Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09-25-2004


Сенбі күні жарық көрген басылымдарда бұрын-соңды “конструктивті оппозицияда” болған “Ақ жол” демократиялық партиясының енді таза оппозициялық бағытқа көшіп, “Президентке сенімсіздік” жариялағаны туралы мақалалар жарық көріпті. Ал, сайлауда жеңіске жеткен “Отан” партиясы Парламент мәжілісіндегі орындардың кем дегенде алпыс процентін иемденетіндігін мәлімдесе, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болған Бексырға Данышпанов деген азамат “Отан” партиясының қатарынан шығатындығын айтып Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазыпты.

Сайлау өткеннен кейін, оның нәтижесіне разы болмаған “Ақ жол” демократиялық партиясының өкілдері осы кезге шейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан сайлаудың нәтижесін бұрмалаған азаматтарды жауапқа тартуға шақырып келген болатын. Енді “Ақ жол” партиясының басшылары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімсіздік білдіретіндіктерін айтып мәлімдеме жариялап отыр. Бұл мәлімдеменің толық мәтіні “Жас алаш”, “Ақ жол Қазақстан” және “Эпоха” басылымдарында жарық көрді.

“Ақ жол Қазақстан” газетінде жарық көрген “Конституциялық міндеттерін атқармағаны үшін біз Елбасыға сенбейміз” атты мақалада “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың “осы күнге шейін ақжолдықтардың президентке бірнеше рет хат жолдағандықтарын, бірақ олардың ешқайсысына да жауап болмағандықтан, “Ақ жолдың” Қазақстан президентіне саяси түрде сенімсіздік көрсететіндіктерін” мәлімдегені айтылыпты.

“Жас алаш” газетінің сенбілік санында да “Ақ жол” президентке сенімсіздік білдіреді” деген тақырыппен мақалалар топтамасы беріліпті. Газетте жарық көрген мақалада “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының “Ақ жол” партиясының сайлау қорытындыларын танымау туралы Қазақстан азаматтарының қолын жинауға кіріскендіктерін мәлімдегендігі хабарланыпты. Сонымен қатар Алтынбек Сәрсенбайұлы өз мәлімдемесінде егер қайтадан сайлау өткізілмесе, “Ақ жол” демократиялық партиясының Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімсіздік білдіру туралы бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеретіндіктерін тілге тиек етіпті.

Егер де “Ақ жол” партиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімсіздік білдіру туралы бүкілхалықтық референдум өткізуге кірісетіндіктерін мәлімдесе, “Қазақстанның демократиялық таңдауы мен Қазақстан коммунистік партиясының блогы” мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіпті. Бұл туралы “Ақ жол Қазақстан” және “Эпоха” газеттері ақпарат таратып отыр.

“Эпоха” және “Ақ жол Қазақстан” газеттерінің хабарлауынша, “Қазақстанның демократиялық таңдауы мен Қазақстан коммунистік партиясының блогының” баспасөз өкілдеріне таратқан мәлімдемесінде, “Мемлекет басшысы Конституцияның қырықыншы бабын ұдайы бұзатындықтан және сайлау әділетті өтеді деген өз уәдесін орындамағандықтан оппозициялық одақ Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етеді, Қазақстан президентіне сенімсіздік білдіру жөніндегі жалпыұлттық референдумға дайындығын бастайды” деген сөздер бар.

“Нұр Астана” басылымының соңғы санында “Отан” республикалық саяси партиясының өткен сайлаудың бірінші турының нәтижелерін қорытындылай келе, Парламент Мәжілісіндегі орындардың кем дегенде алпыс процентін иеленетіндігін мәлімдегендігі туралы ақпарат жарық көріпті. “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияевтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының партияның алдын-ала мәліметтері сайлаудың бірінші турында айқын жеңіске жеткендіктерін көрсетіп берген.

Ал, “Жас алаш” басылымының сенбілік санында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидат Бексырға Данышпанов деген азаматтың “Отан” партиясының қатарынан шығатындығын айтып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған ашық хаты жарық көріпті. Мемлекет басшысының атына жолдаған ашық хатында Бексырға Данышпанов сайлау барысында “Отан” саяси партиясы тарапынан өзіне ешқандай да қамқорлық болмағанын, қайта қарсылықтардың көп болғандығын тілге тиек етіпті. Бексырға Данышпановтың айтуына қарағанда, “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев оның Түрген ауылында өтетін кездесуіне қарсы әрекет жасаған. “Өзім өткізген кездесулерде “Отан” саяси партиясына халықтың сенімінің аз екендігін көп естідім. Елдегі бар қиыншылықтың, әділетсіздіктің, жемқорлықтың себебін халық осы партиядан көреді. Соны естігінде осындай партияның қатарында болғаныма намыстандым, халыққа айтар сөзім берер жауабым болмады. Сондықтан да “Отан” партиясының қатарынан шығу туралы шешім қабылдадым” дейді Бексырға Данышпанов “Жас алаш” газеті арқылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған ашық хатында.

Сондай-ақ “Асар” партиясын құрған Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева да сайлау аяқталғаннан кейін, кейбір басылымдардың сынына ұшырапты. “Қазақ елі” басылымының соңғы санында жарық көрген Дариғаның үш қателегі атты мақалада Қазақстан президентінінің үлкен қызының кейбір сөздері сынға алыныпты. Мақала авторы Қалбай Әділ Дариға Назарбаеваның “Алматы” қаласын Алма-Ата деп атайық деген ұсынысының ретсіз және Алматы қаласына жүз елу жыл толды деген сөздерінің шындыққа үйлеспейтіндігін тілге тиек етіпті.

Ал, “Асар” партиясының басшысы Дариға Нұрсұлтанқызының “Караван” апталығының соңғы санында сайлаушыларға арналған үндеуі жарық көріпті. Өз үндеуінде Дариға Нұрсұлтанқызы тоғыз айдың ішінде ғана “Асар” партиясының көптеген жұмыстарды атқарғандығына тоқталып өтіпті.

Азаттық радиосының тыңдармандары. Сенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдардың негізгі назар аударған тақырыбы осы. Келесі баспасөзге шолуымызды Азаттық радиосының тыңдармандары, сейсенбі, яғни қыркүйектің 28 күні тыңдай алады. Зейін қойып тыңдағандарыңызға, көп-көп рахмет.
XS
SM
MD
LG