Accessibility links

Қазақстанда 270 миллион тоннаға жуық улы, радиактивтік қалдық бар


Ал, бүкіл қалдықтардың көлемі 20 миллиард тоннадан асады. Бірақ көп қалдықтардың адам денсаулығына әсері аз. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Нұрлан Ысқақов мырза осылай дейді.

Бұл орайда Үкіметтің Қазақстан Парламенті қарауына тапсырған «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңға өндіріс пен тұтыну қалдықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында қалдықтарды өңдеу мәселесі қойылыпты.

Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, парламент қарауында жатқан «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңға өндіріс пен тұтыну қалдықтары бойынша өзгерістер енгізудегі мақсат-кәспорындардың қалдықтарға айыппұл төлеп қана қоймай оны өңдеу қажеттілігі. Ал, қалдықтарды өңдемейтін болса ондай мекемені жабуымыз керек, дейді Нұрлан Ысқақов.

Сенат депутаты Абылхан Машани радиактивтік қалдықтар Қазақстанның, қазақтың маңдайын біткен соры деп отыр:

- Себебі, Семей полигоны, барлық уран кеніштері Қазақстан жерінде орналасқан. Сол жерлерде көптеген қалдықтар қалды.

Абылхан Машанидің айтуынша, «Қаламақас», «Өзен», «Жетібай» кеніштерінде өндірісте жұмыс жасап жатқан адамдар жоғары радиактивтік фонда қызмет етуде:

- Өзін-өзі өлтіру кездеседі немесе жас жігіттер ұйқыға жатып оянбай қалады. Оның жүрегі тоқтап қалды ма немесе тоқтатуға себептер болды ма бұл зерттеуді талап етеді. Бірақ мұнайшылардың арасында, халықтың арасында өзіне-өзі қол салу аурулары көбейіп кетті. Осының бәрі экологияның салдары деп ойлаймын.

Ал, депутат Асқар Қожағалиевтің пікірінше, өндірілетін мұнай көлеміне қарай экологиялық жағдайда ушыға түседі:

- «Тенгизшевройл» жылына 14 миллион тонна мұнай тауып жатқанда 8 миллион тонна күкірт жиналып қалды. Мысалы, екінші зауытты бітірсе күкірт көлемі екі есе ұлғаяды. Ал, мемлекеттің бағдарламасында болашақта мұнай көлемін 100 миллион тоннаға дейін апарымыз деп отыр. Сонда Атырау облысында экология әбден бүлініп, ушығады деген сөз.

Асқар Қожағалиев Атыраудың экологиялық жағдайының бұзылуынан тұрғындар басқа аудандарға көшіп жатыр дейді.

Ал, депутат Юрий Кубайчук Қоршаған ортаны қорғау заңына өзгерістер мен толықтырулар ұсыну туралы заң жобасын бәрі дұрыс деп Ресейдің заңынан ұялмай көшіріп алғанбыз. Бірақ мұнда қателер, ескертулер бар, деп қоршаған ортаны қорғау министрлігіне сын айтып отыр.

Жекелеген депутаттар аталған заң жобасына өзгерістер енгізуді асығыстыққа теңейді. Өйткені, барлық мәселені жиынтық түрінде қарайтын экология кодексі алдағы уақытта парламент қарауына түседі деген пікірді айтады. Ал, Қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақованың айтуынша, экологиялық кодекс дайын. Ол 2005 жылы болады.

Тәуелсіз эколог мамандардың пікірінше, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі экология саласына қажетті көптеген заңдарды әлі дайындаған жоқ.
XS
SM
MD
LG