Accessibility links

Түрік елін қатарына қабылдауға Еуропа одағы әзір ме?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Түркия Еуропа одағына мүшелікке әзір, ал Еуропа өз қатарына Түрік елін қабылдауға әзір ме? Осы сауалға жауап беруге дайын болу мақсатында Түрік Парламенті жексенбі күні қылмыстық кодекстен ерлі-зайыптылардың өзара адал болмауын қылмыс ретінде қарастыратын бабын алып тастауға дауыс берген болатын. Осы шешімнен кейін ғана Еуропа комиссиясы қазанның 6-сын да жарыққа шығатын баяндамасында Түрік елін Еуропа одағына мүшелікке ұсынбақшы. Бұл жөнінде пікір таластар да қыза түскен.

Түркия елбасы Ахмет Неждет Сезердің бүгінгі таңда қол қойған реформалары өз күшіне 1-көкектен кейін ғана енетін болады. Ал, Еуропа комиссиясы егер Түркия елдегі қылмыстық кодексті қайта қарап, халықаралық талапқа сәйкестендірмеген жағдайда Еуропа одағына мүшелікке ұсынылмайтындығын айқын түрде ескерткен болатын. Қылмыстық кодекстен ерлі-зайыптылардың өзара адал болмауы қылмыс ретінде қаралатын ережесі алынып тасталғанын өкімет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның Адалет ве Калкынма партиясы қызу қуаттауда.

1996-шы жылғы осы жөніндегі шешімнің алынып тасталатындығы туралы Ердоған мырза Еуропа одағы ресми өкілдеріне уәде бергеннен кейін ғана, жексенбі күні Парламент жоғарыдағы шешімге келген еді. Бұл қылмыстық кодекс баптары 1920-шы жылғы фашистік Италияның құжатынан көшіріліп алынған болатын, дейді Еуропа комиссиясы. Жаңа заңды Түрік басшысы “отбасындағы құндылықтарды және әйел хұқын күшейте түседі”, деп қорғады. Жексенбі күні қабылданған жаңа заң бабына байланысты Еуропа одағындағы мүше елдер арасында да айтыс қыза түскен. Түркияның одаққа мүшелікке қабылдануына қарсылық білдірушілер ол үшін әртүрлі себептерді алға тартып отыр. Олардың біразы үшін 68 миллион халқы бар және негізінен мұсылман елі боп есептелетін Түрік елінің Еуропа одағына өтуі қолайсыз көрінуде.

“Ислам елін бекзаттық әлеміне қосу мүмкін бе,” деп таңданушылар да жоқ емес. Ал, Түркияның ел ретіндегі діни сипаты Еуропа одағына өтудегі негізгі бөгесін, деп есептеушілер саны қазірде көп болмауда. Мысалы, Дания тұрғындарының бұл мүшелікке қарсы болушыларының 19 пайызы ғана өз көзқарастарын осы діни бағытпен байланыстырған екен. Мұндағы басты назардағы сауал аталған елдегі адам хұқықтарының сақталу жайы болып отыр.

Францияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Хуберт Ведрин “Еуропа-1” радиосына берген сұхбатында былай деген болатын: “Түркияның мұсылман елі екендігі оның мүшелікке қабылдануына кедергі бола алмайды. Қайта мұның өзі Еуропаның тек християн елдерінің клубы ғана еместігін көрсететін мүмкіндік болмақшы. Албания економикалық жағынан Еуропа одағына мүшелікке өтуге әзір болған кезде, мұндай сауал тіпті туындамайтын да болады. Сондықтан Түркияның Мұсылмандық сипаты үлкен мәселе емес”, деді Ведрин мырза.

Ал, аталған елдің мүшелікке шақырылуына қарсы болушылар Түркия солтүстік Кипрді басып алды және Күрд аймағындағы адам хұқықтарын өрескел бұзуда, сондай-ақ 20-шы ғасырда бірнеше жүздеген мың армяндарды қырғандығын “геноцидтік” әрекет ретінде мойындай отыр, деп айыптауда. Францияның Қаржы министрі Николас Сакози және Сыртқы істер министрі Мишел Барниер осы аптада Түркияның мүшелікке қабылдануына байланысты жалпы ұлттық референдумның өткізілуіне қарсылықтарын білдірді.
XS
SM
MD
LG