Accessibility links

1991 және 2004 жыл аралығында Қазақстанға квотамен 400 мың оралман келген


Қазақстанға биылғы жылы 10 мың оралман отбасы квотамен келеді.

Көші-қон және демография агенттігінің баспасөз хатшысы Меңбике Текебаеваның айтуынша,1991 және 2004 жыл аралығында Қазақстанға квотамен 400 мың оралман келіпті.

Көші-қон және демография агенттігінің хабарлауынша, оралмандар негізінен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына қоныстанғанды қалайды екен. Дегенмен оралмандар Қазақстанның солтүстік аймақтарына да ат басын тіреуде. Мәселен, Қостанай облысы Манғолиядан келген 45 оралман отбасын қабылдады. Ол жайында Қостанай облыстық көші-қон және демография басқармасының бастығы Ақшал Қаражанов хабарлады. Оның айтуынша, оралмандар он ауданға орналастырылуда және оларға бір мезгілдік көмек қаржы берілген.

Қостанай облыстық көші-қон және демография басқармасының бастығы Ақшал Қаражановтың айтуынша, биылғы жылы бұл облысқа 700 оралман отбасына квота бөлінген. Оның ішінде 90 отбасы Манғолиядан, олардың 40-тан аса отбасы өз бетімен келіп орналасқан. Қалғандары Агенттіктің шешімімен тікұшақпен әкелінді, дейді.

Көші-қон және демография агенттігінің баспасөз хатшысы Меңбике Текебаева биылғы жылы квотамен келетін әр оралманға баспана орнына 91 мың 900 теңге жеке есеп шотына құйылады. Олар баспананы өздері алады. Әрине, бұл ақша аздық етеді. Бұрын баспана беріліп келген болатын, дейді.

Өткен жылы квотамен Манғолиядан келген оралман көп балалы ана Арит Шамақ Астанадан үш бөлмелі пәтерге ие болғанын, алайда, биылғы жылы әр оралманға баспана үшін бөлінетін қаржы баспана алуға жетпейтінін айтады.Сондай-ақ ол Манғолияда қалған ағайын-туыстары атажұртқа келуге ықыласты болып отыр, дейді.

Осыдан он екі жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға, атажұртына келген Дүкен Мәсімханұлы Қазақстандағы көші–қон және демгорафия саясаты стратегиялық мәні бар. Ол үлкен ниетпен басталған, бірақ соңы сиырқұйымшақтанып барады. Көшіп келетін квота саны өскенімен, қаржы көлемі мардымсыз, дейді.

Көші-қон саясатының барлығы шеттегі қазақтарды құтқарып алу тұрғысынан емес тәуелсіздігімізді баянды ету тұрғысынан жасалуы керек, дейді Дүкен Мәсімханұлы.

Оралмандарға республикалық бюджеттен қаржы қалай бөлінуде дегенге келсек, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Алпысбеков келесі жылы бұл салаға бөлінетін қаржының 60-70 пайызға ұлғайту көзделгенін айтады.

Қазақстанға келесі жылы 15 мың оралман отбасы квотамен келмек.
XS
SM
MD
LG