Accessibility links

Грузия Ресеймен тіл табысуға ұмтылып отыр


Грузия басшылығы Ресеймен арадағы саяси текетіресті басу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шеңберінде жаңа бастамаларын жариялады. Грузия президенті Михаил Саакашвили Ресеймен достық қатынасты қайта қалпына келтіру - өтпелі кезең үстіндегі Грузия үшін негізгі мақсат деді. Бұл жерде, әрине, мемлекеттік мәртебелері белгіленбеген Абхазия мен Оңтүстік Осетияның мәселелері және шекара қауіпсіздігі көзделіп отыр. "Азаттық" радиосына сұхбат берген Грузия сыртқы істер министрі Саломе Зурабишвили Ресеймен ортақ мүдделер бойынша тіл табысуға ұмтылып отырмыз дейді.

Грузия басшылығы бұрын Ресейді қатты сынап, Абхазия және Оңтүстік Осетия сепаратистерін Мәскеу қолдайды деп айтатын. Грузия мен Ресей арасындағы екі текетірес бойынша ресми Тбилиси түптің түбінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысын шығартуға түрткі бола алатын қадам жасады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алғашқы аптасында сөйлеген Михаил Саакашвили Ресеймен бірігіп террорға қарсы орталық құрсақ, біріккен шекара күзетін ұлғайтсақ деп айтты. Дегенмен, Саакашвили алдымен Грузия жерінде әлі де болса қалып отырған Ресейдің екі әскери базасын жабуға шақырды. Иә, Грузияның бұл ойлары қалың жұртқа таңсық емес, бірақ бұл жоспар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының жылсайынғы сессиясы сияқты әлемнің ең жоғары мәртебелі жиынына шығарылуымен ерекше, дейді Грузия сыртқы істер министрі Саломе Зурабишвили.

Грузия басшылығы Ресеймен шынайы серіктес болайық, бұрынғы қатынаста біріміз алда, біріміз артта едік, енді керісінше нақты мәселелерді бірігіп шешейік дейді. Нақты мәселенің бірі терроризм болса – мәселені әскери серіктестік арқылы шешейік, дейді Грузия сыртқы істер министрі Саломе Зурабишвили. Шекараларымызды кесіп өтіп жүрген террористер болса – білгенімізді айтып отырайық, алдын ала соққы беру деген әңгіменің қажеті жоқ, дейді Саломе Зурабишвили Бас Ассамблея жиыны кезінде "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Саломе Зурабишвили бұл жерде, әрине, Ресей басшылығының террористердің шетелдерде бекінген кез-келген жеріне алдын-ала соққы беруге қықымыз бар дегенін тұспалдайды. Ресми Мәскеу Беслан дағдарысының соң осылай мәлімдеген. Көптеген талдаушы ресми Мәскеу Грузияның Панкиси шатқалында шешен соғысушылары пана тапқан деп, Ресей соны меңзеп отыр деп айтады. Саломе Зурабишвили радиомызға берген сұхбатында Панкиси шатқалынан кез-келген террористің көзі құрыған деп ресми Тбилисидің сөзін тағы қайталады. Біз шекарамызда тұтастай бақылау орнатуға мүдделіміз, себебі тұрақсыздық реформашыл үкіметіміздің экономикалық дамуға бағытталған ұмтылысына нұқсан, дейді Грузия сыртқы істер министрі.

Грузия басшылығы Мәскеуді сепартизм мәселесінің шешілмеуін қауіпсіздікке жол ашпайтын дағдарыс ретінде қабылдауға шақырады. Оңтүстік Осетияны Ресей Федерациясымен жалғайтын Роки тоннелін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым бақыласын делінеді, Абхазия және Ресей шекараларындағы жағдайды Біріккен Ұлттар Ұйымының бақылаушылары бақыласын делінеді. Кавказда тау жолдарын бақылау – ол биліктің бір нышаны. Ресейді Грузиямен жалғайтын негізгі үш үлкен жол болса, ең маңыздысы – Ресей Федерациясының құрамындағы Солтүстік Осетияның Алагир қаласын Оңтүстік Осетияның астанасы Цхинвалимен жалғайтын жол. Роки тоннелі – осы жолдың бойында 3800 метрге созылған үңгір жол. Саакашвилидің жоспары бойынша Абхазияға және Оңтүстік Осетияға "ең толық және ең кең автономия" берілмек. Абхазия және Оңтүстік Осетия басшылары болса "автономия дәрежесін кеңейту" деген Саакашвилидің ұсынысын қабылдамаған, іс жүзінде тәуелсіз елдерміз дейді олар.

Пікірталас мәселелерді шешу ұсыныстары халықаралық деңгейге шығарылғанда Ресей мұны әдетте өзіне сенімсіздік көрсетілгендей қабылдайды, бірақ Абхазия және Оңтүстік Осетия мәселелерінде ұзақ мерзімді шешім табылса халықаралық көмекке де қол жеткізуге болады, деп сипаттайды Грузия сыртқы істер министрі:

- Бөлініп, сепаратист болғысы келген бұл аймақтардың азаматтарына халықаралық кепілдемелер қажет болады, қайта өрлеу үшін оларға халықаралық экономикалық көмек қажет болады. Халықаралық келісім орталық үкімет ретінде жалғыз бізге қажет емес, ол тұрақты, мызғымас шешім табу үшін қажет.

Грузия мен Ресей арасындағы жаңа пікіралысу қыркүйек айының басында Астанада басталды. Михаил Саакашкили және Владимир Путин Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Астана саммитінде сөйлесті, сосын телефонмен сұхбаттасты. Грузия сыртқы істер министрі бұл шынайы көңілден шығып отырған келіссөздің басы болғай деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG