиевтің Қазақстанның мемлекеттік органдарының штатында тұрмағандығын хабарлайды. Таяу уақыттарға шейін Астана қаласы әкімдігінің Мәскеудегі өкілі болып елшілік жанында тіркеуде тұрған. Соңғы уақытта ондай лауазым атқармаған», - дейді Мұхтар Кәрібай.

1952 жылы туған Ибрагим Жұмалиев Мәскеу уақыты бойынша кешкі сағат 8-дер шамасында белгісіз біреулер өзі тұратын үйдің алдында атып өлтірген. Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасының мәліметіне қарағанда, оған 5 рет атылған оқтың екеуі тиген. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде осы оқиғаның анық–қанығын анықтау үшін аталған басқармаға Қазақстан елшілігінің сұрау жолдағандығы айтылады.
XS
SM
MD
LG