Accessibility links

Қайта сайланған Мәжіліс депутаттары «Ақ жол» партиясына қарсы мәлімдеме жасады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қыркүйектің 19-да өткен Парламент Мәжілісінің сайлауына қазіргі депутаттардың 80 пайызы қайта үміткер ретінде қатысты. Олардың 23-і Парламент депутаттары болып қайта сайланса, онға жуық депутаттар сайлаудың екінші кезеңіне ілікті.

Депутат деген мандатты енді тағы бес жыл алып жүретін депутаттар Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы бастала салысымен «Ақ жол» партиясының сайлау әділ өтпеді деп, Президентке сенімсіздік танытқан мәлімдемесіне қарсы өздерінің пікірлерін білдірді. Сайлауда жеңіп шыққан депутаттардың денінің айтуларына қарағанда, бұл жолғы сайлауда ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Халық өз ықыластарымен «Отан» партиясына дауыс беріп жатты. Мысалы сайлаудың екінші кезеңіне өткен Асқар Қабанбайдың пікірінше, бұл сайлау Президенттің беделінің жоғары екендігін көрсетті. «Сайлау кезінде сайлаушылардың президенттің «Отан» партиясын қолдағанын көзімізбен көрдік», – дейді Асқар Қабанбай.



Ал Талдықорған қаласынан депутат болып қайта сайланған Ерасыл Әбілқасымовтың сөздеріне қарағанда, «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының ешқашанда өздерінің жеке істері болған емес, олар тек даурықшылдықпен ғана айналысады деген пікірін білдірді.



«Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдірахманов болса, Парламенттегі Коммунистік партиясының серкелері оппозициялық депутаттар Серікболсын Әбділдин мен Төлен Тоқтасыновтар жеңілістерін мойындап, жақсы кету керек деген пікірін айтты. «Ұтылғаннан кейін жігіттік деңгейді де сақтау керек қой. Ұтылдыңдар, тек жамандаумен ұпай жинай алмадыңдар. Жамандауға халық көнбеді», – дейді Серік Әбдірахманов.



Серік Әбдірахмановтың бұл пікірімен Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов келіспейтіндігін білдірді. «Мен келіспеймін. Біз жеңдік. Бірақ біздің жеңісті ұрлап алды. Әбдірахмановтың сөзіне айтайын деп едім, оның сайлаудан өткен себебі «крышасы» бар. Ол президент деп», – дейді Төлен Тоқтасынов.



Ал Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев болса, өз әріптестерінің оппозициялық партияларға қарсы айтқан сөздері халықты одан сайын түңілтіп жібереді дейді.



Өздеріне қарсы айтылған сын-пікірлерге қатысты «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев төмендегі ойын жеткізді. «Қазақта сезікті бірінші секіреді деген сөз бар. Себебі сайлаудың әділетсіз өткені, «Ақ жолдың» даусының бәрін «Отанға» жазылғаны ешкімге құпия емес. Біз әлі бұл жөнінде ешқандай саяси қадамдарға барғанымыз жоқ. Бірақ «Ақ жол» партиясының наразылығын білдіретінін біле отырып, билік бірінші болып қара күйе жағуға тырысты», – дейді Алтынбек Сәрсенбаев.



Алтынбек Сәрсенбаевтың айтуынша, биліктің өздеріне жасаған әрекеттеріне қарсы күресті енді бастайды. «Ақ жол» кемені шайқай бастады деген сөздер айтыпты бүгін. «Ақ жол» кемені емес, Назарбаевтың және оның айналасындағылардың яхталарын шайқай бастады. Сондықтан да олар сасқан үйрек артымен жүзедінің кипіне салып, бірінші байбаламға көшті. Біз жауап ретінде бүткіл Қазақстан бойынша қазір қол жинап жатырмыз. Онда сайлаудың әділетсіз өткізгендігі туралы қол жинаймыз», – дейді Алтынбек Сәрсенбаев.



Өткен Парламент мәжілісі сайлауына қатысты халықтың пікірін білу үшін микрафонды Астана тұрғындарына ұсынған едік. Астана тұрғындарының көпшілігі сайлауға бармағанын, бірақ өздерінің «Ақ жол» партиясын қолдайтындықтарын білдіріп жатты.



Айта кету керек Парламент Мәжілісінің спикері, «Отан» партиясының төраға орынбасары Жармахан Тұяқбай әріптестерінің «Ақ жолға» қарсы айтылған пікірілерін жақтырмады.
XS
SM
MD
LG