Accessibility links

Қазақстан Үкiметi басқару жүйесiн бюрократтықтан аршу мақсатында қайта құрылымдауды бастады


Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Премьер министр Даниал Ахметовке он күн мерзiм iшiнде мемлекеттiк басқару жүйесiн қайта құрылымдаудың құжаттамалық негiздемесiн жасауға тапсырма бердi. Бұл мәселе құрылымдық өзгерiстер жүргiзiлетiн тиiстi министрлiктегi мамандар ғана емес жалпы жұртшылық арасында да қоғамдық пiкiр туғызып отыр. Сарапшылардың айтуынша, араға көп уақыт салмай министрлiктердiң тарауы, қосылуы мемлекеттiк қызметке барғысы келетiн жандардың тұрақты қызмет iстеп қала алатындығына сенiмдерiн жояды.

Таратуға жатпайтын әрi оның басшысы Үкiмет мүшесi болып қала беретiн Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Бақыт Оспановтың айтуынша, бұл шара жоғары маманданған кәсiби Үкiмет құрудың алғы шарты болып табылады.

Болашақта үкiметтiк құрылымдар бiр-бiрiнiң мiндеттерiн қайталамайтын, бiр-бiрiне кедергi келтiрмейтiн дәрежеге дейiн ықшамдалатын болады.

Қазақстанның Мемлекеттiк қызмет агенттiгiнiң баспасөз бөлiмi басқару құрылымындағы өзгерiстерге бұл мекеменiң қатыса алмай отырғандығын айтса, Еңбек министрлiгiнiң Бас еңбек инспекторы Серiк Бисақаев бұл шараны үкiмет “жабық жағдайда” қарап жатқан болар деген пiкiр бiлдiрдi.

“Министрлiктердi жыл сайын бiр-бiрiне қосып айырудан пайда шамалы болып отыр. Өйткенi, Қазақстанның басқару жүйесiн командалық әдiс деген - тума-туыстық, ағайынгершiлiк жайлап алды. Мамандарды бiлiктiлiгiне қарай емес басшыларға туыстығына қарай бағалау жаппай етек алып отыр”,-дейдi, саясатшы Балташ Тұрсынбаев.

“Жылма-жыл өзгерiстерге ұшырату жалпы мемлекеттiк құрылымға тиiмсiз. Өйткенi, министрден бастап мамандардың барлығы да моральдiк жағынан өз iсiнiң нәтижесiне сенiмсiздiк келтiре бастайды. Министрлiтер кем дегенде бес жылға дейiн орнықты жұмыс iстеуi қажет”,-дейдi қала тұрғыны Қалдарбек Сәбитұлы.

Астаналықтар бiрi мемлекеттiк аппараттың тым бюрократтыққа бой ұрып отырғандығын айтса, ендi бiрi кей агенттiктердi қайта министрлiк дәрежесiне көтеру қажеттiгiн айтады.

Қазақстанның Кәсiподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Ризахмет Молдажанов түрлi бюрократтық кедергiлерден құтылу мақсатындағы Үкiметтi бұл қадамын құптайды. Сондай-ақ оның әдiл өтетiндiгiне сенiмдi.

Сонымен Қазақстанның Премьер министрi Даниал Ахметов қазанның 10-ына дейiн жаңа министрлiктердiң құрылымдық өзгерiстерi туралы құжаттарды Президентке ұсынатын болады.
XS
SM
MD
LG