Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09 - 29 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдарда қайтадан сайлау тақырыбы сөз болыпты. Ресми басылымдарда президентшіл “Отан” партиясының әкімшілік ресурстарды пайдаланбағандығын айтып мәлімдеме жасағандығы, ал оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарда жергілікті жерлердегі үкімет адамдарының “Отан” партиясына дауыс бергізу үшін заң бұзушылық әрекеттерге барғандығы айтылыпты.

“Литер”, “Экспресс К”, “Айқын” басылымдарында “Отан” саяси партиясының өкілдерінің “бұл партия Парламент мәжілісіне сайлау кезінде әкімшілік ресурстың көмегімен жеңді” деген қарсыластарының пікірін теріске шығарып мәлімдеме жасағандығы хабарланыпты. “Литер” басылымының хабарлауынша, “Отан” партиясының өкілдері Қазақстандағы оппозициялық партияларды елдегі саяси жағдайды ұшықтырмауға және халықаралық деңгейдегі мемлекеттің беделін түсірмеуге шақырған. “Отан” партиясы басшыларының айтуынша, бірінші турдың қорытындысы бойынша, “отандықтар” отыз сегіз депутаттық мандатты иеленген. Партия мүшелері “Отан” партиясының Қазақстан Республикасының президентінің бағытын қолдауы халықтың басым көпшілігінің дауысын иеленуге мұрындық болғандығын айтып отыр.

Осы тақырыпты жалғастырған “Экспресс К” газетінің хабарлауынша, “Отан” партиясы депутаттық фракциясының құрамын елу үш мүшеге шейін көбейтуді жоспарлап отыр.

“Айқын” газетінің сейсенбілік санында «Отан” партиясының он алты филиалы, екі жүз төрт аймақтық ұйымы мен сегіз мыңнан астам бастауыш ұйымы бар екендігі хабарланыпты. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттығына сайлауға “Отан” партиясынан түскен бір мандатты округтерден сайлаудың бірінші турында жеңіске жеткен Серік Әбдірахманов осы сайлауда әкімшілік ресурстың пайдаланылмағанын мәлімдеп отыр. “Бұрынғы өткен сайлаулардың кезінде билікпен үш рет күресіп көргем. Және мен әкімшілік ресурс дегеннің не екенін жақсы білемін. Шантаж жасалса да, ол “Отанға” қарсы жасалды. Оппозицияның мықты болғанын жақтаймын. Күшті қарсыласпен бәсекеге түсу қызықты. Оппозициядағылар кезінде портфельінен айырылып қалғандар. Олар айқайға басып, қайықты шайқап отыр. Бұл қауіпті. Олар өздерінің дұрыстығын ашық күреспен дәлелдей алмады, сондықтан әртүрлі жолдармен күйе жаққысы келеді» деп Серік Әбдірахмановтың мәлімдегенін хабарлапты “Айқын” газеті.

Сондай-ақ “Айқын” газетінің сәрсенбілік санында тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің президенті Дос Көшіммен жүргізілген сұхбат жарық көріпті. “Айқын” газетіне берген сұхбатында Дос Көшім сайлау кезінде болған заңсыздықтардың басым көпшілігінің сайлаукомдардың жіберген қателіктерінен туындап отырғандығын мәлімдепті. Дос Көшімнің айтуынша, партияларға бұқаралық ақпарат құралдары үгіт-насихатын жүргізуге тең мүмкіндік туғызбаған. Билік партиялары теледидардағы мүмкіндікті көп пайдаланған.

Ал, “Азат” газетінің сәрсенбі күні жарық көрген санындағы Ақжол Арғынбайдың мақаласында, “Парламент Мәжілісінің сайлауының өте әділетсіз өткендгі” баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, әкімшілік “Отан” партиясы үшін жұмыс істеп, Заңдылықты барынша бұзып тізеге салған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Отан” партиясының үгітшілері алдын-ала әр үйге кіріп, “сен қай партияға дауыс бересің, қай партияны қолдайсың” деп сайлаушылардың есін шығарған. Жергілікті жерлердегі үкімет адамдары оппозициялық бағыттағы партия өкілдеріне дауыс береміз дегендерді сайлау тізіміне мүлде кіргізбей қойған. Газет тілшісінің деректеріне жүгінетін болсақ, “Отандықтар” сайлау төңірегіндегі кейбір үйлерді жалға алып, ол үйге арақ әкеліп, дауыс беруге бара жатқандарды сонда шақырып, арақ беріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Сондай-ақ мақала авторы сайлау кезінде аудандық, ауылдық әкімдердің әрбір мұғалімге өзіңмен бірге он адамға “Отанға” дауыс бергізесің, әйтпесе жұмыстан қуыласың” деген сыңайдағы қоқан-лоққылықтың көрсетілгендігі туралы деректерді де мысалға келтіріпті.

“Егер де “Азат” газеті сайлау кезінде түрлі заң бұзушылықтардың орын алғандығын хабарласа, “Заң” және “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында сот жүйесінде маңызды қадамның жасалғандығын хабарланыпты. Атап айтқанда екі басылым да қыркүйектің жиырма жетісі мен жиырма сегізінші күндері Астанада Қазақстан Республикасында сот өндірісіне алқабилерді қатыстыруды енгізу мәселесіне арналған дөңгелек үстелдің өткендігіне назар аударыпты.

“Заң” газетінің хабарлауынша, жиынды Қазақстан Республикасының жоғарғы соты, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро, Еуропадағы Ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының Алматыдағы орталығы ұйымдастырған. Мақала авторының айтуынша, дөңгелек үстел барысында, алқабилер туралы заң жобасы талқыланған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми алқабилер институтын енгізу Қазақстанның таяу болашақтағы құқықтық саясатының бірден-бір басым бағыты болып табылатындығын айтып өткен.

Бұл тақырыпты жалғастырған “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтың сот процесіне халық өкілдерін тарту тәжірибесінің әлемнің көптеген елдерінде бар екендігін айтқандығы тілге тиек етіпті. Ал, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов алқабилер институтын енгізудің қазіргі заман талабына сай келетіндігіне тоқтала келе, бұл мәселенің қазірдің өзінде нақты шешімін таба бастағандығын атап өтіпті.

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі мемлекеттік құқық басқармасы бастығының орынбасары Мұхамеджан Пақірдіновтың пікірінше алқабилер институтын енгізу қылмыстық істі қарағанда әділдіктің бұрмалануына жол бермейді, судьяларды қателіктен сақтандырады. Мақала авторының айтуынша, екі күндік жиын соңында сегіз тармақтан тұратын резолюция қабылданған.
XS
SM
MD
LG